Сәбит Мұқанов Лашын әңгімесі

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Сынып және пән

5-сынып, әдебиет

Сабақтың тақырыбы

Сәбит Мұқанов: «Лашын» әңгімесі

Сабақтың мақсаты

«Лашын» әңгімесінің ой-түйінін ашу, тақырыбы мен идеясын анықтау.

Сабақтың міндеттері

  • Әңгіме мазмұнын және кейіпкерлердің ішкі сырын таныту.
  • Оқушылардың «аңшылық», «саятшылық» тақырыбына қызығушылығын ояту.
  • Жүйелі мазмұндауға дағдыландыру.

Сабақтың түрі

Ізденіс сабағы

Сабақтың типі

Жаңа ұғымды меңгерту

Оқыту әдістері

Сөз әдісі: түсіндірмелі, баяндау, талдау, деңгейлік тапсырмалар, топтастыру стратегиясы, сэнквейн әдісі.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Уақыты: 2 минут.

Оқушылардың назарын сабаққа шоғырландыру, жұмыс тәртібін нақтылау.

2) Үй тапсырмасын сұрау

М. Әуезовтің «Ақын қонақтары» әңгімесі бойынша шолу сұрақтары:

  • Әңгіме қалай басталады?
  • Кейіпкерлер кімдер?
  • Абайдың сырт келбеті қалай суреттелген?
  • Абайдың сырқатынан айығуына не себеп болды?
  • Зере мен Ұлжанның әңгімелеріндегі тәрбиелік ой қандай?
  • Құтты қонақ жырларының мәні неде?
  • Барлас берген бата. Батаның қазақ тәрбиесіндегі орны қандай?
  • Қонақтарға ризалық қалай білдіріледі?

Актуалдандыру

Бұл әңгімеде Абайдың өмірінің бір кезеңі — балалық шағы сөз болады. Мұнда М. Әуезовтің өз балалық шағы өткен орта мен әсерлер де аңғарылады: ол Абай өлеңдерінен ерте сусындап, ақын әлеміне жақын болған. Сондықтан Әуезовтің Абай туралы кең тыныспен жазуының да бір сыры осы өмірлік танымда жатыр.

Кейбір қаламгерлер өз бастан кешкен оқиғаларын, балалық шағын көркем шығармаға арқау етеді. Мұндай туындылар автобиографиялық әңгіме деп аталады. Сол шығармалардың бірі — Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романы. Бүгін біз осы романдағы «Лашын» үзіндісімен танысамыз.

Жаңа сабақ мазмұны

Сәбит Мұқанов туралы қысқаша мәлімет

  • 1900 жылы Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген.
  • Молдадан оқып, сауат ашқан.
  • Абай мен Ғ. Тоқай шығармаларын сүйсіне оқып, тәлім алған.
  • Омбы қаласында мұғалімдік білім алған.

Негізгі шығармалары

«Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз», «Балуан Шолақ», «Ботагөз» және т.б.

«Лашын» үзіндісіне кіріспе сұрақтар

  • Лашын туралы бұрыннан не білеміз?
  • Әңгіме қалай басталады?
  • Балғабайдың Ахметі кім?
  • «Атбегі», «құсбегі» дегеніміз кім?
  • Лашын келбеті қалай сипатталады?
  • Лашынды аңға қай мезгілде салады?
  • Үйрек алудың тәсілі қандай?
  • Лашынның түрлері қандай?
  • Қаз алудың тәсілі қалай беріледі?
  • Дуадақ қандай құс?
  • Құс салудың ең қызықты кезеңі қайсы?
  • Ахметтің айласы қандай?
  • Бізді таңқалдырған қуаныш неден көрінеді?

Дамыту жұмыстары

Деңгейлік тапсырмалар

1-деңгей

Әңгімеден лашын мен Ахметтің портретін тауып, көшіріп жаз.

2-деңгей

Саятшылықты қалай түсінесің? Аңшылық туралы мақал-мәтелдер жаз.

3-деңгей

«Саятшылық — өмірдің бір қызығы» тақырыбында ой-толғау жаз.

Жеке оқушылармен жұмыс

Әр құстың дыбыстауы әртүрлі. Төмендегі үлгілерді толықтырып көрейік:

Сұңқар саңқылдайды
Бүркіт шаңқылдайды
Құр, кептер құрылдайды
Жапалақ барқылдайды
Аққу сұңқылдайды
Қарлығаш шиқылдайды
Сауысқан шықылықтайды
Батпылдақ батпылдайды

Толықтыруға арналғандары

  • Қаз __________
  • Үйрек __________
  • Қарға __________
  • Шағала __________
  • Тырна __________
  • Торғай __________
  • Тауық __________
  • Көкек __________

Қосымша сұрақ

Әңгімеде қандай кәсіп туралы айтылады? «Құсбегілікке» қатысты қандай кәсіби сөздер кездеседі?

Бекіту және талдау

Кәсіби сөздердің мәнін ашу

«Құсбегілікке» қатысты сөздердің мағынасын түсіндіріңдер:

томаға дабыл дабылдату саятшылық саңғу оттау тұғыр биялай

Осы бөлімде деңгейлік тапсырмалар тексеріледі.

Теңеулерді табу

Үзіндіден теңеу сөздерді теріп жазыңдар:

Лашын денесінің бар көлемі жұдырықтай ғана, бірақ қанат, құйрығымен тұтас алғанда сүңгуір қайықтай ұп-ұзын көрінетін, маңдайы жайпақтау келген, тұмсығы жолбарыстың тырнағындай иілген, сарғылт саусақтарының басына имек біткен сұрғылт тұяқтарының ұшы егелген біздей өткір, жазған қанатының ұш жағы іп-істік боп кеткен, құйрығы сауысқандай ұзынша.

Мысал теңеулер

жұдырықтай, қайықтай, жолбарыстың тырнағындай, біздей, сауысқандай

Қорыту

Абай сөзімен түйіндеу

«Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деген ойға сүйене отырып, Абай өлеңінен 1–2 шумақ оқылады.

Қорыту қанатты сөздер арқылы жүргізіледі.

«Лашын» туралы топтастыру

Сипаттама сұрақтары

Не?
Қандай?
Қашан?
Қайда?
Не істейді?

Лашын — жыртқыш құс. Шілде айында аңға түседі.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  • Әңгімені оқу, мазмұндау.
  • Аңшылық туралы мақал-мәтелдер жазып келу.
  • Дуадақ, үйрек, қаз туралы мәлімет жинау.

Бағалау

Оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және жауаптарының жүйелілігі негізінде бағаланады.