Тамақты отырып жеген дұрыс

Ас пен дастарқанға қатысты ырым-тыйымдар

Ас — тағам. Қазақ ұғымында дастарқаннан да, дәмнен де үлкен нәрсе жоқ: «Ас — адамның арқауы», «Жаман ауруға — жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі» деген сөздер соның айғағы.

Нан туралы өсиет сөз

Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.

Бұл өлең жолдары нанды қадірлеудің, ысырап етпеудің мәнін ұқтырады: нан — дәмнің басы, онсыз өмір жоқ.

Нанға қатысты ырым-тыйымдар

  • Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Дастарқанға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нанды алып, адам баспайтын жерге қояды.
  • Таңертең нан ауыз тимей үйден шықпайды. «Асығыс болсаң да, ең құрыса нан ауыз ти» деп өсиет айтылады.
  • Нанды төңкеріп қоюға болмайды — нан қасиетті дәм, онымен ойнамайды.
  • Нанды бір қолмен сындырмайды. «Нанды бір қолмен тек кемтар адам сындырады» деген түсінік бар.
  • Нанды не асты жамандап сөз айтпайды (қатты, шала піскен, күйіп кеткен, езіліп кеткен т.б.). Нанды, асты сынау — жұт пен ашаршылықты шақырады деген жаман ырымға жатады.

Сүт, «ақ» және құтқа қатысты ұстанымдар

  • Жерге төгілген ақты (сүт, айран) баспайды. Сүт төгілген жерге тұз себеді.
  • Іркітті ашық далада піспейді — «құты қашады» деп ұғынылады.
  • Сауылған сүттің бетін ашық қалдырмайды. Ашық қалса шаң-тозаң, жәндік түсіп, сүт бұзылады.
  • Сүтті үрлеп ішпейді — майлылығы азаяды деген түсінік бар.
  • Сүттен жасалған тағамды жерге түкіру — күнә. «Ақ» — береке мен тазалықтың нышаны.
  • Сүт сауатын шелекті су басына апармайды — құты кетеді дейді.
  • «Ақтың» жуындысын адам жүретін жерге төкпейді.
  • Малдың бірінші сауымынан алынған майды асқа қоспайды. Онымен босағаны, табалдырықтың жоғарғы жағын майлайды.
  • Қымыз әкелген сабаны біржола сарқып босатпайды: түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.

Дастарқан әдебі

  • Қол жумай тамақ жемейді. Тамақ алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құюда оң жақтан бастап, әр саусақты жеке жуып шығады.
  • Дастарқан басында жасқа қарай отырады. Ас алдымен үлкен кісінің алдына қойылады.
  • Асты асықпай ішеді. Алдымен «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп нанды үзіп ауыз тиіп, содан кейін өзге тағамға көшеді.
  • Асты оң қолдың үш саусағымен алып, әркім өз алдынан жейді.
  • Ыстық асты да, шайды да үрлеп салқындатпайды — «құты кетеді» дейді.
  • Тамақты өте ыстық та, тым суық та күйінде ішпейді. Аз-аздан алып, асықпай шайнап жеген дұрыс.
  • Шынтақтап жатып, түрегеп тұрып не еңкейіп отырып тамақ жемейді. Асты отырып ішкен жөн.
  • Тамақ үстінде отырған адамды орнынан қозғау — әдепсіздік.
  • Қонаққа тамақты зорлап жегізбейді. Әркім тәбетіне қарай, өз қалауынша жегені дұрыс.
  • Тамақты, нанды қалдырмай тауысып жейді. «Жаманнан жарты аяқ ас қалар» дейді.
  • Ас ішіп болған соң бірден тұрып кетпейді. Соңында ас қайырылып, бата беріледі.
  • «Тойдым» демей, «қанағат» деген жөн.
  • Дастарқанды аттау — әдепсіздік.
  • Тамаққа қарап түшкірмейді. Ас әзірлегенде шаш түсіп кетпес үшін шашты орамалмен байлап алған дұрыс.

Дәстүрлік нанымдар мен ишаралар

Қазанжарыс

Әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі ас пісіріп, оны босанатын әйелден бұрын пісіруге жарысады. Халық түсінігінде, туатын бала да осы «жарысқа» ілесіп, дүниеге тезірек келуге талпынады деп ұғынған.

Кәрі жілік

Қыз балаға кәрі жілік ұстатпайды: ұстаса, «күйеуге шықпай, оң жақта көп отырып қалады» деген ырым бар.

Шайдағы ишара

Ішіп отырған шайға сәме (қоқым, ұсақ түйір) түссе, «қонақ келеді» деп жорамалдайды.

Қасиет пен орын

Нанды басып Құранды алуға болмайды деген тыйым айтылады. Сондай-ақ қасиетті нәрсені орынсыз жерге қоюға қатысты ескертпелер де осы ұғымнан тарайды.