Балаларды бағу
Өлмейтін сөздің иесі
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, №3 көп бейінді қазақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қасенова Гүлжан Ержанқызы ұсынған бұл материалдың өзегі — Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихын, идеялық-тақырыптық мазмұнын ашу және Абай әлемі арқылы ұлт руханиятының әлеуметтік-мәдени болмысын таныту.
Негізгі мақсат — Абай, Зере, Ұлжан бейнелері арқылы адамгершілік, парасат, гуманизм құндылықтарын тереңдетіп, оқушының шығармаға қызығушылығын арттыру, ізденіс дағдыларын дамыту.
Кіріспе ой
«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп өсиет қалдырған қазақ халқының ғұлама ойшылы, данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 171 жыл.
Абай сөзі
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына із қалдырған.
Бүгінде Абай мұрасы қазақ елінің мәртебесін көтеріп, әлемге танытып отыр. Сондықтан ұлы ақын қалдырған еңбектерді жас ұрпақтың санасына жеткізу, асыл қасиеттерін бойына сіңіру — әрқайсымыздың парызымыз.
Сахналық желі: оқушы мен періште
Қойылым құрылымы бірнеше көріністен тұрады. Әр сахнада Абай әлемінің адамгершілік өзегі, отбасы тәлімі мен ұлттық мінез айқындалады.
I көрініс: Зере, Ұлжан және Абай
Ұлжан: «Кел, Абайжан, қоңыр қозым, қымыз ал!»
Абай: «Әже, бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыда кім өткен?»
Зере: «Е, балам, сенің арғы аталарың өз заманының беделдісі, ел басқарған, нағашылары да сөзге шешен, дана адамдар болған. Адам баласы ақиқатқа жақын болса, ондай адамның қалдырған ізі де жарық болады. Халқына жақын жақсы адам үнемі жарқырап тұратын асыл тас секілді: шын асылдық қасиеті жоғалмайды».
Режиссерлік ремарка
Кідіріс. Әуен баяу ойнап тұрады.
II көрініс: «Қалашылар келеді!»
Балалардың дауысы: «Қалашылар, қалашылар келеді!»
1-әйел: «Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай. Апасына айтайықшы».
2-әйел: «Бәсе, Телғара ғой... Телғара! Әпкеме айтайыншы».
Жиналған жұрт қалашыларды күтіп тұрады. Қасында Байтас пен Жұмабай бар Абай кіріп келеді де, көзі бірден шешесіне түседі.
Абай: «Апа...»
Анасы: «Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағында әкең тұр. Сәлем бер!»
Байтас, Жұмабай, Абай үшеуі Құнанбайға барып сәлем береді: «Ассалаумағалейкум!» — «Уағалейкумассалам!»
Құнанбай: «Балам, бойың өсіп, ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай болып білімің де өсті ме?»
Абай: «Шүкірлік, әке. Біраз тұрып, ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, хазіреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым».
Режиссерлік ремарка
Шымылдық жабылады.
III көрініс: Құнанбай мен Ұлжанның әңгімесі
Ұлжан: «Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзің үшін де тілер бар тілегім — осы ғана. Мына сапарына кінә түгіл, наз айтсам, ол — білместік. Мені дардай етіп көтеріп аттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кез ішімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе — білмеймін, мырза».
Құнанбай: «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағына бейімделген сайын дүние кеңейе береді екен... Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған».
Әуен мен сөз: «Айттым сәлем, Қаламқас»
Абай сахнаға шығып, оқушылар орындауында «Айттым сәлем, Қаламқас» айтылады. Одан кейін ұлы ойшылдың қара сөздеріне кезек беріледі.
I қара сөзден үзінді
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе — әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік.
Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ... Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын... Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ... Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды... Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын...
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін; ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын. Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын я оқысын; керегі жоқ десе — өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым. Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
Абай ата, қасиетті ұлы абыз! Өзіңіз үміт артқан ұрпақтарыңыз өнегелі сөздеріңізді толғайды.
37-қара сөз: афоризмдер
1
Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2
Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтылса, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
3
Әкесінің баласы — адамның дұшпаны. Адамның баласы — бауырың.
4
Өзің үшін еңбек қылсаң — өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң — Алланың сүйген құлының бірі боласың.
5
Адам баласын заман өсіреді: кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі.
6
Дүниеде жалғыз қалған адам — адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында.
7
Дүние — үлкен көл, заман — соққан жел; алдыңғы толқын — ағалар, артқы толқын — інілер. Кезекпенен өліңер, баяғыдай көрінер.
Өлең әлемі: сөздің салмағы
«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» (үзінді)
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Өлең толық нұсқада оқылады.
Абай лирикасынан
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым — кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ішім — толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін — өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
Түйін: ұрпаққа қалған өсиет
Абай мұрасы — жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың рухани темірқазығы. Сөзге адалдық, ойға жауапкершілік, адамға құрмет — оның ең басты аманаты.
Арнау өлең (қойылым мәтінінен)
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда,
Қос ақын қазағымда дара туған,
Мәңгі өлмес, өнегелі дана тұлғаң.
Ұрпағыңа өшпейтін із қалдырып,
Серпілткен ой асылын санатамын.
Әр сөзің санаға сай, киелі еді,
Жас талап жетілсін деп тілеп едің...
Жетсем деп, биігіңе қол созамын,
Шақырып, көк әлемнің көкжиегі.
Қара сөз, өлеңдерің бізге мәлім,
Жұртыма сабақ болар, сөзің — тәлім.
Қиыннан қиыстырып сөз сарасын,
Паш етем, ұрпағыңа жеткенше мәлім.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда,
Оза шауып, үзеңгі қағысқанда.
Жас талап келіп тұрған, саусақ жайып,
Тілейік сәттілік жол табыстарға!
«Ол — Абай» (қорытынды арнау)
Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Өзіне өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?
Ерте оянып, ойланып ержеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құба жан, құбақан құм, құла қырды,
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?
Ол — Абай, дара ақын, дана ақын,
Қалдырған дәмді, асыл сөздің парқын.
Әр сөзі үлгі-өнеге, жанға сая,
Тілге жеңіл, жүрекке өте жақын.
Қорытынды сөз: Абайдың өлмейтін сөзі — ұлттың мәңгілік бағдаршамы.