Қарттар мерекесіне арналған Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман - сау жүрші
Кештің мазмұны
Қарттар мерекесіне арналған «Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші!» атты кеш сценарийі.
Сценарийдің мақсаты
- Оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру.
- Үлкенді сыйлау, ата-бабаны ұмытпай қадір тұту.
- Салт-дәстүрден нәр алып өсуге, инабаттылыққа тәрбиелеу.
- Жақсы мен жаманды ажырата білуге баулу.
- Аталы сөзден ғибрат алуға үйрету.
Безендірілуі
- 1 Плакаттарға жазылған өлең жолдары, мақал-мәтелдер.
- 2 «Қариясы бар үй — қазына» фотокөрмесі.
- 3 «Қариясы бар үй — қазына» тақырыбындағы эссе көрмесі.
- 4 Қарттар үйінен видеосюжет.
Фотокөрме мен эссеге байқау жарияланады. Кеш бойы Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі ойнап тұрады.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялады. Биыл Халықаралық қарттар күні мерекесіне 25 жыл толады.
Көркем нөмір
8 «Ә» сынып қыздарының орындауында би: «Әке толғауы».
Аппақ шашың күн сайын қылаңдаған,
Зейнет емес бейнеттен арылмаған.
Тәңірімдей табынып өтем мәңгі,
Қариялар, өзіңді ел сыйлаған.
Осы өлең жолдарын арқау ете отырып, мектебіміздің ардақты қариялары мен ұстаздарын ортамызға шақырамыз: Күләндә апай, Қажар апай, Жаңылша апай, Ілескүл апай, Тұрсынкүл апай, Тұрсынхан апай, Бейбіткүл апай, Тұрсынай апай, Жаңыл апай, Сұлу апай, сондай-ақ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт апай.
Салт-дәстүр элементі
«Орамал тон болмайды, жол болады» дәстүрімен құрмет көрсетіліп, қонақтарға орамал жабылады. Қошеметпен, оқушылардың сүйемелдеуімен алдыңғы қатарға отырғызылады.
Психологиялық тренинг
«Өрмекшінің торы»
Оқушылар қариялар мен мұғалімдер туралы жақсы тілектер айтып, мақал-мәтелдер келтіреді.
Ән шашу
5-сынып оқушылары атынан қарт ұстаздарға арналған ән. Орындаушылар: Сүйінбек Әдел және Әнел.
Би қойылымы
Ән орындалған сәтте би қойылымы көрсетіледі.
Оқушының құттықтауы
1-оқушы (Дәулет)
Хош келіпсіз, ақ жаулықты аналар, Ақыл кенін арқалаған аталар. Алдарыңда жауқазындай құлпырған, Біз — алаңсыз балғын шақты балалар. Армысыз, ауылымның асылдары, Жайнасын көңілдердің жасыл бағы. Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би, Сіздер үшін мереке шашулары!
Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар, ақ жаулықты аналар, шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаушы ұстаздар қауымы! Баршаңызды қазан айының алғашқы мерекелері — Қарттар күні мен Ұстаздар мерекесі тоғысқан қос қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Барлығы хормен
Құттықтаймыз!
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі іні-қарындасына ізеттігін аямайтын, өскелең ұрпаққа өнеге болып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше. Сол ерекшеліктің бірі — үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау.
Беташар сөз
«Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші!» атты кешіміздің беташар сөзін мектебіміздің директоры Әбеубекова Ботакөз Әбенқызына береміз.
Сұрақ-жауап
«Дүниеге келер бір рет, құрыштан құйған құдірет» деген өлең жолдары кімдерге арналған? (Көрермен жауап береді.)
Көркем бағдарлама
Ән
Кеш қонағы Ұмытшақ апай Сағи Жиенбаевтің сөзіне жазылған, Досқан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» әнін орындайды.
Ардагер ұстаздарға сөз
Ардагер, зейнеткер ұстаздарға сөз беріледі: Күләндә апай, Жаңылша апай, Ілескүл апай, Қажар апай, Тұрсынкүл апай, Тұрсынхан апай, Бейбіткүл апай.
Ән
Қонақтардың құрметіне 8 «Ә» сынып оқушысы Әсем ән орындайды.
Оқушылар шығармашылығы
Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әженің өнегесімен, атаның ақылымен ұштасып, ұлттық болмысымызды қалыптастырады. Ендеше «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» атты оқушылар шығармашылығына құлақ түрейік.
Тақпақтар мен эсселер оқылады: Олжас, Камила, Ақбота, Еңлік.
Естелік сәт
Видеосюжет
Кеңес кезеңіндегі 70–80 жылдардағы өмірден естелік сюжет көрсетіледі.
Ән
9-сынып оқушылары Аружан мен Әйгерімнің орындауында «Мама» әні.
Ұйымдастырушылар
- 5-сынып жетекшісі: Бошқаева С.
- 8-сынып жетекшісі: Абдрахманова Г. Т.