Менің мамандығым атты студенттемен кездесу кеші

Кездесу кеші туралы

«Менің мамандығым» атты студенттермен кездесу кеші — мамандық таңдаудың алдында тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беруге арналған ашық форматтағы пікір алмасу алаңы. Кеш барысында түрлі салада білім алып жүрген студенттер өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.

Көрермендер

  • 9–11-сынып оқушылары
  • Студенттер
  • Ұстаздар

Пікір айтушылар

Әр түрлі салада білім алып жүрген болашақ мамандар — студенттер. Олар өз мамандығын не үшін таңдағанын, оқу барысындағы тәжірибесін және кәсіби жоспарларын таныстырады.

Кештің мақсаты

  • 1

    Мамандық таңдау кезеңіндегі оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін айқындауға көмектесу.

  • 2

    Өз пікірін еркін айтуға, өзгенің пікірін құрметтеуге және жүйелі ойлауға баулу.

  • 3

    Оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Құрметті студент қауымы, оқушылар және ұстаздар! Баршаңызды «Менің мамандығым» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер!

Мектептен түлеп ұшқалы отырған 11-сынып оқушыларын «Қандай мамандықты таңдаймын?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Осындай сәтте ұстаздармен, кешегі түлектер — бүгінгі студенттермен кездесіп, ой бөлісу мен пікір алмасудың маңызы зор.

Адам өз кәсібіне әр түрлі жолмен келеді: біреулер үшін бұл — арманның орындалуы немесе отбасылық дәстүрді жалғастыру; енді біреулер үшін — жаңалыққа ұмтылу, дербестікке талпыныс; ал кейбіреулер үшін — «әйтеуір бір мамандық алу керек» деген себеп болуы мүмкін.

Негізгі ой

Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін танығаны дұрыс. «Мен кіммін?», «Өмірдегі орным қандай?», «Қалай өмір сүргім келеді?» деген сұрақтарға жауап іздеу — саналы таңдаудың бастамасы.

Қазіргі өмір көп салалы, мамандық түрі де көп. Таңдау жасау әрдайым оңай емес. Ең бастысы — еңбекке қабілетті, зейінді болу және таңдаған ісің өз ортаңа маңызды, бағалы үлес қоса алатындай болуы. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді.

Адам еңбегінен қуаныш тапса, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыт артады. Ықыласпен, шабытпен істелген іс — табысқа бастайтын қанат. Абай атамыздың «Неге арналсаң, соны істе» деген сөзі де өмірде орнын өз таңдауымен тапқан жөн екенін меңзейді.

Қатысушыларға қойылатын сұрақтар

  • Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан және қалай дайындауы керек деп ойлайсыз?
  • Болашақ мамандықты таңдағанда нені басшылыққа алу қажет?
  • Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
  • Жақсы маман болу үшін адам нені біліп, нені үйренуі керек?
  • Адам өз еңбегінің жемісін қашан көре алады?
  • Осы мамандыққа жүрек қалауымен келдіңіз бе?
  • «Әттеген-ай» дейтін сәттер болды ма?

Психологиялық сәт: «Психогеометрия»

Қатысушылар өзіне ұнаған геометриялық фигуралардың бірін таңдайды. Әр фигура — адамның белгілі бір қасиеті мен қабілетін білдіреді. Енді өзімізді танып көрейік.

Квадрат

Сізде төзімділік, шыдамдылық және еңбекқорлық жақсы дамыған. Айналаңыздағы адамдарды жинақтап, ұйымдастыру, реттеу және жүйелеу қабілетіңіз бар. Сізден мықты әкімші шығуы мүмкін. Дегенмен кәсіби бағытыңызды менеджментпен тікелей байланыстырмас бұрын өз қызығушылығыңызды нақтылап алған жөн.

Зигзаг

Әсемдікті көре білу қабілетіңіз жоғары, шығармашылық ойлау мен қиялыңыз дамыған. Табиғи тапқырлығыңыз бар, қабілетті адамдарды айналаңызға жинай аласыз. Дайын шаблондар, қатаң ережелер мен нұсқаулар сізді қызықтырмайды. Кейде бастаған істі аяқтауға төзімнің жетіспеуі кедергі келтіруі мүмкін.

Шеңбер

Адамгершілік қасиетіңіз жоғары. Әріптесіңізді тыңдай аласыз, оның қуанышы мен қиындығын бірге бөлісесіз, өзгеге жанашырлық танытуға бейімсіз. Жеке адамдар арасындағы кикілжіңдер сізге тән емес, олардан аулақ болуға тырысасыз. Сізден жақсы психолог шығуы мүмкін; ал менеджмент бағыты сізге әрдайым сәйкес келе бермейді.

Үшбұрыш

Сізге басқарушылық қасиет тән. Мақсатыңызға жету үшін барлық мүмкіндігіңізді жұмсайсыз. Өзіңізге сенімдісіз, жеңіске ұмтыласыз, жетістіктерге қол жеткізуге бейімсіз. Принципшілсіз, бедел жинай аласыз. Қызметтік өсуді көздесеңіз, менеджмент саласын меңгеру пайдалы болуы мүмкін.

Ойын: «Мамандықтар тізбегі»

Қатысушылар шеңберге тұрып, мамандықтар тізбегін құрайды. Жүргізуші бір мамандықты атайды (мысалы, металлург). Келесі қатысушы осы мамандықпен байланысты немесе ұқсас мамандықты атап, олардың ортақ тұсын түсіндіреді.

Мысал

Металлург — аспаз. Себебі екеуі де отпен, жоғары температурамен және ыстық пештермен жұмыс істейді.

Қорытынды және рефлексия

Талқылау тақырыбы

Мамандықты дұрыс таңдауда қандай қателер жіберілуі мүмкін?

«Бос микрофон»

  • Бүгінгі кештен не алдыңыз?
  • Өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз? Ойландырған тұстар болды ма?

Қорытынды сөз

Еңбек етсем, ертеңгі бақытыма сенемін.

Мақсатыма жеткізер уақытыма сенемін.

Достық іспен қасты да жеңеріме сенемін,

Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін.

Арым таза, ақ көңіл адалдыққа сенемін,

Абыройлы, ақ ниет адамдыққа сенемін!

Ел сеніміне кіретін, құрметті маман иесі болуды мақсат етсеңіздер, бүгінгі кездесуде берілген ақыл-кеңестерді жадыңызда сақтаңыздар. Ілім-білім алуға бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, егемен еліміздің ертеңі болатын білікті болашақ маман иелері болуларыңызға тілектеспін.