Септік жалғаулары

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау селосы №5 жалпы білім беру орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Елубаева А.Қ.

Пәні: Қазақ тілі

Сыныбы: 4-сынып

Тақырыбы: Ілік септік (слайдпен)

Мақсаты

Білімділік

  • Зат есімнің септелуі туралы білімін толықтыру.
  • Ілік септік, оның сұрақтары мен жалғаулары туралы білім қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Сөздік қорын байыту.
  • Сөйлемнен ілік септігіндегі сөздерді табуға үйрету.

Тәрбиелік

  • Ұжыммен жұмыс жасауға дағдыландыру.
  • Айналасындағыларды тыңдай білуге, қорытынды жасауға, ойын жинақтауға машықтандыру.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі

Жаңа тақырыпты түсіндіру сабағы.

Типі

Сайыс сабақ.

Әдіс-тәсілдері

Топпен жұмыс, сұрақ-жауап, ойындар, жеке оқушымен жұмыс.

Көрнекілігі

Кесте, қима қағаздар, слайдтар, суреттер.

Сабақтың өту барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  • Оқушыларды сабақ мақсатымен таныстыру.
  • Бүгінгі сабақ ерекше өтеді: әр топ мүшесі тапсырмаларды мұқият орындап, өз тобына ұпай жинайды.

Сайыс сабағының бөлімдері

  1. Көршіңді тексер.
  2. Өткенге шолу.
  3. Оқулықпен жұмыс.
  4. Көру диктанты. Демалыс.
  5. Мәтінмен жұмыс. Ақпараттық ізденіс.
  6. Демалыс.
  7. Білгеніңді пайдалан.
  8. Үйге тапсырма.
  9. Бағалау.

I. «Көршіңді тексер» (үй тапсырмасын тексеру)

Әр оқушы көршісінің үй тапсырмасын тексереді. Нәтижесі бойынша бағаланады.

II. Өткенге шолу

Септік атаулары, сұрақтары және септік жалғаулары еске түсіріледі.

Септік Сұрақтары Жалғаулары
Атау септік Кім? Не?
Ілік септік Кімнің? Ненің? -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің
Барыс септік Кімге? Неге? Қайда? -ға, -ге, -қа, -ке
Табыс септік Кімді? Нені? -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті
Жатыс септік Кімде? Неде? -да, -де, -та, -те
Шығыс септік Кімнен? Неден? -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен
Көмектес септік Кіммен? Немен? -мен, -бен, -пен

Еске салу

Атау септіктегі зат есімдер Кім? Не? Кімдер? Нелер? сұрақтарына жауап береді және сөйлемде көбіне бастауыш қызметін атқарады.

Мысал: Қар қалың жауды.

III. Оқулықпен жұмыс

A) 25-жаттығу

  • Сөйлемдерді көшіріп жазу.
  • Ілік септіктегі сөздерді табу.
  • Олардың сөйлемде қандай мүше болып тұрғанын айту.

Ә) 26-жаттығу (Абай)

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатадай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.

1-топ

Өлеңді жатқа жазу.

2-топ

Топтастыру стратегиясын құру.

3-топ

Ілік септіктегі сөздерді тауып, олардың қай сөзбен байланысып тұрғанын сызба арқылы көрсету.

IV. Көру диктанты

Сурет бойынша сөздерге тиісті жалғауларды жалғап, ілік септікте сөз жасау.

Жалғаулардың сөздерге әртүрлі жалғану себебін дәлелдеу.

Ілік септіктегі сөздерді өздері байланысатын сөздермен тіркестіріп жазу.

Үлгі: Шыршаның түсі, жұлдыздың бұрышы, ...

V. Ақпараттық ізденіс (мәтінмен жұмыс)

28-жаттығу

  • Мәтінді оқу.
  • Мәтінге ат қою.
  • Мәтіннен ілік септіктегі зат есімдерді табу.

Мәтін

Қалталылар (қалталы жануарлар), төменгі сатыдағы аңдар (Metatheria) — сүтқоректілердің бір класс тармағы. Солтүстік Америкада төменгі бор кезеңінен, ал Еуропада эоцен—миоцен дәуірлерінен белгілі. Австралия, Тасмания, Жаңа Гвинея, Үлкен Зонд аралында, сондай-ақ Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада кездеседі. Жаңа Зеландияда жерсіндірілген.

Қалталы жануарлардың дене құрылысында өзіне тән ерекшеліктер бар. Көптеген түрінің бауырында қалтасы болады. Қалтасы жоқ түрлері де кездеседі.

VI. Демалыс (сергіту сәті)

Бір, екі, үш — бойға жинап күш.
Төрт, бес, алты, жеті — мынау ауыл шеті.
Сегіз, тоғыз, он — ал, қанеки, қон!

VII. «Білгеніңді пайдалан» (сабақты бекіту)

A) Мақал-мәтелдермен жұмыс

Мақалдарды көшіріп жазып, ілік септікте тұрған тиісті сөзді орнына қой.

Қажетті сөздер

Өнерлінің, адамның, жердің, өтіріктің

  • Туған ... түтіні де ыстық.
  • ... өзегі талмас.
  • Ас — ... арқауы.
  • ... шиесін шын шығарады.

Ә) Сөйлеммен жұмыс

Сөйлемдерді көшіріп жазып, жақша ішіндегі зат есімді ілік септігіне қой.

VIII. Үйге тапсырма

29-жаттығу: өлеңді мәнерлеп оқып, ілік септіктегі зат есімдерді теріп жазу.

IX. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады.

Критерийлер

  • Тапсырманы толық және дұрыс орындауы.
  • Топтық жұмысқа үлес қосуы.
  • Сұрақтарға нақты жауап беруі.
  • Тілдік нормаларды сақтауы.