Әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу
Мақсаты
Байланыс
Балабақша мен ата-ана арасында тығыз әрі сенімді қарым-қатынас орнату.
Тәрбие және құндылық
Наурыз мерекесін дәріптеу, ұлағатты дәстүрді құрметтеуге баулу, аналар еңбегін бағалау мәдениетін қалыптастыру.
Әже өнегесі
Әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу, ұрпаққа тағылымын таныту.
Құрмет
Балаларды қарт адамдарды қадірлеуге, үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеу.
Жүргізушінің құттықтауы
Қымбатты қонақтар, ата-аналар, әріптестер! Наурыз — жыл басы! Наурыз — ұлыстың ұлы күні, күллі мұсылман қауымның ұлттық мерекесі. Бұл — ақ молайып, күн ұзарып, нұр көбейіп, тіршілік жаңарып, көңіл кеңейетін қасиетті кезең.
Ұлы мерекеміз — Наурыз құтты болсын!
Бүгінгі мерекеге орай «Отбасының шуағысың, Ақ әжем» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Бұл сайыс — ардақты әжелеріміздің өнерін үлгі етіп, немерелермен арасындағы мейірім мен сабақтастықты дәріптеуге арналған.
Қатысушылар
«Әже деген көп шығар, әжемдей менің жоқ шығар. Мейірімді ол кісі, қандай ғажап күлкісі…» — деп, сайысқа қатысушы әжелеріміз бен немерелерін ортаға шақырамыз!
Айжамал әже
Қуанышымызға ортақ, ақ тілегімен демеп жүретін Нұрайдардай балапанымыздың асыл әжесі.
Баян әже
Өзі сондай әдемі, күндей күліп жүретін, Шехризаттай немересімен ортаға шыққан аяулы әже.
Зәуре әже
Немере қамын ойлай жүретін балажан, Ақниеттің күн әжесі, нұр әжесі.
Салима әже
Бір әулеттің сыпайы да сырбаз, қашан көрсең де шаршамайтын Хабибадай немеренің ардақты әжесі.
Қаламқас әже
«Әже — біздің күніміз, әжемнің біз — гүліміз…» деген ақ тілекпен Бердібектей немересімен шақырылған мейірбан әже.
Бейсенкүл әже
Таусылмайтын өлең айтып, барған сайын тәттісін ала келетін Мұрагердің сүйікті әжесі.
Әділқазылар және бағалау
«Ал, халайық, ықыласпен демелелік, әжелердің бұл сайысын көрелік. Әжесі мен немересіне қарап біз әділдікпен бағасын берелік…»
Құттықтау сөз
- Мектеп директорының міндетін атқарушы: _____________________
- Шағын орталық әдіскері: _____________________
Ескерту
Әр кезең соңында әділқазылар алқасы бағасын береді және ұпай санын белгілейді.
Сайыс кезеңдері
-
1) «Мен анамын — ұрпағын әлдилеген»
Өзін таныстыру және үй тапсырмасы.
«Ең ардақты ақ әжем, әрбір сөзі өсиетті. Баға жетпес бал әжем, аман-есен жүріңізші — бар тілегім сол…» Осы кезеңде әжелер өздерін таныстырады.
-
2) Үй тапсырмасы: қолөнер көрмесі
«Өнер тамған — он саусақ» — әжелеріміздің қолынан шыққан бұйымдармен танысу.
-
3) «Көтерейік көңілді ән-жырменен»
Өнер сайысы: ән, би, мәнерлеп оқу және өзге де шығармашылық нөмірлер.
«Шалқытып мерекеде ән салайық! Өнерпаз әжелерге тамсанайық! Өнердің аспанына асқақтасын…»
-
4) «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра»
Сұрақ-жауап кезеңі. Сұрақтар балабақша өмірі, ұлттық қазына, көктем мезгілі және Наурыз айы тақырыптарын қамтиды.
«Қайсысы білгір, білімді — талабына қарайық. Кімдер зерек, кім жылдам — талантын табайық».
-
5) «Қазақы дастархан»
Қазақ халқы үшін дастарханның орны бөлек. Бұл кезеңде ақ жаулықты әжелеріміздің бал бармағынан шыққан ұлттық тағамдары ұсынылады.
Әділқазылар алқасы ұпай санын белгілейді.
-
6) Ұлттық салт-дәстүр көрінісі
Қазақы тәрбиенің өзегі — салт-дәстүр. Көрініс арқылы ұрпақ сабақтастығы, тәлім-тәрбие, өнеге мен ізет дәріптеледі.
«Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған, тәлімді ой санаға тәрбие көзі қалдырған. Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын — қазақ атты үлкен-кіші, балдырған».