Наурыз Қызыр баба
Мақсаты мен көрнекілігі
Мақсаты: балаларға Наурыз мерекесі мен Наурыз көже туралы түсінік беру, өнерлерін көпшілік алдында көрсетуге үйрету. Адамгершілікке, сыпайылыққа, бір-бірін сыйлауға, көмектесуге және кешірімді болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, слайд.
Барысы
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші
Уа, халайық, халайық! Мұнда назар салайық. Халық мерекесі — Наурыз тойын бастайық. Құтты болсын мереке, болсын думан, береке!
2-жүргізуші
Наурыз тойы құтты болсын! Дендерің сау, мықты болсын! Аман-есен болайық — баршаңызға тілерім осы, халайық!
1-жүргізуші
Еліміздің несібесі көп болсын, сиыр желіні толатұғын сүт болсын. Жауын жауып, жер бетіне көк толсын, даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!
2-жүргізуші
Құт болып азат күн — Наурызы, шырқалсын қазақтың ән-жыры. Жасына жас қосып баланың: алақай, келді Жаңа жыл!
Шашу және ақ тілек
Әже киімін киген қыз шашу шашады.
Әже
Наурыз — көктем тойымыз, той дәмі мол тойымыз! Күн ұзарып жылынып, өсер біздің бойымыз. Төлдеді де малымыз, тамыр жайды талымыз! Той жасап ел енді қуанышқа бөленді. Жарқыраған жас нұрлы, жаса, Наурыз, дәстүрлі!
1-жүргізуші
Көп жасаңыз, әже!
2-жүргізуші
Наурыз мейрамы жүректерге нұр сепкен, маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем. Жарығыңмен, шуағыңмен, күн-ана, алып келдің жер бетіне гүл көктем.
1-жүргізуші
Наурыз тәңір бізге нәсіп еткен, мейірін танысын деп тасып өткен. Наурыз — сән-салтанат, ұлттық рух. Бақытты Наурызы бар халқым неткен!
2-жүргізуші
Естиміз жыр мен сазды, қарамай мол мен азыңа. Өн бойы шаттық, ән мен күй — Наурызым ұлттық қазына!
1-жүргізуші
Жүріңіздер, Наурызда басып аяқ, қалыс адам болмасын некен-саяқ. Ән айтылсын, би биленсін қауым болып — уақыт болды тұрмайтын өнерді аяп!
Наурыз туралы танымдық деректер
2-жүргізуші
Уа, қадірменді халайық! Ұлыс күндеріңіз құтты болсын! Біз Наурыз мейрамы туралы деректер жинадық. Көп құрбыларымыз Наурыз тарихын үстірт білетін сияқты. Сол себепті мерекеміздің тарихына бойлау үшін бұрынғы ғасырлар үлгісіне шегініс жасамақпыз.
1-жүргізуші
Иә, біздің де білмейтініміз көп екен. Наурыз сөзінің түп төркіні иран тілінде жатыр: «ноу» — жаңа, «руз» — күн. Яғни бұл — жылдың жаңа күні. Қазақ тілінде «Наурыз» — жыл басында тойланатын мейрам, сондай-ақ Ұлыс күні пісірілетін көженің атауы.
2-жүргізуші
Наурыз өзге халықтардың да дәстүрінде бар. Ал ежелгі түркілердің ғұрпы тіпті қызық: Ұлыс күндері ер азаматтар бойларын түзеп, жаңа киім киіп, алты күн садақ атып машықтанған. Жетінші күні бәрі жиналып жамбы атады. Көз мергені де, қол мергені де атып, кім тигізсе — сол күні елге хан болып, билік жүргізуге ерік берілген.
1-жүргізуші
Түбі бір түркі халықтары Иранды арабтар жаулап алғанға дейін Наурыз күні атауы «шин» әрпінен басталатын жеті түрлі затты дастарханға қойған екен. Бұл үрдіс бүгінге дейін сақталған. Біздің Наурыз көжеміздің де жеті қасиетті тағамнан дайындалатыны сондықтан.
2-жүргізуші
Халық сенімі бойынша, 21 наурыз түні даланы Қызыр ата аралайды. Қызыр — адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көрінетін қиял-ғажайып бейне.
Көрініс: Қызыр баба мен Наурыздың келуі
Қызыр баба
Ау, аман ба, жарандар! Алтын таңға қараңдар: ерте жайнап атты таң, естіліп тұр шаттық ән. Жұрағатым қуанып, рахатын тапты жан. Күннің жаңа нұры бар, мұның ғажап сыры бар. Халық сүйген мейрам — бұл: қарсы алайық, тұрыңдар!
Сахналық нұсқау
Бәрі орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап, келе жатқан жаңа күн — Наурызды қарсы алады.
Наурыз
Сәлем, ата-аналар! Айналайын, балалар! Қызыр баба, аман ба?
Қызыр баба
Қош келіпсің, Наурыз! Арман — тойы ананың, қуанышы — ғаламның. Құтты болсын қадамың!
Сахналық нұсқау
Көрермендер қол соғады. Наурыз бас иеді.
Наурыз
Ашық болса күніміз, ашылады нұрымыз. Бай тұлғалы өңірде айтылады жырымыз. Жайнатамын гүл-гүлді, сайратамын бұлбұлды. Мерейлі жұрт тойласын, мейрам етіп бұл күнді. Сүтті болсын малымыз!
Қызыр баба
Көп рақмет, Наурыз қызым!
Қызыр баба (бата)
Ал, енді осы тойға өз батамды берейін. Тыңдаңдар:
Ардақтаңдар атаны!
Ананың сүтін ақтаңдар!
Арларыңды сақтаңдар!
Кең пейіл, дарқан халқымыз, кеңейсін дәстүр-салтымыз.
Дәстүрін елдің сыйлаңдар, дәстүрлі салтты тойлаңдар!
Орындалсын ойларың, тойға ұлассын тойларың!
Әумин!
Наурыз
Қызыр баба, мың жасаңыз! Сізге көп рақмет! Ал енді, жиналған қауым, рұқсат болса, үлкен сапарымызды басқа ауылдарда жалғастырмақпыз. Сау болыңыздар!
1-жүргізуші
Олай болса, тойымызды ауылдарды аралап, қандай қызық болып жатқанын бірге тамашалайық!
Көрініс: Қожанасыр мен Алдар Көсе
Алдар Көсе
Уа, халайық, армысың! Осы жақтағы ауылдар Наурыз тойын дүркіретіп тойлатпақшы дегенді естіп, Қожекең екеуміздің жеткен бетіміз осы.
Қожанасыр
Дұрыс айтасың, Алдар. Ендеше қонақтармен бірге барып, тойдың қалай өтіп жатқанын көрейік.
2-жүргізуші
Бәрекелді! Жүріңіздер!
Сахналық нұсқау
Қонақтар ауылдарды аралап, өнерлерін тамашалайды.
Алдар Көсе
Ау, Қожеке, Наурыз тойы керемет тойланды. Енді басқа ауылдарға барып, сапарымызды одан әрі жалғастырайық.
Қожанасыр
Олай болса, жолға шығайық. Сау болыңыздар!
2-жүргізуші
Көп рақмет, келгендеріңізге!
Ұлыс күні: наным-сенім және дайындық
1-жүргізуші
Халқымыз Ұлыс күнін жыл басы деп санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жылдың жерге түскен күні», «Самарқанның көк тасы еріген күн» сияқты бейнелі сөздер сақталған.
2-жүргізуші
Ақ жол, қадірменді ағайын! Наурыз мерекесіне жалғасқан той басқа сыныптарда да өтпек. Ендеше, ертеде қазақтар Наурызды қалай қарсы алғаны сіздерге қызық болар. Сөз кезегі — сенде.
1-жүргізуші
Наурыз қарсаңында халқымыз Қызыр күні жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде «жалғыз шала сәуле болмасын» деп төрге қос шырақ жаққан. Үй іші кір-қоқыстан ада болса, жыл бойы ауру-сырқаудан аман боламыз деген сеніммен мүліктерін жуып-сүртіп, көрпе-жастықты қағып-сілкіген.
2-жүргізуші
Иә, «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойғы өмірің солай өтеді» деген нақыл көп халықта бар. Халқымыз жыл бойы молшылық болсын деп ыдыстарға бидай, арпа, сұлы, жүгері секілді дәнді дақылдарды толтырып, сүт, айран, шұбат, уыз құйып қойған.
1-жүргізуші
Наурыз туралы біраз ой бөлістік. Әрине, біз қамтымаған рәсімдер көп. Күн мен түн теңелетін уақытта тойланатын бұл мерекенің ең басты қасиеті — теңдік, адамгершілік, молшылық сияқты асыл құндылықтарды дәріптеу.
Қорытынды құттықтау
Дүр сілкінсін дала бір — құтты болсын жаңа жыл! Құтты болсын Наурыз той, құтты болсын жаңа жыл!
Наурыз құтты болсын! Дендеріміз сау, мықты болсын. Наурыз тойы келе берсін! Барлық халық бақытты болсын. Еліміздің несібесі көп болсын. Қош, сау болыңыздар, халайық! Көріскенше күн жарық болсын!