Соғыстан қайтқан солдаттар
Ашық тәрбие сағатының мәні
Оқушы бойына патриоттық сезімді ұялатып, жауапкершілікті сезінуге, отаншылдық пен адамгершілікке баулуда ашық тәрбие сағатының берері өте зор. Тәлім-тәрбие барысында рөлдік ойындарды орынды қолдану оқушының рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін күшейтеді.
Осы мақсатта бұрын ұйымдастырылған Бастауыш педагогикасы бөліміне қарасты ІІ курс оқушыларымен өткен «Ерлік – дастан, Жеңіс – думан» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатының өңделген нұсқасы ұсынылады.
Түрі
Театрландырылған әдеби-музыкалық, композициялық кеш.
Мақсаты
Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың және бүгінде саны азайып қалған майдангерлердің рухына тағзым ете отырып, оқушыларды Отанды қорғауға, ерлік істерді құрметтеуге, батыл әрі ержүрек болуға тәрбиелеу. Елін, жерін жаудан қорғай білуге баулып, батырлардың өмірін үлгі ету.
Көрнекілігі
- Ұлы Отан соғысы батырларының суреттері
- Кітап-журналдар көрмесі
- Гүл шоқтары, ерлік туралы нақыл сөздер
- Интерактивті тақтадан бейнематериал көрсету
Тәрбие сағатының барысы
1) 1941 жыл. Мектеп бітірушілер кеші
КөрінісЖастар ортада би билеп жүреді. Кештің шаттығын кенеттен соғыстың қара бұлты басады.
2) Радиохабар: соғыстың басталуы
ДыбысРадиодан майданға шақырған суық хабар беріледі. Кештің көңіл күйі күрт өзгереді.
3) Өлең. Жас сарбаздың қоштасуы
ӨлеңОрындаушы: __________________
Қош бол, елім, қан майданға жөнелдім, Жаным барда жаудың жолын бөгермін. Я болмаса омырауымнан оқ тиіп, Жүрегімнің қанын жерге төгермін.
Осы сәтте солдаттар сахнаға кіріп келеді.
Солдаттар:
Жігіттер, сапқа тұрыңдар! Біз еліміз, жеріміз, халқымыз үшін майданға аттануымыз керек. Барлығымыз Отан үшін қан кешуге дайынбыз ба?
Жігіттер:
Иә, дайынбыз!
Жігіттер шығып кетеді, қыздар шығарып салады.
4) Экраннан майдан көрінісі
Бейне (6 минут)Қан майданның шындығы көрсетіледі.
5) Дыбысты бәсеңдету
Өтпелі сәтКинодағы дауыс бәсеңдетіліп, келесі көрініске дайындық жасалады.
6) «Шеше мен келін» көрінісі
Драмалық сахнаСахнада киіз үй, қазан-ошақ, ауыл көрінісі бейнеленеді. Келін ошақ басында отырғанда, майданнан хат әкелуші кіріп келеді.
Хат әкелуші
«Жеңеше, жеңеше, майданнан хат келді! Ағамнан хат келді!»
Орындаушы: Елікенова Мөлдір
Келін сөзі
Қара қағаз... Апа, менің Рахымымнан келген қара қағаз! Қайда менің Рахымым? Өлгені рас па? Жоқ, мен оны бұл өмірде жоқ дегенге сенбеймін! Жоқ!
Осы кезде енесі келіннің қасына тізерлей отырады.
(Кино қайта көрсетіледі.)
7) Майдандағы хаттар
КөрінісСолдаттар майданда отырғандай болып, сахнаға шығып әр жерге отырады. Оларға хат жеткізіледі.
Хат жеткізуші:
Жігіттер, ауылдан, туған жерден хат келді!
Солдаттар:
Маған! Жоқ, маған!
Ән
«Землянка»
Ән орындалып жатқанда солдаттар хаттарын оқиды. Өлең аяқталған сәтте ене мен келін, сондай-ақ майдандағы солдаттар да сахнадан жаймен шығып кетеді.
8) Жеңіс сәті
БейнеЭкраннан жеңіске жетіп, қуанып жатқан халық бейнесі көрсетіледі.
9) Қауышу
МузыкаКөңілді музыка ойналады. Майданнан жараланған сарбаздар келеді, қыздар қарсы алады. Барлығы бір-бірімен қауышады.
10) Мақпалға хат
ӨлеңМақпалға хат беріледі. Ол жылап тұрып, жігітіне арнап өлең оқиды.
11) Ән
Орындау«Соғыстан қайтқан солдаттар»
12) Жүргізуші сөзі: Жеңістің мәні
МонологАлпыс бес жыл — бейбіт көктем таң атқалы, Алпыс бес жыл — шуақты күн таратты әнін. Есімде, содан бері алпыс бес рет Ашылды Жеңіс күннің парақтары. Алпыс бес жыл — үзілмеді құстар әні, Кетті енді сұм соғыстың қыспағы мәңгі. Алпыс бес жыл — жауымыздың ажал оғы Біздің ел үстіменен ұшпағалы. Талай құс содан бері қайта оралды, Талай бақ әлеміне қайта орнады. Соғыста өлгендер тек оралмайды, Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін талай миллиондаған асыл азамат мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті.
Ана жарынан айырылып жесір қалды, бала әкесінен не анасынан айырылып жетім атанды. Фашистік тұтқын лагерлерінде ана мен бала айуандықпен қаза тапты. Ал тылда қалған қарттар, аналар және бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ, тынымсыз еңбек етті. Бірақ ешкімнің сағы сынбады.
Олардың бойындағы отаншылдық сезім, қолына қару алып сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің бірлігі мен ерлігі Жеңіс сағатын жақындата түсті.
Екі қолмен шоқ төсеп ойнағандар, Кеудесін оққа төсеп лаулағандар. Бір сәтке сол ерлерді еске алайық, Жеңіс тойын 65 жыл тойлағандар!
Рәсім
Бір минут үнсіздік
Жеңіс, Жеңіс! Сенің атың — ұлы арман, Батырлық пен қайсарлықтан құралған. Мен бұл күні астаң-кестең ой кешпей, Мен бұл күні тебіренбей тұра алман.
(Соғыс туралы, ерлік туралы өлеңдер оқылады.) Орындайтындар: __________________
13) Би
Хореография«Смуглянка»
Қорытынды
Жеңіс деген — шат күлкісі баланың, Тыныштығы жер мен жаһан даланың. Жеңіс деген — сылдыр күлкі, асқақ ән, Тыныштығың сол жеңістен басталған.
Ән
«День Победы»
Негізгі ой
Бұл тәрбие сағаты оқушыларға Жеңістің бағасын, бейбіт өмірдің құндылығын және ерлік ұғымының терең мәнін сезіндіруді көздейді. Батырларды ұмытпау — тарихқа құрмет, ал Отанды сүю — ұрпаққа аманат.