Мұқағали Мақатаевқа арналған кешіміз тамам

Кештің мақсаты

Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушыларға кеңінен таныту, поэзия әлеміне және сөз өнеріне сүйіспеншілікті арттыру.

Көрнекілік

  • Кеш тақырыбы мен ақын портреті
  • Буклет, альбом, кітаптар және журналдармен безендірілген көрме
  • Тақырыптық слайдтар

Кештің жоспары

Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім

Өмірдерек.

Ағалар айтқан ақиқат

Ақын туралы естеліктер.

Мен өмірді жырлау үшін келгенмін

Әр тақырыптағы өлеңдер.

Абай – Махамбет – Мұқағали

Ұрпақтар үндестігі.

Өлең деген тумайды жайшылықта

Жас ақындар шығармашылығы, қонақтармен ой бөлісу.

Поэзия – жүрек тілі

Өлеңдерден үзіндіні жалғау сайысы.

Есіңе мені алғайсың

Қорытынды бөлім.

Кештің ашылуы: екі жүргізушінің диалогы

1-жүргізуші

Бүгін менің туған күнім… Ой, пәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Тойланбаса — тойланбасын, не етейік.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…

2-жүргізуші

Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау — шапан, мынау — атың», мін демей.

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар!
Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың өшпес мұрасы қараңғы түн қойнауынан сырлы сәуле шашқан жұлдыздай жарқырап, айшықтала түсуде. Абаймен үндес Мұқағалиды тудырған халық — шын мәнінде бақытты халық.

Бүгінгі «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналады. Егер көзі тірі болса, 9 ақпанда 82 жасқа толар еді…

Өмірдерек: «Менің анкетам» ізімен

Мұқағали — аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен талант. Оның өмір жолы сан қырлы. Төмендегі сұрақ-жауап үлгісі ақынның болмысы мен көзқарасын қысқа да нұсқа танытады.

Туған жерің?

Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.

Туған жылың?

1931.

Жынысың кім?

Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін…

Партияда барсың ба?

Жоқпын. Бірақ коммунистік көзқараспен қараймын.

Шыққан тегің?

Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.

Білімің ше?

Орташа ғой. Алайда оны жоғарыға балаймын.

Ана тілің?

Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де…

Міндеттісің бе әскерге?

Міндеттімін. Жауынгердің ұлымын ғой — жанын қиған Мәскеуге.

Мекен-жайың?

Мекен-жайым — жер менің. Жерде өскен ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған —
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

Музыкалық үзіліс

Ән: «Туған жер» — орындаушы: Сәкенов Айдын (33 ПГС тобы).

Ақын туралы естеліктер

«Жазылар естеліктер мен туралы…» — деген жолдар бекер айтылмаған. Мұқағали тұлғасын замандастары да, кейінгі әдебиет өкілдері де биік бағалады.

«Мұқағали Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы.»
Ә. Кекілбаев
«Мұқағали мұрасы — бүгінгі игілігіміз ғана емес, болашақ ұрпақтың да қастерлейтін қазынасы.»
З. Серікқалиев
«Әдебиет — ғаламат ғимарат, сұлулық сарайы. Мұқағали — соның талантты тас қалаушыларының бірі.»
Қадыр Мырза Әли
«Біз тірілер, ол туралы білгенімізді айта береміз: бірде асырып, бірде жасырып…»
Т. Молдағалиев
«Қазақ әдебиетіндегі дара тұлғалы Мұқағали жұлдызы — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз.»
Р. Сейсенбаев

Поэзияның өзегі: Отан, тазалық, табиғат

Әр ақынның өлең әлемінде бір қасиет өзгелерінен басым болады: Абайда — ой, Мағжанда — махаббат, Қасымда — от, ал Мұқағалида — Отан, тазалық, қасиет, табиғат ұғымдары айрықша орын алады.

«Табиғат, жанымды алсаң — алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім…»
Өлеңнен үзінді

Оқушылар орындайтын бөлім

  • «Отан» — Бағдатова Меруерт (21 ПО тобы)
  • «Қызықты өмір» — Ырысбек Әлия (31 ПО тобы)
  • Ән: «Сенің көзің» — Асылғазиев Нұрсұлтан (21 МСХ тобы)

Махаббат — мәңгілік тақырып

Махаббат тақырыбын жырламаған ақын кемде-кем. Дегенмен әр ақын өз сезімін, ішкі жан дүниесін өзінше өрнектейді.

Өлең оқу

«Ғашықпын» — оқитын: Төлеухан Жұлдыз (21 МВС тобы).

Ән

«Сен көріктісің» — орындайтын: Сержанов Арман (ГЭС–1 тобы).

Ұрпақтар үндестігі: Абай, Махамбет және Мұқағали

Мұқағали Махамбет пен Абайдан бірдей қуат алды. ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Махамбет мерейтойын құрмет тұтып, Абай мұратын өз мұратымен сабақтастырды.

Өлең оқу

«Махамбеттер, Абайлар-ай» — оқитын: Ибраимова Әлия (21 ПО тобы).

Ақынды ақын оятпаса — ол қайғы.
Ақынды ақын таяқтаса — ол қайғы.
Ақынды ақын күйелесе — ол қайғы.
Толғаныс

Музыкалық арнау

Қиналған шақта ақын өзін түсінетін ақынды іздейді. Мұқағали Фаризаны тапты.
Ән: «Фаризаға» — орындайтын: Жұпаргүл (21 МВС тобы).

Қонақтар және жас ақындар

Арнау

Қапатай Ерзаттың Мұқағали Мақатаевқа арнауы ұсынылады:

Қалықтаған биік шың асқарынан,
Күн шұғылын қарсы алып аспанынан,
Талантты, тартымды ақындардай,
Жазушының көрінер дастанынан.

Қонақтармен ой бөлісу

Кеш қонақтары таныстырылып, пікір алмасуға сөз беріледі.

Жас ақындар мінбері

Колледж топтары арасында өткен ақынға арналған өлеңдер сайысының жалғасы ретінде, жас ақындар өз шығармаларын оқиды.

Сайыс: «Поэзия – жүрек тілі»

Шарты

Жүргізушілер Мұқағали өлеңдерінен үзінді оқиды, ал көрермендер сол шумақтарды жалғастырады. Кештің әсерлі өтуі белсенділікке байланысты.

Ақын жүрегі сезімтал… Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының да есіне алып жүретінін сезгендей:

Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың…

Ән

«Есіңе мені алғайсың» — орындаушы: Береке Құдакелді (21 МВС тобы).

Ақынның аманаты

«Менің қымбатты достарым! Егер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам — соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін».

14 ақпан, 1976 жыл. Күнделігінен.

Бейнебаян

Ән: «Ризамын» — Мадина Ералиеваның орындауындағы бейнематериал ұсынылады.

Қорытынды: өлең өлмейді

Қарасаз қара шалғын — өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің…
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.

Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали да көз жұмған жоқ.

Мына күн де, мына аспан да, дала анау —
Бәрі бізден, бәрі бізден қалды-ау!
Өмір дейтін тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін — «өлемін» деп қарамау.

Марапаттау және жабылу

Кешке қатысқан жас ақындарға марапат қағаздары табысталады.
Осымен біртуар ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-сазды кеш аяқталды.

Назар аударғандарыңызға көп рақмет!