Біздің ана тіліміз - қазақ тілі

Тілім — тірегім, соғып тұрған жүрегім

22 қыркүйек — Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесіне арналған салтанатты іс-шараның сценарийі.

І жүргізуші

Амина

ІІ жүргізуші

Айбек

Салтанатты жиынның барысы

Құттықтау сөз (І жүргізуші — Амина)

Қайырлы күн, ана тілін ардақ тұтар тіл жанашырлары!

Армысыздар, өрлі де асқақ рухты тәуелсіз елдің жас ұландары!

Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдер күніне арналған салтанатты жиынды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

Мемлекеттік Гимн (ІІ жүргізуші — Айбек)

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалсын.

Ана тілінің мәні (І жүргізуші — Амина)

Ана тілі — әр адамның өз ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінен ғасырлар бойы жиған рухани қазынасынан нәр алатын кіндік тамыры. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі.

Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес — мемлекеттік тіл. 1989 жылы 22 қыркүйекте Республиканың Жоғарғы Кеңесі қабылдаған ҚР «Тіл туралы» заңына сәйкес қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.

22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының Тілдер күні болып жарияланды. Содан бері бұл күн — баршаға ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет.

Өлең және құттықтау сөзі (ІІ жүргізуші — Айбек)

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ-ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін — не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың.

Құттықтау сөз кезегін мектебіміздің директоры Жайлибаев Темірхан Бекбергенұлына береміз.

Тіл туралы толғаныс және ән (І жүргізуші — Амина)

Тіл — қай ұлтта, қай елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл — әрбір елдің жаны.

Ән: «Алаш ұлдары»

5-сынып оқушылары: тақпақтар (ІІ жүргізуші — Айбек)

Ана тілімді жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде
Өшпес, мәңгі алаулаған арай бар.

Ортаға өлең шуақтарын айтуға 5-сынып оқушыларын шақырамыз.

  1. Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
    Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
    Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
    Білмей тұрып туған ана тіліңді.
  2. Туған тілім — бабам тілі — өз тілім,
    Туған тілім — анам тілі — өз тілім.
    Туған тілім — далам тілі — өз тілім,
    Туған тілім — адам тілі — өз тілім.

10-сынып оқушылары: би

Ортада 10-сынып оқушыларының биі (Баян, Айша, Аружан).

9-сынып оқушысы: «Ана тілім» (І жүргізуші — Амина)

9-сынып оқушысы Адылханова Әлфияның орындауындағы «Ана тілім» атты өлең шумағын қабыл алыңыздар.

Ана тілім, жүрегісің анамның.
Жүрек — ана, мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім, егер сені ұмытсам.

Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым — сен, күшім — сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім, арыңа дақ түсірсем.

Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Ризамын отқа жанып сен үшін,
Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.

Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

Ана тілім, алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің — айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!

Тарихқа шегініс және көріністер (ІІ жүргізуші — Айбек)

Қазақ тілі тәуелсіздік алғанға дейін сан қилы қиындықтарды аз көрген жоқ. Осы жолды қалыптастыруда нағыз тіл жанашырлары да кінәсізден жауапқа тартылды. Қазақ тілінің тарихтағы жай-күйіне бір үңіліп көрейік.

Көрініс

1-көрініс

Көрініс

2-көрініс

Көрініс

3-көрініс

І жүргізуші (Амина): Уақыт өтті, адамдар өзгерді, заман да өзгерді… Туған ана тілін білмейтін адамдар да көбейді.

ІІ жүргізуші (Айбек): Осындай кезеңдерден де өттік. Бірақ өкініштің бәрі артта қалды. Енді тәуелсіз мемлекетімізде өз тілімізде сөйлеуге ешкім кедергі келтіре алмайды. Әр қазақ баласына өз тілінде сөйлеуге толық мүмкіндік жасалған.

Отан туралы ой және сұхбат

Басымды иіп,
Тіземді бүгіп тұрып,
Ажарымды айдындай шуақ тұнып.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.

Әр тілде «Отан» сөзі айтылады.

ІІ жүргізуші (Айбек): Амина, сен білесің бе, оқушылар қандай сөз айтып жатыр?

І жүргізуші (Амина): Біз «Отан» сөзінің әр тілде қалай айтылатынын естідік. «Отан» сөзі әр тілде әртүрлі айтылғанымен, біздің Отанымыз — біреу.

Ән: хор (6-сынып оқушылары)

Қорытынды сөз

Тілден асқан байлық жоқ. Тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс — мәңгілік байлық емес: бір күні сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын — тіл байлығы екенін ұмытпайық.

Қолда бар алтынның қадірін бағалай білейік! Ендігі жерде қазақ тілінің беделін көтеру, оның арын арлап, жоғын жоқтау — сіз бен біздің қолымызда.

Ана тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін! Ана тіліміз тек биіктерден көрініп, өркендей берсін!

Келіп тамашалағандарыңызға көп рақмет! Келесі кездескенше, қош сау болыңыздар!

Қосымша

Материал: «Тілім — тірегім, соғып тұрған жүрегім» — 22 қыркүйек, тілдер мерекесіне арналған іс-шара.