Әділ өткен ағалардың туған жері
Кештің мақсаты
Танымдық бағыт
- Оқушыларды Қазақстан Республикасының жетістіктерімен таныстыру.
- Тәуелсіздіктің мәнін терең ашып, түсіндіру.
- Қазақ халқының ерлігін, даналығын дәріптеу, ізгі қасиеттерін өнеге ету.
Тәрбиелік бағыт
- Елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілікті арттыру, патриоттық сезім ояту.
- Елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу; тілін, дінін, тарихын құрметтеуге баулу.
Көрнекіліктер
Кештің ашылуы
Сахна сыртынан
Қ. Әбділдәқызының «Тәуелсіздік» өлеңі оқылады.
Жүргізуші сөзі
«Қайырлы күн, құрметті ұстаздар! 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік — таң нұры» әдеби-сазды кешімізді ашық деп жариялаймыз».
Әдеби бөлім
Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын» шығармасынан үзінді оқылады.
Тарихқа шолу: халық жадындағы жол
1-оқушы (Дамир)
Еуразияның қақ ортасында орналасып, талай халықтың көне және қазіргі тарихына куә болған қазақ даласы — тағдыры талай жұртпен тоғысқан қасиетті мекен. Қазақ жері мен қазақ ұлты қаншама қиындықты бастан өткерді. Бір сәт өткен өмірге шолу жасайық.
Көрсетілім
«Көшпенділер» фильмінен үзінді.
2-оқушы (Азамат)
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз».
3-оқушы (Алмас)
Қазақ халқы — жауынгер халық. Олар аттың жалында, түйенің қомында жүріп-ақ ұлан-ғайыр жерді бізге мұра етіп қалдырды. Бұл жер — қазба байлыққа бай, шұрайлы, құнарлы әрі көркем өлке. Сұлу айдын көлдер, асқар таулар, шалқар белдер — Қазақстанның табиғи байлығының айғағы.
4-оқушы (Айбек)
XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» — ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. «Жау жеңетін жігітті жарағынан танимын, дау жеңетін жігітті талабынан танимын» дегендей, адастырмас ақылымен, әділ сөзімен, елді бірлікке шақырған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің орны ерекше.
Тұлғалар тағылымы және ұрпаққа аманат
Жүргізуші
Азат бүгін байлыққа тұнған жерім,
Азап жүгін, ел жауын қуған ері,
Әділет пен бірлікке жанын қиып —
Әділ өткен ағалардың туған жері.
Бес арыс ұлдары — «Елім» деп өткен ер.
Жалынды жырлары — жанымен өтелер.
Үш алып тұлғалар — бір болған ұраны,
Ғасырлық ұлылар — мәңгілік жыр-әні.
Көрсетілім
«Арыстар аманаты» бейнефильмін тамашалауға шақырамыз.
Желтоқсан жаңғырығы: намыс пен үміт
5-оқушы (Наурызбек)
Ұлттық намысымызды оятып, салт-санамызға қозғау салған, тәуелсіздікті бір табан жақындатқан қуанышты да, қайғылы да күн — Желтоқсан оқиғасы.
Дерек
- 8515 адам ұсталды.
- Прокуратура 5324 адамды тергеді.
- Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 550 адамды тергеді.
- 1283 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен медицина мекемелеріне жүгінді.
Жүргізуші
Өтіп кеткен тарихты біз жасырсақ,
Бөтен елдің билігіне бас ұрсақ,
Бұның бәрін дұрыс болмас түсінуің —
Тәуелсізсің, біліп қойғын, жас ұрпақ!
Тәуелсіздік жарияланған күн және бүгінгі белес
6-оқушы (Қанағат)
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялады. Бұл — қазақ халқы үшін тарихи оқиға: еліміз әлем картасынан өз орнын тапты. Бүгінде экономикада, әлеуметтік және мәдени салада елеулі жетістіктерге жеттік. Ел ішінде жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт әрі еркін жағдайда өмір сүріп келеді.
7-оқушы (Айнұр Т.)
Бүгіннің биігінен көз саламын еліме —
Бақыты мен шаттығы мол қазыналы жеріме.
Қазақстан — бүгін міне, жеке отау, салтанаты жарасқан,
Бір отбасы, бір туысқан, бір-біріне қарасқан!
Қазақстан — бүгін міне, достықтың туын тіккен жер:
Мәуелі бақтай жемісін шашқан көп ұлттар,
Бір кісідей маңдай терін төккен жер!
Бүгін міне, өркендеуде өнеркәсіп, шалқып өсер шаруамыз,
Мәдениет те таң қалдырып, ғылымымыз өрлеуде.
Байтақ Отан қол соғады дәл осындай қарқынға:
Самға, самға, өс, өркенде, жайна, елім — аршында!