Шарасыз ана
ШҚО • Аягөз ауданы • Мамырсу ауылы
С. Ғаббасов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп КММ
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі: Төлеуова Аманжан Талгаровна
Пәні: Әдебиет • Сыныбы: 8
Сабақтың тақырыбы
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Жыр дүлдүлі, ақиық ақын, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев шығармаларының мазмұнын терең ұғындыру. Поэманың тақырыбы мен идеясын, көркем бейне табиғатын таныту.
Тәрбиелік
Ақын туындылары арқылы елін, туған жерін, табиғатты сүйе білуге, адамгершілік пен мейірімділікке баулу. Эстетикалық тәрбие бере отырып, табиғатқа ізгі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Дамытушылық
Поэзияға сүйіспеншілікті арттыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.
Сабақ форматы
Түрі
Білім мен дағдыны қалыптастыру сабағы.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Мәнерлеп оқу
- Топтық жұмыс
- Проблемалық сұрақтар
Көрнекілік және ресурстар
- Ақын өмірінен слайдтар
- Ақын өлеңін тірі дауыста үнтаспадан тыңдату
- Т. Момбековтың «Салтанат» күйі, Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі
- Ақын туралы естеліктер мен бағалар
- Жетімкөлдің, аққудың суреттері, шыршалы тоғай көрінісі (интербелсенді тақта)
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу, оқушыларды түгендеу, назарын сабаққа аудару.
- Психологиялық дайындық: тренинг «Тілек тілей білеміз бе?»
- Тілек айту арқылы оқушыларды топқа бөлу.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылар ақынның өзіне ұнаған өлеңдерін жатқа оқиды. Әр топ Мұқағали ақынның өмірі, шығармашылығы, естеліктері жайлы тың деректер мен дәйектер ұсынады.
1-топ: «Менің Мұқағалиым»
Ақынның туған жері Қарасазға, Хан Тәңірі мен Шалкөде табиғатына сүйіспеншілігін сипаттап, туған жерге арналған бір шумақ өлеңнен үзінді оқиды.
2-топ: Ақын өлеңдерінің тақырыптары
Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, сынға да ұшырады. Дегенмен «ақындық — атақ емес, ар» деген ұстанымды берік ұстап, шен-шекпенге, лауазым-атаққа қызықпады. Қай тақырыпты жазса да жалған сезімге, жылтырақ сөзге әуес болмады.
Дәйексөз
«Мен жырламаймын, сырласамын.
Сыры бір замандаспен мұңдасамын.
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым…»
«Тіпті де мен еместі “Мен” дегенім…
Өзгенің жан-сырын ұғу үшін,
Өзімді зерттегенді жөн көремін».
«Өмірдастан» топтамасында жесір жеңге образы арқылы тылдағы халық өмірі, ар мен намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізіледі:
«Болған-ды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демде…
Дариға жеңгем күлгенде…»
Алғашқы жыр жинағы жарық көргенде ақын 33 жаста еді. Өмірінің соңғы 12 жылы қалғанын жүрегі сезгендей, уақытқа асыға үн қатады:
«Қай күні менің тәмамдалады дастаным?
Бітпесе екен, жаңа ғана бастадым…»
Үлкен қаладағы үйсіздік пен күйсіздік, қызметтің жиі ауысуы секілді қиындықтарға қарамастан, Мұқағали поэзияға деген шексіз махаббатына адал қалды.
3) Жаңа сабақ
Мұқағали Мақатаев орта мектепті интернатта оқып бітіріп, еңбекке ерте араласты: ауылдық кеңестің хатшысы, жеті жылдық мектептің мұғалімі болды. Кейін республикалық радиоға диктор болып жұмысқа тұрды. 1962 жылы Алматыға көшіп келіп, «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, кейін «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды.
Мұқағали үні
«Сырым да осы, жырым да осы — алдыңда,
Байқашы, бір бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты —
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»
Анасының естелігіне сүйенсек, Мұқағали 14–15 жасынан-ақ өлеңге шындап ден қоя бастаған. Төбесі аласа ғана тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, талмай оқитын болған.
Поэманы қабылдауды күшейту үшін алдымен Т. Момбековтың «Салтанат» күйі тыңдатылады. Одан кейін мәтін мәнерлеп оқылып, оқушылармен бірге мазмұндық жоспар құрылады.
Мазмұндық жоспар (қысқаша)
Тау басындағы көл
- Жетімкөлдің емдік қасиеті
- Жағадағы дәстүр жалғастығы
- Жетімкөлдің жетімсіреуі
Ауру бала
- Баланың сырқатқа шалдығуы
- Баласын күзеткен ана
- Тәуіп шал айтқан ем, ананың шешімі
Оқыс атылған мылтық
- Жылқышы қарт
- Шарасыз ана
- Халық ырымы
Шешім
- Аққудың киесі
- Бала өлімі
- Ана қасіреті
Композициялық талдау (сюжеттік желі)
- Басталуы: Жетімкөл туралы аңыз
- Дамуы: Ауру бала. Тәуіптің емі
- Байланысуы: Ұзақ түн. Дәрменсіз ата-ана
- Шарықтау шегі: Оқыс атылған мылтық. Көл бетіндегі астан-кестең
- Шешімі: Аққудың киесі. Жалғыз ұлынан айырылған ананың қайғысы
Музыкалық-эмоциялық әсер
Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі тыңдатылады. Аққуға қатысты слайдтар көрсетіледі.
Топтық жұмыс: мәтінмен жұмыс
Поэмадан троп түрлерін табу
- Эпитет
- Кейіптеу
- Теңеу
Кейіпкерлерге мінездеме
- Баланың анасы
- Баланың әкесі
- Тәуіп шал
- Жылқышы қарт
4) Бекіту сұрақтары
- Поэманың оқиғасына, тақырыбы мен тіліне ұқсас қандай шығармаларды білесің?
- Ананы киелі құсқа оқ атуға мәжбүр еткен не?
- Оқиғаны сен қалай аяқтар едің?
- Аққуды атуға бола ма? Неліктен?
- Аққудан басқа қандай аң-құсты киелі деп білесің?
- Бүгінгі таңда аң-құсты қорғау мәселесі қандай деңгейде деп ойлайсың?
5) Қорытынды ой
Дүниеде екі ана бар: бірі — адамның анасы, екіншісі — тіршіліктің анасы, табиғат. Екеуі де мейірімді. Ендеше, кез келген ананың жүрегін жаралауға да, табиғатқа қаталдық жасауға да, оны бүлдіруге де хақымыз жоқ.
Поэмадағы ең ауыр түйін — ананың аққуды атуға мәжбүр болуы. Ол олардың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын біле тұра оқ атады. Неге? Не себеп? Осы сұрақтар оқушыны адамдық таңдау, ар-ұят, табиғат алдындағы жауапкершілік жайлы терең ойға жетелейді.
Ақынның уақыт пен болашаққа сенімі
«Білемін, керемет бір күні келеді,
Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді.
Көремін, керемет бір күн кешемін,
Болашағым сенімен бірге өсемін».
Мұқағали — қазақ ауылын, тауды, кең даланы ерекше жырлаған ақын. Оның поэзиясынан табиғатқа деген іңкәрлік те, адам жанының нәзік күйі де анық сезіледі:
«Өлмесін деп берген ғой тауды маған,
Мен күңіренсем күрсініп, тау жылаған».
«Таулар — менің таусылмайтын бақытым,
Ал, ырысым — ұлан-ғайыр кең далам».
Бүгінде Мұқағали Мақатаев Алматыдағы Кеңсайда мәңгілік дамыл тапқан. Дегенмен оның жыры — тірі: оқырманымен бірге жасап, ұрпақ санасында жаңғырып келеді.
Бағалау
Оқушылардың мәнерлеп оқуы, талдауы, топтық жұмыстағы белсенділігі және дәлелді пікір айтуы негізінде бағаланады.
Үй тапсырмасы
- «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын толық оқып келу.
- Өзіңе ұнаған жерінен үзінді жаттау.
- Қосымша: поэманың толық нұсқасын жүктеп оқу (мүмкіндік болса).