Толықтыру тест

Тесттік бақылаудың орны мен маңызы

Оқушылардың білімінің мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестігін бақылауды ұйымдастырудың тиімді түрлерінің бірі — тесттік бақылау жүйесі. Әлемдік тәжірибеде тест тапсырмалары арқылы білім сапасы мен деңгейін бағалау жоғары технологиялар қатарына жатқызылады. Көптеген дамыған елдерде тестілеу әдісі қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған.

Соңғы жылдары тесттік әдіс оқу үдерісіне қатысты ұйымдардың көбінде кеңінен қолданылып келеді. Тарихи дерек бойынша, оқушылардың білімін тексеру мақсатында тестті алғаш рет 1864 жылы ағылшын педагогы Джордж Фишер қолданған.

Тесттік бақылаудың негізгі функциялары

1) Диагностикалық

Оқушының білім деңгейін, тілдік бірліктерді қаншалықты меңгергенін анықтайды. Объективтілігімен тест педагогикада маңызды орын алады.

2) Оқыту

Оқу материалын меңгеруге деген белсенділікті арттырады. Ұқсас тесттерді салыстыруға және орындалған тест нәтижесін талдауға үйретеді.

3) Тәрбиелік

Есте сақтау, қайталау, уақытты тиімді жоспарлау дағдыларын қалыптастырады. Талдау барысында оқушы өз біліміне сыни көзқараспен қарауға үйренеді.

Қазақ тілі сабағында қолдануға тиімді тест түрлері

Өз сабақтарымда тесттік бақылаудың төмендегі түрлерін жүйелі түрде қолданамын. Әр тест түрі оқушының деңгейі мен сабақ мақсатына қарай тиімді нәтиже береді.

1) Ашық тест

Білім деңгейі жоғары, шығармашылық қабілетін дамытуға талпынатын оқушыларға лайық. Себебі оқушы жауапты толықтай өзі құрастырып жазады.

2) Балама тест

Сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді. Бұл түрі үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс барысында тиімді.

3) Сәйкестік тест

Бағандар бойынша дұрыс жауапты сәйкестендіру арқылы орындалады. Модуль бойынша сөздік қорды және сөздік жұмысты тексеруге өте тиімді. Бұл тест түрін орыс сыныптарында жиі қолданамын.

4) Толықтыру тест

Ережелерді бекіту және есте сақтау үшін 5–9-сыныптарда жүргіземін.

5) Анықтау тест

Жауабы қысқа болуы шарт. Сабақты қорытындылау кезеңінде нәтижені жылдам анықтауға қолайлы.

6) Таңдау тесті

Оқушыға дұрыс және қате жауап нұсқалары беріледі. Нұсқалар саны төрттен кем болмағаны жөн. МАБ пен ҰБТ-ға дайындық мақсатында осы түрді сабақтарымда жиі қолданамын.

Қорытынды

Жоғарыда аталған тестілеу әдістері тақырыпты немесе тарауды оқушылардың қандай дәрежеде меңгергенін қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тоқсандық, жылдық және қорытынды білім деңгейін тексерудің тиімді жолы болып табылады.

Толық нұсқасын жүктеу

Жүктеу