Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып, сөйлемнің түрін ажырат

Сабақ жоспары Қазақ тілі

Жалаң және жайылма сөйлемдер

Бұл сабақта оқушылар жалаң және жайылма сөйлемдердің айырмашылығын анықтайды, жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыруды үйренеді және сөйлемдегі сөздерді сөйлем мүшелеріне дұрыс талдауға дағдыланады.

Мақсаттар

  • Білімділік: жалаң және жайылма сөйлем туралы түсінік беру; жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыруға үйрету; сөйлем мүшелерін дұрыс талдау.
  • Дамытушылық: жай сөйлем туралы білімді тереңдету; ой-өрісті, тіл байлығын кеңейту.
  • Тәрбиелік: ұқыптылыққа, сауатты әрі таза жазуға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Формат және ресурстар

Сабақ түрі
Жаңа сабақты өздігінен меңгерту
Әдістер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, топпен жұмыс, талдау
Көрнекілік
Постер, тапсырмалар, суреттер

Сабақ барысы

  1. I

    Ұйымдастыру кезеңі

    Сабаққа көңіл күй қалыптастыру (өлең жолдары):

    1, 2, 3 — сынып болсын тып-тыныш.
    Қайырлы күн, достым, қайырлы күн болсын!
    Бүгінгі күнің сәттілікке толсын.
    Бір сыңарым — мен, бір сыңарым — сен.

    Топқа бөлу: «Бір сыңарым — мен, бір сыңарым — сен» ойыны арқылы. Оқушылар түстерді таңдап, өз топтарын табады және таңдағанын тақтадағы постерге жапсырады.

    «Жақсы сөз — жанға қуат»

    Топтар бір-біріне ізгі тілек айтып, ақ ниеттерін білдіреді.

  2. II

    Үй тапсырмасын тексеру

    «Ұққаныңды айт, ұмытқаныңды есіңе түсір» — өткен материалды еске түсіру үшін төмендегі сұрақтар қойылады:

    • 1) Сөйлем құрылысына қарай нешеге бөлінеді?
    • 2) Жай сөйлем дегеніміз не?
    • 3) Жай сөйлемнің түрлері қандай?
    • 4) Жалаң сөйлем дегеніміз не?
    • 5) Жайылма сөйлем қалай жасалады?
  3. III

    Жаңа сабақты түсіндіру

    Мұғалім тақтаға сөйлемдер жазып, оқушыларға сөйлем мүшелеріне талдата отырып түсіндіреді:

    Мысал 1

    Жаңбыр жауып тұр.

    Мысал 2

    Қоңырау соғылды.

    Талқылау сұрағы

    Қандай ерекшелік байқадыңдар? Бұл сөйлемдерде тұрлаусыз мүше жоқ, тек тұрлаулы мүшелер ғана қатысқан.

    Жалаң сөйлем: анықтама

    • Тек қана тұрлаулы мүшелерден тұратын жай сөйлем жалаң сөйлем деп аталады.
    • Бастауыш пен баяндауыштан ғана тұратын жай сөйлем — жалаң сөйлем.

    Оқушылар өздері шығарған ережені оқулықтағы анықтамамен салыстырады.

    Жалаң сөйлемді жайылмаға айналдыру

    Жалаң

    • Жаңбыр жауып тұр.
    • Қоңырау соғылды.

    Жайылма

    • Жаңбыр себелеп жауып тұр.
    • Қоңырау шыр етіп соғылды.

    Оқушылар екі сөйлемнің айырмашылығын ажыратып, сөйлемді талдау арқылы қорытынды жасайды.

    Жайылма сөйлем: анықтама

    • Тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер қатысқан сөйлем жайылма сөйлем деп аталады.
    • Тұрлаусыз мүшелері бар сөйлем — жайылма сөйлем.

    Қорытынды: жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыруға болады. Демек, жалаң сөйлемсіз жайылма сөйлем құрылмайды.

    Жалаң сөйлем мүшелері

    Бастауыш, баяндауыш

    Жайылма сөйлем мүшелері

    Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш

    Мәтіннен талдау (үлгілер)

    Мысал

    Жақсы сөз жалын мен оттан жаралады.

    Мысал

    Қызықты кітапты оқи бергің келеді.

    Оқушылар сөйлем мүшелеріне талдап, жалаң және жайылма сөйлемдердің ерекшеліктерін анықтайды.

  4. IV

    Жаңа сабақты бекіту (жаттығулар)

    7-жаттығу

    Жұппен/жеке

    Берілген жалаң сөйлемдерді жайылма сөйлемге айналдыр.

    • Тау мұнартады.
    • Өсімдік көктейді.
    • Жел тұрды.
    • Шық түсті.
    • Бұлт қаптады.

    8-жаттығу

    Талдау

    Жайылма сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талда.

    • Депутат сайлаушылармен кездесті.
    • Ар алтынмен өлшенбейді.
    • Күзгі суық өңменінен өтті.
    • Дулат ертең ауылға жүрмекші.
    • Аңшы қақпан құрды.
    • Құсбегі бүркіт салды.

    10-жаттығу (ауызша)

    Кеңейту

    Берілген сөйлемдерді тұрлаусыз мүшелер қосу арқылы жайылма сөйлемге айналдыр.

    Үлгі 1

    Атам қыстауға келді.

    Атам бүгін қыстауға келді.

    Үлгі 2

    Ақан мектептен келді.

    Ақан мектептен қазір келді.

    Үлгі 3

    Хамит Болатпен сөйлесті.

    Хамит Болатпен бүгін сөйлесті.

    Үлгі 4

    Қонақтар көрмеде болды.

    Қонақтар кеше көрмеде болды.

    11-жаттығу

    Суретпен жұмыс

    Суретке қарап әңгіме құра.

    Тірек сөйлемдер

    • Абай отыр.
    • Хамит күндегісінен ерте тұрды.

    Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қой

    Сөздерді қойып, сөйлемнің түрін (жалаң/жайылма) анықта.

    Оқыған — білер.

    Білімді — мыңды жығар.

    Сергіту сәті

    Орнымыздан тұрамыз,
    Қолды белге қоямыз.
    Бұрыламыз оңға бір,
    Бұрыламыз солға бір.
    Біздер тату баламыз,
    Гүл-гүл жайнап жанамыз.
    Жаттығулар жасасақ,
    Жақсы сергіп қаламыз.

    9-жаттығу: «Тапқыр болсаң тауып көр»

    Сөзжұмбақ

    Сөзжұмбақты шеш.

    1. Табиғи дарын, ерекше қабілет.
    2. Тор құратын жәндік.
    3. Үстімен пойыз, трамвай доңғалағы жүретін болат жол.
    4. Сан: төрт.

    1-топ

    «Талант» сөзімен жайылма сөйлем құра.

    2-топ

    «Өрмекші» сөзімен жалаң сөйлем құра.

    3-топ

    «Рельс» сөзімен сөйлем құра.

    «Теріп жазып түсіндір» тапсырмасы

    Мақал-мәтел

    11-жаттығу бойынша: қарамен берілген сөздерді теріп жазып, олармен сөйлем құра. Нәтижесінде бір мақал шығады.

    Мақалдар

    • Аузында сөзі тұрмастың бір жерде өзі тұрмас.
    • Сөз асылы — кітапта.
    • Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын.
    • Оқуын тапса, білім қонар.

    Бағыт

    Әр мақалдан сөйлем түрін анықтап, сөйлем мүшелерін көрсетуге дайындал.

    Шығармашылық тапсырма

    Жалаң және жайылма сөйлемдерді қатыстырып, «Күз» тақырыбына шағын шығарма жаз.

  5. V

    Қорытынды: «Ойыңды ортаға сал»

    Сабақты қорытындылау үшін сұрақтарға жауап беріледі:

    • 1) Сөйлем дегеніміз не?
    • 2) Сөз тіркесі дегеніміз не? Оның сөйлемнен қандай айырмашылығы бар?
    • 3) Сөйлем айтылу мақсатына қарай қалай бөлінеді?
    • 4) Жалаң сөйлем дегеніміз не? Мысал келтір.
    • 5) Жайылма сөйлем дегеніміз не? Мысал келтір.
  6. VI

    Үй тапсырмасы

    Оқулықтағы тапсырмалар бойынша жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыруға және жайылма сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдауға бағытталған жаттығуларды аяқтау.

  7. VII

    Бағалау

    Оқушылардың сабаққа қатысуы, топтық жұмыстағы белсенділігі, сөйлем мүшелерін дұрыс талдауы және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.