Зат көлемін қате қабылдау
Кіріспе
Ежелден-ақ адамдар көзге көрінетін алдамшы құбылыстарға қызығып қана қоймай, оларды саналы түрде өз тәжірибесінде қолдануға ұмтылды. Кеңістіктің тереңдігін сезіндіру үшін жазықтықта үлкен денелерді бейнелеуге тырысты. Мыңдаған жыл бойы көру елестері сәулет өнерінде белгілі бір кеңістік әсерін жасауға мақсатты түрде пайдаланылып келеді. Мысалы, залдардың биіктігі мен аумағын кеңейтіп көрсетуде.
Көру елестері бейнелеу және цирк өнерінде де тиімді қолданылған. Сонымен қатар олар кинематография мен телевидениенің негізін құрап, баспа ісінде және әскери салада да өз орнын тапты.
Қазіргі өмірде көру нақтылығы үлкен рөл атқарады әрі ол ақиқатпен үйлесіп жатқандай көрінеді. Дегенмен ғылым мен техниканың дамуына қарамастан адам көптеген жағдайда субъективті бағалауын жалғастыра береді. Бұл күнделікті тұрмыста аса қауіпті болмауы мүмкін, бірақ өлшеуді қажет ететін салаларда елеулі қателікке ұрындыруы ықтимал. Халық арасында кең тараған «көз алдайды» деген сөз де осыған меңзейді.
Көз — әлемді өлшейтін дәл құрал емес, сондықтан оған қателесу тән. Осындай қателіктер оптикалық елестер (оптикалық иллюзиялар) деп аталады. Бұл — нақтылықтың қате көрінісі. Себептері әртүрлі болғандықтан, оптикалық елестердің түрі де өте көп.
Өмірде қабылдауымыз да кейде алдамшы: көп нәрсе алғаш байқағанымыздан мүлде бөлек болып шығуы мүмкін. Тіпті қарапайым заттардың өзінен күтпеген ерекшеліктер байқалады. Көргеніміздің бәріне сене аламыз ба? Ешкім байқамағанды біреу көре ала ма? Жылжымайтын нәрсе қозғалғандай көрінуі мүмкін бе? Оптикалық елестердің түрлері қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеу — бұл зерттеудің негізгі өзегі.
Жобаның мақсаты
- Көру елестерінің кең тараған түрлерін және олардың табиғатын түсіну.
- Көзбен қабылдау иллюзияларын тәжірибе жүзінде зерттеу.
- Оптикалық елесті өз бетінше құрастыруға әрекет ету.
Жобаны жүзеге асыру жолдары
Ақпарат жинау
- Түрлі ақпарат көздерін зерттеу.
- Оптикалық елестердің түрлерін жинақтау.
- Виртуалды елестерге арналған сайттар мен материалдарды қарастыру.
Тәжірибе және нәтижелеу
- Адамның оптикалық елестерді қабылдауға қаншалықты «қарсы тұра» алатынын анықтау.
- Оптикалық елестердің фото-бейнелерін құрастыру.
Негізгі бөлім
1) Көру елестерінің табиғаты
Көру елестері көру жүйесінің ақпаратты өңдеу үдерісіндегі шектеулер мен қателіктерге байланысты пайда болады. Кейбір ортада нақты нысандарды бақылағанда немесе ерекше жағдайларда адам нысанның көлемін, пішінін, түсін, қозғалысын, жарықтануын толық әрі дәл бағалай алмауы мүмкін.
«Алдамшы» бейнелер кейде соншалықты сенімді көрінеді, адам оны өз қалауы бойынша «түзете» алмайды. Сонымен қатар көру елестеріне тек қана қабылдаудың қате тетіктері емес, адамдар арнайы жасаған көптеген визуалды тиімділіктер де жатады. Мұнда кемшілік емес, керісінше көру жүйесінің іргелі қасиеттері негізге алынады.
Елестердің негізгі себептері
- Көз жарықты қабылдағанда миға жеткізілетін ақпараттың «бұзылып» берілуі.
- Ақпараттық белгілердің жүйке арқылы берілуі бұзылғанда қабылдаудың қателігі күшеюі.
- Мидың көзден келген белгілерді әрдайым дұрыс түсіндіре бермеуі.
Жалпы алғанда, оптикалық елестер көбіне екі фактордың тоғысуынан туады: көздің физиологиялық жұмысы және мидың ақпаратты қате интерпретациялауы.
2) Оптикалық елестердің кейбір түрлері
Оптикалық елестер құбылысын зерттеу XIX ғасырда-ақ басталғанымен, ғалымдар олардың қалай «жұмыс істейтінін» толық түсіндіре алмай келеді. Ежелден бері бұл құбылыстардың көру жүйесі қызметінің бұрмалануымен байланысты екені белгілі болды.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында геометриялық фигуралардың көлемі мен пішінін бағалаудағы қателіктерді көрсететін тестік бейнелер көптеп жасалды. Мұндай елестерде нысан туралы түсінік көбіне оны қоршаған контекстке тәуелді болады: айналасындағы сызықтар, фигуралар, фон және перспектива әсер етеді.
Техниканың дамуы жаңа, әсіресе динамикалық (қозғалатын және өзгермелі бейнелерге негізделген) елестердің пайда болуына жол ашты. Оларды компьютерлік техника көмегімен жасауға болады.
2.1) Зат көлемін қате қабылдау
Екі түзу сызықтың ұштарына салынған бұрыштар әртүрлі бағытталса, сызықтардың ұзындығы әрқалай қабылданады: бұрыштары бір-біріне қарай бағытталған сызық қысқалау, ал бұрыштары сыртқа қараған сызық ұзындау көрінеді.
Дәл сол сияқты, бірдей дөңгелектердің айналасына әртүрлі (үлкен-кіші) дөңгелектер қойылса, негізгі дөңгелектердің көлемі де әртүрлі болып көрінуі мүмкін. Мұнда қабылдауға тұтастық әсері және контраст заңы ықпал етеді: заттың «үлкен-кішісі» айналасындағы нысандарға салыстыру арқылы бағаланады.
2.2) Заттардың формасының бұрмалануы
Қатар жатқан түзу сызықтарды айқасқан немесе толқынды қисық сызықтар фонында қарасақ, олар параллель емес сияқты көрінуі мүмкін. Сол сияқты, шеңберді қисық сызықтар фонында бақылағанда оның дұрыс формасы бұрмаланып қабылданады.
Бұл құбылыс фонның көрнекі ерекшеліктері сол фонда тұрған нысанның қабылдануына тікелей ықпал ететін қабылдау заңдылығымен түсіндіріледі.
2.3) Геометриялық перспектива иллюзиясы
Бірдей екі зат әртүрлі қашықтықта тұрса, көлемі әртүрлі көрінуі мүмкін: жақындағысы кішірек, алыстағысы үлкенірек болып қабылданады.
Ең танымал мысалдардың бірі — психолог әрі офтальмолог Адельберт Эймс жасаған Эймс бөлмесі. Бұл үшөлшемді оптикалық иллюзияда бөлменің бір бұрышындағы адам өте ірі, ал екінші бұрышындағы адам аласа болып көрінеді. Құпиясы — перспектива заңдарын айламен қолдануда: бөлме сырт көзге дұрыс тікбұрышты сияқты көрінгенімен, шындығында геометриясы әдейі бұрмаланған.
Мұнда адамның миы көлемді тікелей өлшеммен емес, қашықтық туралы жорамалға сүйеніп бағалайды.
2.4) Вертикаль сызықтардың асыра бағалануы
Бірдей өлшемдегі вертикаль және горизонталь сызықтарды салыстырғанда, көп жағдайда вертикаль сызық ұзындау болып көрінеді. Соған сәйкес заттың биіктігі нақты өлшемінен биігірек қабылданады.
Бұл елес тұрақты болғандықтан, тәжірибеде жиі ескеріледі: ғимарат биіктігін бағалауда, баспа әріптерінің өлшемін жобалауда және басқа да визуалды өлшемдерде.
Осыған ұқсас әсер кейбір цифрларды қабылдауда да байқалады: мысалы, 3 және 8 таңбаларының бөліктері тең сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олардың жоғары бөліктері төменгі бөліктерінен сәл кішілеу болуы мүмкін. Таңбаны төңкеріп қарағанда бұл айырмашылық айқынырақ байқалады.
2.5) Түсті қабылдау елестері
Жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігі қиылыстарда, әсіресе іңірде орын алатыны жиі айтылады. Кешкі мезгілде жарық әлсірегенде, негізгі қиындық түс пен жарықты ажыратуға байланысты туындайды. Түсті және жарықты тануға жауап беретін жасушалар өте сезімтал: олардың бір бөлігі белсенді болып, қалғандары жеткілікті жұмыс істемесе, қателесу ықтималдығы артады.
Түнде жүргізуші бағдаршам жарығын кенет байқаса, ақпараттың шамадан тыс әсерінен оны кейде жай ғана қолшамның жарығындай (ақшыл болып) қабылдап қалуы мүмкін. Сондықтан бағдаршамдардың уақыт тәртібі көздің түсті айыруына мүмкіндік беретіндей етіп таңдалады. Мысалы, қозғалыс қарқынды тұстарда бағдаршамда жасылға шамамен 50 секунд, сарыға 5 секунд, қызылға 25 секунд берілуі мүмкін.
Егер көру үшін тым қанық түстерге ұзақ қарасақ, түстік иллюзия пайда болады. Осы себепті кейбір суретшілер күнді ақ түспен бейнелейді: түстердің қанықтығы шегіне жеткенде, қабылдауда ақшыл әсер күшейеді.
Көзде түсті сезінуге жауапты үш түрлі конус жасушалары (колбочкалар) бар: бірінің сезімталдығы көкке, екіншісінікі жасылға, үшіншісінікі қызылға бейім. Әрқайсысының қозу деңгейіне қарай біз түстерді қабылдаймыз.
2.6) Жылжымалы (динамикалық) иллюзиялар
- Қозғалыстағы бірдей екі допқа қарағанда, олардың көлемі әртүрлі болып көрінуі мүмкін.
- Айналып тұрған екі бейне кейде әртүрлі бағытта айналып тұрғандай, тіпті теңселгендей әсер беруі ықтимал.
Кейбір елестер түскен ақпаратты өңдеу тәсіліне де байланысты. Адам кейде әлемді дәл қазіргі қалпында емес, өзіне таныс әдеттеріне, ішкі күткеніне, тілегіне сай «құрастырып» қабылдайды. Қабылдау ниетке де тәуелді, әсіресе маңызды оқиғаларда бұл әсер күшейеді.
Мысалы, адамның бет-әлпеті ерекше мәнге ие болғандықтан, оны әдеттен тыс жағдайда қабылдау қиынырақ: негатив фотода адамды тану күрделене түседі. Ал геометриялық фигуралар көлеңке мен жарыққа байланысты бүгіңкі немесе шығыңқы болып көрінуі мүмкін.
Қабылдаудағы іріктеуге эмоциялық қатынас қатты әсер етеді: адамға бейтарап нысан елеусіз қалуы мүмкін, ал қызығушылық тудырған нәрсе қабылдаудың негізгі нысанына айналады. Сондай-ақ өткен тәжірибе де қабылдауды бағыттап, көргенді түсіндіруге ықпал етеді.
Өңір
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жаланаш ауылы
Мектеп
Жамал Ермегияев атындағы орта мектеп, 10-сынып
Автор және жетекші
Жұмахан Айгерім
Жетекшісі: Утегенова Сауле Батжанова