Жақсы адамдар
Мінез – адам көрсеткіші
Қасиеттер
- Тазалық
- Ізгілік
- Адалдық
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға мінездің адам көрсеткіші екенін түсіндіру арқылы «Ішкі тыныштық» құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері
- 1 Оқушылардың көңіл тазалығы туралы түсінігін кеңейту.
- 2 Оқушылардың бойында ізгілік қасиеттерін дамыту.
- 3 Оқушыларды тазалыққа, ізгілікке, адалдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқу құралдарын тексеру, сабаққа назар аударту.
«5Т» ережесі
2) Тыныштық сәті
Тыныс алуға зейін қою. Фон ретінде «Волшебная композиция — Хрустальная грусть» әуені баяу ойнап тұрады.
Жаттығу нұсқаулығы
- Аяқ-қолды айқастырмай, түзу отырамыз.
- Көзімізді жұмып, арқамызды тіктейміз, қолды тізеге қоямыз.
- Ауаны ішке тартқанда тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз.
- Баяу түрде 6–7 рет: «Дем аламыз… дем шығарамыз…»
- Көзімізді жайлап ашамыз.
3) Үй тапсырмасын тексеру
14-сабақ. М. Тиесовтың «Дән мен тас» ертегісін оқу (70–74-беттер). Тақырып бойынша 3 сұрақ және құндылық бойынша 3 сұрақ талқыланады.
Тақырып бойынша сұрақтар
- Дәнге тән қасиеттер қандай?
- Тастың ішкі табиғаты қандай?
- Дән мен тастың тағдыры не болды?
Құндылық бойынша сұрақтар
- Ертегіде адамға тән қандай қасиеттер көрінеді?
- Жан тыныштығы қай кезде пайда болады?
- Жаны тыныш адам өзін қалай ұстайды, одан қандай іс-әрекет күтуге болады?
4) Дәйексөз
«Көңіліңді, бойыңды таза бұлақтай таза ұста!»
Талқылау сұрақтары
- Дәйексөзде қандай тазалық туралы айтылған?
- Көңіл тазалығы адамға не үшін қажет?
5) Әңгімелеу: мұғалімнің сыйы
Бүгінгі сабаққа мұғалім оқушыларға жүрек тазалығы мен ізгі ниеттің құдіретін көрсететін аңыз әңгіме ұсынады.
Аңыз әңгіме: «Ағайындылар»
Ертеде бір патшалықта екі ағайынды өмір сүріпті. Үйлері таудың екі бетінде орналасса да, бір-біріне үнемі көмектесіп, тату-тәтті ғұмыр кешеді.
Бір күні олар егінді жинап, теңдей бөліп алады. Түнде үлкен ағасы ойланып қалады: «Егінді тең бөлгеніміз дұрыс болмады. Інім шаруашылығын енді бастап жатыр, оған көбірек керек». Сөйтіп, ол білдіртпей бір қап бидайды інісінің қоймасына апарып тастайды.
Дәл сол түні інісі де ойға шомады: «Жоқ, біз әділ бөлмедік. Ағамның отбасы үлкен, жасы да үлкен — оған көбірек керек». Таңға жақын ол да бір қап бидайды ағасына апарып қояды.
Таңертең екеуі де қоймасына қарап таң қалады: «Кеше бір қап апарған едім, бірақ бидай азаймаған сияқты…». Қаптарды қайта-қайта санайды — бәрібір өзгеріс жоқ. «Бұл қандай ғажайып?» дейді.
Келесі түні толық ай даланы жарықтандырып тұрған кезде, ағасы мен інісі тағы бір-бір қап бидай арқалап шығады. Қарағай түбінде екеуі жолығып қалады. Бір-біріне қарап тұрып, бәрін түсінеді де, қатты күліп жібереді. Осы оқиғадан кейін олар бір-бірін бұрынғыдан да артық қадірлеп, сүйіспеншіліктері нығая түседі.
Әңгіме бойынша сұрақтар
- Ағайындылар қалай өмір сүрді?
- Екі жігіт қандай әрекет жасады?
- Олар бір-біріне неге риза болды?
- Ой-ниеттің адамға тигізер әсері қандай?
Құндылық бойынша сұрақтар
- Жүрек тазалығы қандай жағдайларда көрініс табады?
- Таза, нұрлы жүрек қандай болады?
- Нұрлы жүректің шапағатын айналаңа қалай шашасың?
6) Шығармашылық жұмыс (топтық)
Оқушылар түстер арқылы екі топқа бөлінеді. Ән мәтініндегі бос орындарға ұйқас тауып, өлең жолдарын құрастырады. Әр топқа тапсырма парақшалары үлгімен таратылады.
I топ
1-шумақ (берілген)
Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар, Жайсаң мінез өз-өзін басқара алар. Табаныңның астында жатады әлі Мінездерін түзете алмағандар.
Қайырмасы (берілген)
Жақсы адамдар, жақсы адамдар, Мінезге бай өздері жайсаң жандар. Жақсы адамдар, жақсы адамдар, Айналаға шуағын шашқан жандар. Жақсы адамдар.
2-шумақ (толтыру)
Жақсы көрем сендерді, жақсы адамдар, ---------------------------------------------------- Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар, ----------------------------------------------------
Қайырмасы (толтыру)
Жақсы адамдар, жақсы адамдар, ---------------------------------------------------- Жақсы адамдар, жақсы адамдар, ---------------------------------------------------- Жақсы адамдар.
II топ
1-шумақ (берілген)
Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар, Жайсаң мінез өз-өзін басқара алар. Табаныңның астында жатады әлі Мінездерін түзете алмағандар.
Қайырмасы (берілген)
Жақсы адамдар, жақсы адамдар, Мінезге бай өздері жайсаң жандар. Жақсы адамдар, жақсы адамдар, Айналаға шуағын шашқан жандар. Жақсы адамдар.
3-шумақ (толтыру)
Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар, ---------------------------------------------------- Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар, ----------------------------------------------------
Қайырмасы (толтыру)
Жақсы адамдар, жақсы адамдар, ------------------------------------------------- Жақсы адамдар, жақсы адамдар, -------------------------------------------------- Жақсы адамдар. Жақсы адамдар, жақсы адамдар, -------------------------------------------------- Жақсы адамдар, жақсы адамдар, -------------------------------------------------- Жақсы адамдар.
Мұғалім:
Ендеше, тапсырманы орындап көрейік!
7) Топпен ән айту
Ән: «Жақсы адамдар» (әні мен сөзі: А. Оралов). Қалауы бойынша оқушылар өздері ұйқастырған өлең жолдарымен де орындай алады.
8) Үй тапсырмасы
- 15-сабақ: З. Шашкиннің «Темірқазық» әңгімесін оқып келу.
- Жұмыс дәптері: 14-сабақ, №1 тапсырманы орындау.
9) Қорытынды тыныштық минуты
Баяу әуен қосылады.
Көзімізді жұмамыз. Айналамыз нұрға толы. Жүрегімізде тыныштық. Әлемде тыныштық. Енді көзімізді жайлап ашамыз.
Рахмет! Сау болыңыздар!