Семантикалық картамен сабақты аяқтау
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
№7 жалпы білім беру орта мектебі КММ
Бастауыш сынып мұғалімі: Умарова Светлана Азатовна
Сабақтың тақырыбы: Келер шақ
Бұл сабақ жоспары оқушыларға келер шақ туралы түсінік беруге, келер шақ етістіктерінің іс-әрекеттің алдағы уақытта болатынын білдіретінін ұғындыруға бағытталған. Сонымен қатар сөйлеу мәдениетін жетілдіру, сөздік қорын байыту, ауызша тілін дамыту және шығармашылық тапсырмаларды орындау дағдыларын қалыптастыру көзделеді.
Мақсаты
- Келер шақ туралы түсінік қалыптастыру.
- Келер шақ етістіктері іс-әрекеттің алдағы уақытта болатынын білдіретінін меңгерту.
- Сөздік қорын кеңейту, ауызша сөйлеу тілін дамыту.
- Қосымша және шығармашылық тапсырмаларды орындай алу дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік мәні
- Ұқыптылыққа және тазалыққа тәрбиелеу.
- Сауатты, көркем жаза білуге баулу.
- Еңбекқорлыққа және ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, талдау, топтық жұмыс
Көрнекіліктер
Слайд, семантикалық карта, сызба, үлестірмелі қағаздар, шығармашылық тапсырмалар
Пәнаралық байланыс
Әдебиеттік оқу, дүниетану
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, сабаққа қатысушыларды түгендеу, топқа бөлу.
Сынып ай аттарының атауымен үш топқа бөлінеді. Оқушылар үлестірме қағаздарды кезекпен алып, өз топтарын анықтайды:
I топ — Қаңтар
Ақ қолғаппен құшақтап,
Сақылдайды қыс аппақ.
Өзен, теңіз, тау-төбе,
Киген аппақ сәукеле.
II топ — Ақпан
Биылғы қыс жайлы қыс болатындай,
Шаңғыларын жүгірткен бала тынбай.
Анау жатқан көрінген қарлы шыңдар,
Ағарады аққудың қанатындай.
III топ — Наурыз
Көктем күйін бастады,
Өз өнерін асыра.
Қысты қуып тастады,
Асқар таудың басына.
Әр топ өз ұранын айтады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
48-жаттығу: суретке қарап әңгіме құрастыру.
Әр топтан бір оқушы өз жұмысын оқиды. Үй тапсырмасы семантикалық карта арқылы бекітіледі.
Семантикалық карта (үлгі)
Осы шақ
Мысалы: айтып отыр
Өткен шақ
Мысалы: айтты
Келер шақ
Мысалы: айтады
Жаңа сабақ: Келер шақ
Қызығушылықты ояту: сабақты «Жаңа сөз ойла» ойынымен бастаймыз. Оқушылар келер шақта қолданылатын етістіктерді айтады.
Оқушылар күннің жадын жазады, содан кейін 49-жаттығуды ауызша орындайды.
49-жаттығу
«Отан» өлеңін мәнерлеп оқып, етістіктерді табу. Етістіктердің қашан болатын іс-әрекетті білдіретінін анықтау. 3-топ жарыс түрінде етістіктерді тауып, сұрақтар қояды және бір-біріне сұрақ қою арқылы жұмысты аяқтайды.
50-жаттығу
3-топ «Ойлан, тап» ойыны арқылы берілген сөздермен сөйлемдер құрастырып, жазып шығады.
Сергіту сәті
Слайдтағы «Көңілді сәт» музыкалық-қозғалыс жаттығуы орындалады.
Ереже
Келер шақ етістіктері іс-әрекеттің алдағы уақытта болатынын білдіреді. Келер шақ етістіктері төмендегі сұрақтарға жауап береді:
- Не істеймін?
- Не істейсің?
- Не істейді?
Тақтамен жұмыс — 51-жаттығу
Әр топтан бір оқушы шығып жазады: етістікті табады, оның қай шақта тұрғанын айтады және сұрағын қояды.
Топтық жұмыс — 52-жаттығу
Бос торкөздерге сәйкес келетін етістіктерді тауып жазу. Жұмыс бағаланады.
Сәйкестендіру тесті — 53-жаттығу
Тақырып бойынша сәйкестендіру тапсырмасы орындалады.
Сабақты қорытындылау
Әр топтың «күлегештері» есептеледі. Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларға алғыс айтылады және «күлегештер» беріледі. Сабақ соңында семантикалық карта арқылы қорытынды жасалады.
Үй тапсырмасы
54-жаттығу: сурет бойынша әңгіме құрастыру.