АБАЙ ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ Абай журналын қазақ журналистикасында өз ізін қалдырған басылымдардың бірі деп атауға болады

«Абай» журналының шығу тарихы

«Абай» журналын қазақ журналистикасында өз ізін қалдырған басылымдардың бірі деуге болады. Соған қарамастан, оның шығу тарихы, негізгі бағыты мен концепциясына арналған іргелі ғылыми зерттеулер сирек кездеседі. «Абай» туралы деректерді қазақ баспасөзін зерттеушілердің мақалаларынан ұшыратуға болғанымен, «Қазақ», «Айқап», «Түркістан уалаяты газеті» секілді іргелі басылымдардай жан-жақты талданып, кітап деңгейінде жүйеленген зерттеу бұл журналға әлі күнге дейін жасалмаған.

Шығу тарихы

Қоғамдық-саяси және әдеби «Абай» журналын шығару жөніндегі алғашқы ұсыныс қазақ зиялы қауымы арасында 1914 жылы қабылданған. Сол жылы ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына байланысты Семейде өткен үлкен жиында журнал жариялау туралы шешім бекітіледі.

Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы және Ресей тарапынан отарлау саясатының күшеюі сияқты себептер журналдың алғашқы нөмірінің жарық көруін біраз уақытқа кідірткен. Идея ұсынылған сәттен алғашқы сан шыққанға дейін өткен төрт жыл ішінде қоғамда орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістер басылымның мазмұны мен ұстанымына да әсер етті.

Бағыттың кеңеюі

Алғашқы ұсыныс жасалған кезеңде журналдың басты мақсаты Абай есімін ұлықтап, оның тарихтағы орнын бекітуге және қазақ қоғамындағы жан-жақты тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталса, алғашқы нөмірінен-ақ басылымның әлеумет, саясат, экономика сияқты қоғамдық маңызы жоғары тақырыптарға да жүйелі түрде назар аудара бастағаны байқалады.

Сонымен, «Абай» журналы 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап Алаш қаласында (қазіргі Жаңасемей) шығып тұрады.

Негізін қалаушылар және редакторлар

Жүсіпбек Аймауытов

Журналдың негізін салушылардың бірі әрі шығарушы редактор ретінде Жүсіпбек Аймауытов қызмет етті. Ол 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, оны 1918 жылы тәмамдаған. Осы кезеңнен бастап Жүсіпбектің алашордашылармен байланысы нығаяды.

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов Ресейдегі саяси төңкерістердің ықпалымен Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, әртүрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болды. Дәл осы тұста Аймауытов пен Әуезов танысып, «Абай» журналына дейін, 1917 жылы «Алаш» газетіне бірігіп «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаланы дайындаған.

Журналдың ұстанымы және Алаш идеясы

«Абай» журналының қазақ демократиялық баспасөзі мен Алаш идеясының арнасын ұстанғанын Тұрар Рысқұлов келтірген деректерден аңғаруға болады. Ол 1926 жылы жарық көрген «Из прошлого казахской интелигенции» атты мақаласында 1905 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Ресейдің отарлық езгісіне қарсы Қарқаралы петициясын қабылдағанын, кейін кадет партиясының қазақ бөлімін құрғанын, сондай-ақ «Серке», «Айқап», «Қазақ» басылымдары арқылы халықты білім мен мәдениетке үндеп, ұлттық сананы оятуға ұмтылғанын жазады.

Дәйексөз (Т. Рысқұлов, 1926)

«…С 1913 г. по 1916 г. движение казахской националистической интеллигенции ширится и получает известное оформление путем организации повсеместно разных культурных кружков и т. п. После Февральской революции эта националистическая интеллигенция организуется уже в политическую партию “Алаш”, а газета “Казах” становится главным органом этой партии.

К этому времени, кроме газеты “Казах”, появляются и другие газеты и журналы, из которых можно отметить следующие: “Сары-Арка” (Семипалатинск), “Бирлик туы” (Ташкент) — главный орган туркестанского отделения Алаш-орды, начатый Чокаевым, “Уран” (Астрахань), “Жас азамат” (Петропавловск), “Абай” (Семипалатинск). Все эти газеты и журналы придерживались линии газеты “Казах” и были ее отделениями…

…По примеру кадетов и меньшевиков на страницах казахских газет ведется кампания против передачи власти Советам, восхваляется временное правительство, указывается на необходимость продолжения войны до победного конца…»

Дереккөз: «Советская степь» газеті, 1926 жыл, 2 маусым, №123.

Ескертпе

Бұл мақала Тұрар Рысқұловтың «Казакстан» атты брошюрасының бірінші бөлімінен алынған үзінді ретінде беріледі. Мақала жарияланған кезде брошюраның екінші бөлімі басылып жатқан, ал бірінші бөлімнің қазақша нұсқасы баспаға әзірлену үстінде болған.