Шерхан Мұртаза Тұтқын бала

Сабақ тақырыбы: «Тұтқын бала» тарауы бойынша Бала Тұрар бейнесі

Пән / сынып

Әдебиет, 6-сынып

Автор және шығарма

Шерхан Мұртаза, «Қызыл жебе» романы, «Тұтқын бала» тарауы

Сабақ типі

Жинақтау, пысықтау (танымдық сабақ)

Сабақ мақсаты

«Тұтқын бала» тарауы негізінде Бала Тұрардың бейнесін жан-жақты ашу, оның ішкі әлемі мен ой-санасының қалыптасуын түсіндіру.

Нәтиже күтілімі

  • Тұрардың санасын оятқан «түрме сабақтарының» мәнін түсіндіреді.
  • Мәтіннен кейіпкер мінезін дәлелдейтін үзінділерді табады.
  • Проблемалық сұрақтар арқылы ой қорытып, салыстыру жасайды.

Білімділік

Тұрардың арман-мақсаты мен оның орындалған мұраты арасындағы байланысқа дәлел келтіру; тараудағы негізгі оқиғаларды терең түсіну.

Дамытушылық

Тұрардың зеректігі, ойлылығы, ұстамдылығы және сақтығын айқындайтын эпизодтарды талдау; жинақтап айту дағдысын дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа, достыққа, ұйымшылдыққа баулу.

Әдістер мен құралдар

Сабақ әдістері

Түсіндіру Сұрақ-жауап Талдау Венн диаграммасы Салыстыру

Көрнекіліктер

Слайдтар Үлестірме қағаздар Тұжырым кестесі Пікір күнделігі

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың назарын сабаққа шоғырландыру, топқа бөлінуге дайындық.

II. Үй тапсырмасын тексеру: «Не білеміз?»

Үй тапсырмасы сұрақ-жауап арқылы тексеріледі. Мақсат — тараудың мазмұнын жүйелеу, негізгі оқиғаларды еске түсіру.

  1. «Қызыл жебе» романының авторы кім? Автор туралы не білеміз?
  2. «Тұтқын бала» тарауында кім және не туралы баяндалады?
  3. Романның басты кейіпкері кім? Ол туралы не білесіңдер?
  4. Осы тараудағы негізгі оқиғаларды атаңдар.
  5. Рысқұл Тұрарды не себепті қасына алдырды?
  6. Приходько мырзаның үйінде Тұрар қандай қызметтер атқарды?
  7. Кафедральді соборды көргенде Тұрардың ойына не түсті?
  8. Тұрар оқу мен жазуды, орыс тілін кімнен үйренді?
  9. Гимназияның алдында тұрып Тұрар нені армандады?
  10. Надзиратель Тұрарға қандай қысым көрсетті?
  11. Бронников қандай адам?
  12. Әкесі Тұрармен қоштасар күннің алдында қандай күй кешті?
  13. Тұрар әкесімен қалай қоштасты?
  14. Тұрар мектепке қалай барды?
  15. Тұрардың фамилиясы не себепті Қырғызбаев болып өзгертілді?
  16. Тұрар дәптеріне алғаш қандай сөздер жазды? Оларды қалай түсіндірді?
  17. Айбаров тақтада тұрған Тұрарға неге күлді?
  18. Семашко кім? Неге Тұрарды көмекші етіп алды?
  19. Тұрар Иван Владимировичтің алдында қандай «қылмыс» жасадым деп ақталды?
  20. Иван Владимирович Тұрарға қандай жауап беріп, қандай кеңес айтты?

III. Жаңа сабақ: Бала Тұрар бейнесін ашу

Оқушылар түрлі түсті стикерлер арқылы 3 топқа бөлінеді. Әр топқа бағытталған тапсырмалар беріледі.

1-топ: «Әдебиетшілер»

Тапсырма: шығармаға композициялық жоспар құру.

Басталуы
Рысқұлдың Тұрарды түрмеге алдыруы
Дамуы
Надзирательдің қысымы
Байланысуы
Әке мен баланың айырылысуы
Шиеленісуі
Тұрардың фамилиясын өзгертуі
Шарықтау шегі
Тұрардың «қылмысы»
Шешімі
Иван Владимировичтің көмегі

2-топ: «Тарихшылар»

Тапсырма: Тұрардың прототипін анықтау және өмір жолын көрсету.

Тұрардың прототипі — Тұрар Рысқұлов. Тірек-сигналдар арқылы Т. Рысқұловтың өсу жолдарын, тарихи тұлға ретінде қалыптасуын кезең-кезеңімен көрсету.

3-топ: «Зерттеушілер»

Тапсырма: үзінділер арқылы Тұрарға мінездеме беру.

«Әттең, әкесі түрмеде жатып тәуелді болмаса, Тұрар қазір бұл есірікті не де болса қамшының астына алар еді, амал жоқ... Бір жағы қорқады. Бір жағы “баламысың” деген... Әйтеуір, айтқандарын екі етпей орындай берсем, көкеме көмегі тие ме деп ойлайды. Көкемді түрмеден босатар деп үміттенеді.»

Қорытынды белгі: әке-шешеге қамқор, жауапкершілігі жоғары

«Бірақ екі жирен қарны тойса қайғырмайды. Нағыз түрме аттары. Тұрар аттарды жайғастырып болып, енді қораның ішін тазалауға кіріседі. Приходько мырзаның әмірі бойынша, қорада бірде-бір қылпық қалмауы керек. Ақ қолғаппен сипағанда, аттардың үстінен бірде-бір қылау жұқпауы керек.»

Қорытынды белгі: еңбекқор, ұқыпты

«Бала өте сезімтал еді. Бір ауыз жылы сөзден іші-бауыры езіліп, әлдеқандай аянышты көмейіне түйіліп, жас тығылып қалушы еді.»

Қорытынды белгі: сезімтал, мейірімге мұқтаж

«Туған әкесіне опасыздық жасағандай беймаза сезім жауқазын жүрегін жаралап, шөңгедей қадалды да қалды. Әкеңнің атын айта алмай күмілжу — қандай қорлық!»

Қорытынды белгі: намысшыл, арды биік қояды

«Иван Владимирович айтқан тарих, география, арифметика деген сөздер шәкірттердің көбінің құлағына тосын еді. Ал Тұрар бұларды түрмеден білетін. Бірінші сыныптағылар а, б-ны жазып, оның мәнін түсініп болмай жатқанда, Тұрар іші пысып терезеге қарап отырады.»

Қорытынды белгі: қабілетті, зерек, алғыр

Қосымша дереккөздер

  • Ш. Мұртаза — «Қызыл жебе» романы
  • М. Әуезов — «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі

IV. Тұжырым кестесі

Оқушылар талдау нәтижесін кестеге түсіріп, Тұрардың мінез ерекшеліктерін дәлел-дәйекпен жинақтайды.

Мінез қыры Дәлел (үзінді/оқиға) Қорытынды
Еңбекқорлық Қораны мінсіз тазалау, ат күтімі Талапшыл ортада да жауапкершілікті сезінеді
Намысшылдық Әке атын айта алмаудың қорлығы Ар-ұятты биік ұстайды
Зеректік Пән атауларын алдын ала білуі Білімге қабілеті ерте байқалады

V. Венн диаграммасы: Бала Тұрар және Тұрар Рысқұлов

Мақсат — көркем образ бен тарихи тұлға арасындағы сабақтастық пен айырмашылықты аңғарту.

Бала Тұрар

  • Қиялшыл, аңғал
  • Зерек, ұстамды
  • Жасқаншақ, сенгіш
  • Әкесін қатты жақсы көреді
  • Өмір әділетсіздігін сезеді, бірақ күресуге дәрмені аз

Ортақ белгілер

  • Білімге құштарлық
  • Әкеге құрмет
  • Туған елге сүйіспеншілік

Тұрар Рысқұлов

  • Қайраткер тұлға
  • Азаттық үшін күрескер
  • Халық қамқоршысы
  • «Қызыл жебе» бейнесімен астасқан тарихи биік

VI. Пікір күнделігі

Әр топ берілген үзінді бойынша: ой-пікірін жазады және тақырыпқа сай мақал-мәтел келтіреді.

1-топ: «Әдебиетшілер»

«Мұсылман болып, Аллаға жалбарынуы да жоқ. Ал Приходько осымен бір-екі рет шоқын деп емеурін танытты. Рас, әзір қиналған жоқ. Қинаса қайтпек? Шоқынбасам, әкемді дарға асатын шығар. Сөйтіп дар мен ар арпалысқа түсті.»

Өз ойың

...

Мақал-мәтел

...

2-топ: «Тарихшылар»

«Бүгін түн бойы ол баласын бауырына қысып жатты. Амалы жетсе, Рысқұл өзінің көкірегін жарып жіберіп, жалғыз жәдігерін қалталы қасқыр сияқты кеудесіне жасырып, алыс сапарға өзімен бірге ала кетер еді, оған айла жоқ. Түні бойы көз ілмей, қиянаттан мұздаған жүрегін жылытқысы келгендей, Тұрардың ыстық басын кеудесіне қысып жатты.»

Өз ойың

...

Мақал-мәтел

...

3-топ: «Зерттеушілер»

«Наташа үрейі ұшып, жүрегі аузына тығылып, пәуескенің жақтауынан қарыса ұстап, шыр-шыр етеді. Аттардың басымен алыса-алыса Тұрардың екі қары талып барады. “Осыдан екі асау алып қашып, пәуеске төңкеріліп қалар ма екен, яки біреуді басып кетіп, жазым болар ма екен?” деген ойдан тамырында қан қатып қалған сияқты.»

Өз ойың

...

Мақал-мәтел

...

VII. Сабақты бекіту: тест тапсырмалары

Оқушылар тарау мазмұнын қаншалықты меңгергенін қысқа тест арқылы бекітеді.

1) Тұрар кім?

  • a) ақын
  • ә) қоғам қайраткері
  • б) жазушы

2) Рысқұлдың Тұрарды қасына алдыруының себебі неде?

  • a) сағыну
  • ә) жау кегінен сақтану
  • б) науқастану

3) Тұрар оқу мен жазуды кімнен үйренеді?

  • a) әкесінен
  • ә) Иван Владимировичтен
  • б) Наташадан

4) Тұрардың дәптерге жазған алғашқы сөздері:

  • a) көке, ауыл, сағыныш
  • ә) қызыл жебе, Аспара, әке
  • б) қызыл жебе, көке, Аспара

5) Тұрар кімге көмекші болды?

  • a) Семашко
  • ә) Айбаров
  • б) Бронников

6) Ұзын бойлы, кең иықты, сары шашын жел ұйытқан, жирен сақалды, ақжарқын адам — кім?

  • a) Аркаша
  • ә) Семашко
  • б) Бронников

7) Шығармадағы Салиха кім?

  • a) Тұрардың анасы
  • ә) Қырғызбайдың кемпірі
  • б) мұғалім

8) Шығармадағы ұнамсыз кейіпкерлерді ата:

  • a) Атамырза, Аркаша, Надзиратель
  • ә) Қырғызбай, Бронников, Рысқұл
  • б) Рысқұл, Семашко, Атамырза

9) Тұрар мен әкесі Рысқұл туралы жазылған шығарманы көрсет:

  • a) «Жаңа достар»
  • ә) «Қараш-Қараш оқиғасы»
  • б) «Ақырғы бәйге»

10) Мектепке барған кезде Тұрардың фамилиясы:

  • a) Рысқұлов
  • ә) Айдаров
  • б) Қырғызбаев

VIII. Бағалау

Топтық жұмыс, пікір айту, мәтінмен дәлелдеу және тест нәтижесі бойынша қалыптастырушы бағалау жүргізіледі.

IX. Үй тапсырмасы

«Жақсы бала жеткізеді мұратқа» тақырыбында ойтолғау жазу.

Пән мұғалімі

Нұрманова Гүлназ Серікбайқызы