Мүсін өнері
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Өңір/қала
- ШҚО, Семей қаласы
- Білім беру ұйымы
- Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп (КММ)
- Пән
- Бейнелеу өнері және сызу
- Мұғалім
- Аубакиров Айдынбек Серикович
- Сабақтың типі
- Жаңа білім беру
- Тақырып
- Мүсін өнері
Сабақтың мақсаты
-
Мүсін өнерінің негізгі түрлерімен таныстыру.
-
Мүсіншілердің көркем шығармаларын талдау арқылы көркемдік ойлауды дамыту.
-
Мүсін сомдау материалдарымен және технологиялық тәсілдерімен таныстыру.
-
Әртүрлі материалдарды ұқыпты пайдалану дағдысын қалыптастыру және эстетикалық тәрбие беру.
-
Саз балшықпен немесе ермек сазбен жұмыс істеудегі созу, ию сияқты тәсілдерді терең меңгерту.
Сабаққа қажетті құрал-жабдықтар
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, жұмыс орнының тазалығы мен құралдардың қауіпсіз қолданылуын еске салу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Сұрақ-жауап арқылы қайталау.
- Тақырыпты қорытындылау.
III. Жаңа сабақ
Мүсіндеу — көркемөнердің бір түрі. «Мүсін» сөзі латын тіліндегі кесу, шабу, жону мағыналарын білдіретін ұғымдармен сабақтас келеді.
Мүсіндеудің сызба мен кескіндемеден негізгі айырмашылығы — бейненің көлемін, пішінін және кеңістіктегі айқын көрінісін нақты беруінде. Мүсіндеудің басты объектілерінің бірі — адам бейнесі.
Мүсін өнері — өте көне өнер. Ол тас дәуірінен бастап қалыптасып, уақыт өте өңделіп, классикалық деңгейге дейін жеткен.
Мүсіндеудің негізгі түрлері
1) Монументті мүсіндеу
Мүсінді барлық жағынан айналып қарап, көлемін толық қабылдауға болады.
2) Рельеф
Жазық бетке орындалады: ғимарат қабырғаларында, монеталарда (тиын бетінде) және басқа да беткейлерде кездеседі.
Қазақ мүсін өнерінің көрнекті тұлғалары мен мысалдар
Қазақ мүсін өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі — Хакімжан Наурызбаев (1925–2009), «Парасат» орденінің иегері. Оның 300-ден астам жұмысы бар.
- Абай Құнанбаев ескерткіші (1960).
- Ш. Уәлиханов ескерткіші (1969) — Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы алдында, биіктігі 8 м.
- Ж. Жабаев ескерткіші — тұлғалық мүсін үлгісі.
Астана қаласында Есіл өзені арқылы өтетін көпірлерде орналасқан «Барыс» мүсіндері сәндік-монументалды мүсінге жатады.
Мүсін бір ғана фигурадан тұрмай, екі немесе одан да көп фигурадан тұруы мүмкін. Семей қаласында Достоевский мұражайы маңында қоладан жасалған Ш. Уәлиханов пен Ф. Достоевский мүсіндері орналасқан. Автор — мәскеулік мүсінші Д. Г. Эльбакидзе.
Д. Г. Эльбакидзенің Семей қаласындағы тағы бір еңбегі — 1972 жылы жасалған, Абай көшесінде орналасқан Абай ескерткіші.
Мүсін сомдаудың материалдары мен құралдары
Мүсін жасауға түрлі материалдар қолданылады: ағаш, әртүрлі тастар, саз балшық, металл, пластилин және т.б. Оқушылар үшін ең қолайлысы — саз балшық пен пластилин, өйткені олар иілімді, тез жұмсарады және пішінді өзгертуге ыңғайлы.
Негізгі құралдар
Тақтайша, каркас, қалақша және т.б.
Жұмыс мәдениеті
Арнайы киім немесе алжапқыш кию ұсынылады.
Ыңғайлы тәсіл
Айналмалы станок мүсінді жан-жақты көруге көмектеседі.
Бір түсті пластилинді (немесе біртекті сазды) қолданған дұрыс: ол мүсінді тұтас қабылдауға көмектеседі. Ала-құла пластилин назарды бөліп, пішіннің көркемдігін төмендетуі мүмкін.
Жұмыс аяқталған соң жұмыс орнын жинап, қалған пластилин немесе саз қалдықтарын қорапқа салу керек. Қолды жылы сумен сабындап жуу қажет.
Жаңа сабақты бекітуге арналған сұрақтар
- 1 Мүсін өнерінің қандай түрлерін білесің?
- 2 Астана қаласындағы «Барыс» мүсіндері қай мүсін түріне жатады?
- 3 Мүсін сомдауда жиі қолданылатын негізгі материалдарды ата.
- 4 Мүсін жасау барысында қандай құралдар қолданылады?