Армысың мейірімді Жер - ана

Мақсаты

Балаларды мейірімділікке, достыққа, адамгершілікке және әдептілікке тәрбиелеу; эстетикалық тәрбие арқылы сұлулықты сезіне білуге баулу; әдеби сөздік қорын байытып, дүниетанымын кеңейту.

Көрнекіліктер

  • Анасы мен қызы бейнеленген сурет
  • Автобустегі балалар әрекеті мен қарт адам бейнеленген сурет
  • Түлкі мен қоян атрибуттары
  • Көңіл күйді білдіретін қолғап

Сөздік жұмысы

Армысың шапағатты мейірім сиқырлы шумақ зұлымдық суық түстер жылы түстер

Әдістемелік тәсілдер

  • Әңгімелеу, түсіндіру
  • Ойын, бақылау
  • Сұрақ-жауап, пікір алмасу
  • Мадақтау, таңғажайып сәт
  • Қорытындылау

Сабақ барысы

Шаттық шеңбері: амандасу рәсімі

«Қайырлы күн, достар! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын».

Сиқырлы шумақ

Армысың, шапағатты Күн-ана! Армысың, шапағатты Аспан-ана! Армысың, мейірімді Жер-ана! Құт дарыт, бар әлемді жарылқа.

Күн-ана мейірім шуағын төгіп, жан дүниемізге жарық сәулесін шашып тұр. Күн сәулесі бетімізге, саусақтарымызға, алақанымызға жылу сыйлайды. Ендеше осы жүрек жылуын бір-бірімізге және қонақтарға тарту етейік.

Ойын: «Мейірім шуағы»

Балалар шеңберге тұрып, жіпті бір-біріне ұсына отырып, өзін таныстырады. Осылайша шеңбер бойымен «күн сәулелері» пайда болады.

Үлгі диалог

Жүргізуші: Сен кімсің?

1-бала: Мен Самалмын. Анам мені «Ботам» дейді.

2-бала: Мен Бекзатпын. Әкем мені «Ақ Бекзат» дейді.

Түйіндеу

Осы ойын арқылы біз мейірім шуағын таратып, Күн-ананы бейнеледік.

Әңгімелесу

Балалар, жүрегіңнің жылуын кімге сыйлар едің? Неліктен дәл сол адамға?

«Мен жүрегімнің жылуын анама сыйлаймын, өйткені анамды өте қатты жақсы көремін».

«Мен кішкентай қарындасыма сыйлаймын, өйткені ол сондай сүйкімді».

«Мен достарыма сыйлаймын, өйткені жалғыз ойнау көңілсіз».

«Мен әкеме сыйлаймын: әкем — қамқоршым, асқар тауым».

Суретпен жұмыс: мейірімнің көрінісі

1-сурет

Суретте анасы мен қызы бейнеленген. Кейіпкерлерге ат қойып, әңгіме құрастырайық: Айдана мен анасы. Анасы мейірлене: «Айдана, тұра ғой, айналайын, мектепке барайық», — дейді. Ал Айдана қуанып, анасына мейірімді, әдемі күлкісін сыйлайды.

2-сурет

Автобуста Амантай мен Ислам алдыңғы орында отыр. Ішке таяғына сүйенген қарт кісі кіргенде, олар көрмегендей болып отыра береді. Ал Данияр орнынан тұрып, қарт кісіні сүйемелдеп, орындыққа отырғызады.

Талдау

Бұл жерде мейірім — үлкенді сыйлау және көмектесу арқылы көрінеді.

Мейірімді әрекет

Данияр — ізетті, кішіпейіл, қартқа орын береді.

Әдепсіз әрекет

Амантай мен Ислам — көрсе де көрмегендей болып отыра береді.

Дәйексөз: «Өзгені сыйлай білмеген өзін де сыйламайды».

Халық нақылы

Сахналау: «Қоян мен түлкі»

Көрініс мәтіні (рөлге бөліп орындау)

Автор (Айкүміс): Бір түлкі секіріп келе жатқан қоянды көріп, өтірік ауырып жатқан болып жата қалады.

Түлкі (Даниел): Қоянжан-ау, бала жастан бірге өскен, тоғайдың дәмін бірге татқан дос емес пе едік? Мен ауырып жатырмын, жақын келші.

Қоян (Самал): Екі көзім өзіңде, екі құлағым сөзіңде. Сені қу, ашқарақ, өзімшіл дейді — сол рас па?

Түлкі: Қу екенім рас. Алдамайын десем де ұмытып кетемін. Кеше бір тауықты алдап жеп қойып едім, соны аяп ауырып жатырмын. Оның да өмір сүргісі келеді ғой.

Қоян: Ұмытшақтық деген жаман. Содан қорқамын, сондықтан да сақ жүремін, — деп жорта жөнеледі.

Түлкінің мінезі

Қу, қомағай, өзімшіл, мейірімсіз.

Қоянның мінезі

Сақ, қорқақ, бірақ ешкімге жамандық ойламайды.

Түстер әлемі: жылы және суық түстер

Суық түстер

  • көк
  • қою көк
  • күлгін
  • қара
  • сұр

Жылы түстер

  • қызыл
  • сары
  • жасыл
  • қызғылт

Сергіту сәті

Ақ түс

Аспан белгісі

Қоңыр түс

Жер белгісі

Көгілдір түс

Су белгісі

Қимылдарды 3–4 рет қайталаймыз: аңсұңқар (самғап ұшу), шабандоз (атпен шабу), балықтар (балықша жүзу).

Ойын: «Мен көңілдімін — мен қуаныштымын»

Көңіл күйіміз — көңілді немесе көңілсіз болуымыздың айнасы. Қолғаптағы әр саусақта көңіл күйді білдіретін бет-әлпет суреті бар. Балалар суреттерді көрсетіп, ым-ишарамен және сөзбен жеткізеді.

1

Мен қуаныштымын! (күледі)

2

Мен көңілдімін! (жылы жүзбен жымию)

3

Мен таңғалып тұрмын! (ауызын ашу)

4

Мен ренжіп отырмын! (қабақ түю)

5

Мен жылап отырмын! (жылау)

Шығармашылық жұмыс

Енді күлген, қуанған, таңданған сәттерімізді қағаз бетіне түсіріп көрейік. Жайлы әуен қосылып тұрады: әр бала бір көңіл күйді таңдап, суретке салады.

Таңғажайып сәт: Күлдірген Бом

Күлдірген (Сағындық): Сәлем, достар! Мен Күлдірген Боммын.

Балалар: Сәлеметсіз бе, Бом!

Күлдірген: Жаңа сендер не туралы әңгімелестіңдер?

Балалар: Біз мейірімділік туралы сөйлестік.

Күлдірген: «Мейірімділік» сөзін қалай түсінесіңдер?

Балалар: Мейірімділік — бір-біріне жылылық таныту, көмектесу, ренжітпеу, алдамау. Бұл — ананың, әкенің жылы сөзі, аялы алақаны.

Күлдірген: Рахмет! Сендер өте ақылды әрі мейірімді екенсіңдер. Менімен ойын ойнауға келісесіңдер ме?

Балалар: Ойнайық!

Шарлар

Күлдіргеннің қолында екі шар бар: қызыл және көк. Балалар тапсырмаларды екі топ болып орындайды.

Тапсырмалар

  • Ертегінің мазмұнын әңгімелеу
  • «Біз өмірдің гүліміз» әнін орындау
Күлдірген: Келесі кездескенше, сау болыңдар!