Тәжірибелер арқылы Архимед күші туралы білімді қалыптастыру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып

§55. Архимед күші

Сабақ түрі

Дәстүрлі сабақ

Сабақ типі

Жаңа сабақты меңгерту

Әдістер

  • Баяндау
  • Сұрақ-жауап
  • Демонстрация

Сабақ мақсаты

Білімділік

Тәжірибелер арқылы Архимед күші туралы білімді қалыптастыру.

Дамытушылық

Оқушыларды өз бетімен ғылыми қорытынды жасай алуға жетелеу.

Тәрбиелік

Жауапкершілікке, тиянақтылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар

Аквариум Суы бар ыдыс Таразы Карточкалар Слайд Компьютер

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен амандасу.
  2. 2 Сыныптың гигиеналық талаптарын сақтау.
  3. 3 Оқушыларды журнал бойынша түгелдеу.

II. Үй тапсырмасын тексеру сұрақтары

  • 1) Атмосфералық ауа қысымынан жоғары немесе төмен қысымды өлшеуге арналған құралдар қалай аталады?

  • 2) Манометрлердің жұмыс істеу принципі қандай заңға негізделген?

  • 3) Ашық сұйықтық манометрі қалай жасалған және қалай жұмыс істейді?

  • 4) Металл манометр қалай жұмыс істейді?

  • 5) Су сорғысының құрылысы қандай және ол қалай жұмыс істейді?

  • 6) Допқа, велосипедке ауа толтыруға арналған қарапайым сорғының құрылысы қандай?

III. Жаңа тақырып: Архимед күші (ығыстырушы күш)

Архимед күші — сұйыққа (немесе газға) батырылған денеге әсер ететін, жоғары бағытталған ығыстырушы күш. Бұл күш денені сұйықтықтан «итермелеп шығарады» және дененің сұйықтықтағы салмағын азайтып көрсетеді.

Тәжірибе 1: Доптың су бетіне қайта шығуы

Бақылау: Допты суға батырып, қолды жібергеннен кейін доп қайтадан су бетіне көтеріледі.

Сұрақ: Доп неге су бетіне қайта шығады?

Жауап: Себебі допқа жоғары бағытталған күш әсер етеді. Бұл күш — ығыстырушы күш.

Тәжірибе 2: Цилиндр және динамометр

Жағдай: Цилиндрді суға салғанда ол батып кетеді.

Сұрақ: Бұл жағдайда ығыстырушы күш әсер ете ме?

Тексеру үшін цилиндрді динамометрге іліп, ауадағы көрсеткішті жазып аламыз. Содан кейін цилиндрді суға батырмай тұрып, дәл сол күйінде суға түсіріп, судағы көрсеткішті жазып аламыз.

Бақылау: Цилиндрді суға батырғанда динамометрдің көрсетуі азаяды.

Қорытынды: Сұйыққа батырылған кез келген денеге ығыстырушы күш әсер етеді, ал бұл күштің бағыты жоғары.

Қосымша бақылау

Білеуше тәрізді денені суға салу арқылы да денеге әсер ететін ығыстырушы күшті байқауға болады: дененің сұйық ішіндегі «салмағы» азаяды.

IV. Бекіту: карточкамен жұмыс (есептер)

Оқушының аты-жөні және нұсқасы көрсетіледі. Төмендегі есептерді шығарыңдар.

1-есеп

Суға көлемі 100 см³ болатын дене батырылған. Осы денеге әсер ететін ығыстырушы күшті анықтаңдар. Судың тығыздығы: 1000 кг/м³.

2-есеп

Керосинге массасы 500 г темір кесегі батырылған. Ығыстырушы күшті анықтаңдар. Темірдің тығыздығы: 7900 кг/м³, керосиннің тығыздығы: 800 кг/м³.

3-есеп

Массасы 600 кг, көлемі 0,23 м³ тасты су ішінде көтеру үшін қандай күш жұмсау керек?

V. Үй тапсырмасы

§55 тақырыбын оқу, негізгі ұғымдарды қайталау және есептерге дайындалу.

VI. Бағалау

  • Сұрақтарға жауап беру белсенділігі.
  • Тәжірибені бақылау және қорытынды жасай білуі.
  • Есеп шығару дәлдігі.