Қабырғаларының ұзындықтары бірдей тіктөртбұрыш

Қысқа мерзімді жоспар (Математика, 1-сынып)

Сабақ тақырыбы

Шаршы

Мектеп

Шаған ЖОББМ

Мұғалім

Мухамбетжанова С. О.

Пән

Математика, 1-сынып

Оқу мақсаттары

  • 1.3.1.4 Геометриялық фигуралардың (үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш) қабырғаларын өлшеу және салыстыру.
  • 1.1.3.4 Өлшем бірліктерін (см, дм) түрлендіру және атаулы сандармен амалдар орындау (соның ішінде кг, л, сағ.).
  • 1.1.3.5 Өлшем бірліктері мен құралдарды таңдау арқылы ұзындық, масса, сыйымдылықты анықтау және іс-әрекетін түсіндіру.

Табыс критерийлері

Барлық оқушылар

Ұзындықты өлшейді және шаршының барлық қабырғалары тең екенін анықтайды.

Оқушылардың көпшілігі

Шаршының қабырғаларын өлшейді және оның периметрін (қабырғаларының қосындысын) табады.

Кейбір оқушылар

Берілген өлшем бойынша шаршыны өздігінен сызады және ұзындығын өлшей алады.

Тілдік мақсат

Негізгі терминдер

Өлшеу
— измерить

Диалогқа арналған сұрақтар

  • Ұзындықты қандай құралдармен өлшеуге болады?
  • Ұзындықты сызғыштағы қай цифрдан бастап өлшейміз?
  • Кесіндінің ұзындығын қалай өлшейміз?
  • Сынық сызықтың ұзындығын қалай табамыз?
  • Шаршының неше қабырғасы бар? (төрт)
  • Қабырғаларының ұзындықтары бірдей тіктөртбұрыш қалай аталады? (шаршы)
  • Қабырғасы 2 см болатын шаршының барлық қабырғаларының ұзындығы нешеге тең?

Сабақ барысы

Басы (0–3 минут)

Ширату: «Геометриялық фигуралар» ойыны.

Ортасы (4–8 минут)

Тура және кері санау. Алдыңғы сабақты еске түсіру.

  • Ұзындықты немен өлшейміз?
  • Кез келген кесіндіні өлшегенде, оның ұшын сызғыштың қай жеріне қоямыз?
  • Бұл қандай фигура? (тіктөртбұрыш)
  • Оның неше қабырғасы бар?
  • Ал мынау қандай фигура? (шаршы)
  • Тіктөртбұрыш пен шаршының ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?

Негізгі қорытынды: шаршының барлық қабырғалары тең, ал тіктөртбұрыштың қарама-қарсы қабырғалары ғана өзара тең.

(9–15 минут) Кіріспе тапсырма: жұптық жұмыс

Тапсырма барысы

  1. Жұптағы бірінші оқушыға қабырғалары 10 см және 20 см болатын тіктөртбұрыш беріледі.
  2. Ол тіктөртбұрыштың қабырғаларын өлшеп, барлық қабырғаларының қосындысын табады. Екінші оқушы бақылап, қажет болса көмектеседі.
  3. Оқушылар тіктөртбұрышты үлкен қабырғасының ортасынан бүктейді.
  4. Екінші оқушы шыққан фигураның қабырғаларын өлшеп, нәтижелерін салыстырады.

Сұрақтар мен күтілетін жауаптар

  • Алғашында берілген фигура қалай аталады? (тіктөртбұрыш)
  • Тіктөртбұрыш екенін дәлелде. (қарама-қарсы қабырғалары тең)
  • Барлық қабырғаларының ұзындығы қанша? (60 см)
  • Бүктегеннен кейін шыққан фигура қалай аталады? (шаршы)
  • Шаршы екенін дәлелде. (барлық қабырғалары 10 см)
  • Шаршының барлық қабырғаларының ұзындығын қалай таптыңдар? (қосудың көмегімен)
  • Шаршы мен тіктөртбұрыштың ұқсастығы қандай? (шаршы тіктөртбұрышқа жатады)

Қорытынды: шаршының периметрін табу үшін бір қабырғаның ұзындығын өлшеп, 4-ке көбейту (немесе төрт рет қосу) жеткілікті.

Жеке жұмыс: «Шаршының қабырғасын өлше»

Оқушылар суреттегі шаршылардың қабырғаларын сызғышпен дұрыс өлшейді. Тексеру — жұппен салыстыру арқылы.

Жауаптары

5 см; 2 см; 4 см.

Практикалық тапсырма: «Фотосуретке арналған жиектеме»

Мақсат: портретке дәл келетін жиектемені анықтау үшін өлшеу жоспарын құру және орындау.

  • Қоянның портретінің пішіні қандай?
  • Портретке дәл келетін жиектемені табу үшін не істеу керек?
  1. Алдымен портреттің қабырғаларын өлшеу.
  2. Содан кейін жиектемелердің қабырғаларын өлшеп, сәйкесін табу.

Өзге тәсіл ұсынған оқушы болса, шешімін сыныпқа түсіндіреді. Қиындық көрген оқушыларға жеке қолдау көрсетіледі.

(Т) «Шығарып көр»

Оқушыларға ойлануға уақыт беріледі, кейін жетекші сұрақтар қойылады.

  • Қоршаудың бір қабырғасына неше тақтай кетті? (10)
  • Шаршы пішінді қоршаудың неше қабырғасы бар? (4)
  • Әр қабырғаға неше тақтайдан кетеді? (10)
  • Барлығы неше тақтай керек?

Жауабы

Барлығы 40 тақтай қажет.

(Ж) «Орындап көр»

Оқушылар таяқшаларды пайдаланып шаршы моделін құрастырады және периметрін анықтайды. Бірінші шаршы — қабырғасы 1 таяқша, екінші шаршы — қабырғасы 2 таяқша. Оқушылар келесі шаршының қабырғасы 3 таяқша болатынын тұжырымдайды.

Жауабы

Бір қабырғасы — 3 таяқша. Барлығы — 12 таяқша.