Сөзімді бөлме
Сабақтың тақырыбы
Атамекен – алтын бесік
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың атамекенді, туған жерді қорғай білу және Отанды сүйе білу туралы түсініктерін кеңейту.
Сабақтың міндеттері
- Атамекенді қадірлеу, адам өміріндегі орны туралы мағлұмат беру.
- Атамекенді ардақтау сезімдерін дамыту.
- Туған жерді көркейтуге атсалысуға, еліне адал қызмет етуге тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Оқушылар шеңберге тұрып, Қ. Мырза Әлидің «Өз елім» атты өлеңін орындайды.
Келгенде көктемі,
Көңілін гүл басқан.
Шырағы көктегі,
Жұлдызбен сырласқан.Өз елім менің — Өзегім менің,
Жырыма қосып жүремін,
Төрім деп менің, Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.Қайырмасы:
Түлегі сендер, Тірегі сендер —
Тірегі сендер сол елдің.
Назары сендер, Базары сендер,
Ажары сендер сол елдің.Ақ күмбез астығы,
Асқар боп өрілген.
Жалынды жастығы,
Жүлдені бермеген.Өз елім менің — Өзегім менің,
Жырыма қосып жүремін,
Төрім деп менің, Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.
Негізгі ұғымдар
Атамекен
Туған халқының, ұлтының ертеден мекен еткен, ата-бабасы қоныстанған жері.
Туған жер
Әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген, балалық шағы өткен қасиетті мекені.
Түйін
Адам қай жерде, қандай биікке көтерілсе де, ең қадірлі, қасиетті өлке — өз Атамекені.
Ойланайық, пікірлесейік
- «Атамекен» дегенде ойыңа бірінші не келеді?
- Адамның туған жері әрқашан атамекен бола ма?
- Адамда екі атамекен болуы мүмкін бе? Ал Отан ше?
- Арман-қиялыңда атамекенге қандай орын берілген?
- Туған жеріңде туып-өскен қандай азаматтарды мақтан етесің?
- Сенің қандай еңбегіңді елің мақтан еткенін қалайсың?
Мәтінмен жұмыс
С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» әңгімесінен үзінді.
Бұлардың елден алып шыққан азықтары кеше біткен. Қанша үнемдеп, қысып ұстағанымен, қоржын түбінде қалған бір уыс малтадан басқа тіске басар түгел таусылған. Бір мезгіл ауыздарына салып сорып, шаймен алдарқатқан малта да азайып, енді талғажау етер құрттың өзін соңғы талшық санап, үнемдей бастаған.
Екеуі тағы да біразға дейін үнсіз жатты. Күндізгі ұзақ жүрістен талып, өлердей шаршаса да, жалаң аштық ішті бүріп, бұрап, көзге тірелген ұйқыны ашып жіберді.
Аманай қанша шыдап, бағайын десе де болмады. Орнынан тұрып, қараңғыда сипап іздеп, бас жақтарында жатқан қоржын ішінен екі малта алып, орнына қайта жайғасты да, біреуін аузына салып, екіншісін әжесінің қолына апарды.
— Мә, әже, сенің де қарның ашты ғой.
— Жоқ, жемеймін. Шөл келтіреді, денемде қызу бар. Өзiң же, балам.
Үңгірге кіргенде тұла бойы құрысып, тоңып, басы зеңіп, қатты ауырлап қалған Балзияның денесі түнге қарай ысып, күйіп, барған сайын қызуы күшейе түсті. Әбден зорығып титықтаған әлсіздігін сезген әже тілі сөзге келіп тұрғанда немересіне соңғы аманатын айтуға бекінді.
— Аманай, жалғызым, — деді Балзия даусы жарықшақтанып.
— О, не, әже? — деді ол малта сорғанын қоя қойып, құлақ түріп.
— Бұдан әрі жүруге енді шамам жоқ... Әл бітті. Осы жерде қалатын шығармын... Егер олай-бұлай болып кетсем, мені қойшы: дәмім таусылған адаммын. Осы жерде біреу-міреу тауып алар...
— Неге, әже? Неге қаласың? — Тұла бойын әлдебір қорқыныш тітіркендіріп өткен Аманай басқа сөз таба алмады.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, балам. Тыңдап ал. Мұқият тыңда. Сөзімді бөлме. Менің сөзімді түгел тыңда, ұғып ал, — деді Балзия әр сөзін шегелеп. — Біз соңғы асуға келдік. Бұл асудың арғы жағында — өзіңе талай айтқан Жетісу жері, жалпақ ел бар. Ол — сенің атамекенің, алтын бесігің. Оған жетсең, жамандық көрмессің; бағың да, көзің де ашылар. Ендігі тіршілігің сол жерге байланысты.
Ол жерде Атымтай атаңның, бүкіл ел-бабаңның зираты, белгісі жатыр. Оған жететін бұдан әрі екі жол бар. Қолайлысы — төте жол: бағана өзіңе көрсеткен биік шыңның бауырындағы Қылкөпір дейтін жалғыз аяқ қия соқпақ. Осы арадан күндіз көрсең көрінеді. Соны бетке алып жүре бер. Қия жолдан ассаң, ар жағы ылғи еңіс...
Ол жақ бөктерінде малшылар да, аңшылар да кездесуі мүмкін. Олардан енді қорықпа. Кездесе қалсаң, жайыңды айт: «Еліме келе жатырмын» де. «Әкемнің аты — Заманай, атамның аты — Атымтай» дерсің. Қайда барсаң да осы атаңның аты арқылы сенің кім екеніңді ел түсінеді...
Енді бір-ақ күн жүрсең, жетіп те қаларсың. Ит-құстан сақ бол... Не көрсең де енді еліңмен бірге көр. Ертең ер жеткенде бәрін ұғасың. Әзірше... жолың болсын... Енді дорбаңдағы малтаны екі қалтаңа бөліп салып ал.
Аманай әже сөзінің бәрін толық ұқпаса да, алыстан мұнартқан сағымдай әлдебір жұмбақ тіршілікті сезгендей. Бірақ жалғыз кету, әжені тастап кету дегенді мүлде түсінбеді. Бұлай болар деп осы жарты ай бойғы жол үстінде ойлап та көрмеген.
— Әже, мен сенсіз ешқайда бармаймын, — деді біраздан соң даусы бұзылып, жыларманға келіп.
— Мен енді жүре алмаймын дедім ғой. Мені аясаң, алдағы елге тез жет. Қайтып келіп мені алып кетерсің, әйтпесе екеуміз де осы үңгірде мәңгі қаламыз... Түсін мұны, Аманай. Сен енді Атымтай ұрпағынан жалғыз азаматсың. Қорықпа. Жол жүруді үйрендің ғой...
Бұдан әрі екеуі де ұзақ үнсіз жатты. Аманай ішін бұраған аштығын да ұмытқандай. Санасын шым-шытырық ойлар торлап, көп уақытқа дейін ұйқылы-ояу күйде жатып, ақыры ұйқыға кетті.
Талқылау сұрақтары
- Қария немересін атамекенге неліктен алып барғысы келді?
- Атамекен, атақоныс, атажұрт неліктен қымбат?
Мағыналық өзек
Адамның болашағы да, өткені де атамекенмен тығыз байланысты. Туған жерді қасиет тұту — халқымыздың қанға сіңген мінезі, ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл таным жанымызға ана сүтімен дариды.
Дәйексөз
Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат.
Сұрақтар
- Сенің өміріңде атамекеннің алатын орны қандай?
- «Туған жер — береке» деген сөзді қалай түсінесің?
Елім деп соғар жүрегім…
Сабақ барысында алған білімді тереңдетіп, ой қорыту мақсатында оқушылар Отан, Туған жер, Атамекен тақырыптарында өлең оқиды.
Мекен ғой бұл, ел көшкен қия құздан,
Қара тастан жас тамып, күй ағызған.
Жақсыны да, жаманды көрген дала,
Кеңдігінен кеудеге сия алғызған.Мекен ғой бұл тұлпардың ізі қалған,
Көкжиекті жүзіпті арман.
Домбырадан бір мезгіл күй толастап,
Арулардан нәзік үн үзіп алған.Мекен ғой бұл сыңсыған қызды ұзатқан,
Жабасына мұң батқан күзгі ұзақ таң.
Бір өзінің көркіне сұқтандырып,
Бұлақ-бұрым, кеудеден күз құлатқан.Мекен ғой бұл қызыққа бір қанбаған,
Бұлт үкісі биікте бұлғаңдаған.
Дала бейне түс көріп жатқан батыр,
Қадалып келбетіне тұрған маған.
Атамекен — жер жаһанға мәлім аты,
Алыс кетсем сағынатын,
Айналайын атамекен —
Жүрегімнен табылатын.Аспаны — бір мөлдір әуен,
Асқары — бір мөлдір әлем.
Айналайын атамекен,
Гүлің болып мөлдіреген.Бала да өзі адымдаған,
Дала да өзі мәлім маған.
Айналайын атамекен,
Жанарымда дамылдаған.Ән жоқ шығар арналмаған,
Жан жоқ шығар толғанбаған.
Айналайын атамекен,
Бақыт болып қонған маған.
Қазақстан — айтылар жаз әнім,
Қазақстан — керемет ғажап үн.Қазақстан ғаламға әуеле,
Қазақстан — атыңды жазамын.
Түсінік
Қазақ халқы мекен мәселесіне әрдайым терең ілтипатпен қараған. «Атамекен» сөзі — қазақ халқының сол жерді ерте кезден иемденіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқанын аңғартады. «Кіндік кесіп, кір жуған», «кіндік қаны тамған» деген тіркестердің бәрі туған жерге деген ыстық ықыластан туған.
Шығармашылық жұмыс
«Байырқұм — мақтанышым»
Оқушылар атамекенге, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін ауылға деген махаббатымен байланыстырып, шығармашылық жұмыс орындайды.
Болашағымыз өз атамекенімізбен тығыз байланысты. Осы елде туып, өсіп, өнiп, туған жерге қызмет ету, Отанды сүю — үлкен бақыт. Қазақтағы «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл да осы ойды бекіте түседі.
Өзіммен-өзім (рефлексия)
Баяу музыка қойылады. Ыңғайланып отырыңыздар. Ыстықтан әбден қалжырап, тіпті саусағыңызды да қимылдата алмайтындай әсерде болыңыздар. Тітіркендіргіштер әсер етпес үшін көзді жұмып, алдымен еркін, сосын жайлап тыныс алыңыздар.
Ауаны терең жұтып, сол деммен туған елдің, атамекеннің, Байырқұм ауылымыздың, қала берді бүкіл Қазақстанның көк аспанында қалықтап ұшып жүргендей елестетіңіздер.
Туған өлкеңіздің 5 жылдан, 10 жылдан, 15 жылдан кейінгі көркейген келбетін көз алдыңызға келтіріңіздер: ауылдарыңызға қосар еңбектеріңізді, зауыт-фабрикалардың, ауруханалардың, мәдениет үйлерінің жаңарып жатқанын ойша бейнелеңіздер.
Енді алған демдеріңізді жаймен сыртқа шығарып, сыныбымызға оралайық. Көзімізді ашып, бір-бірімізге күлімдеп қараймыз.
Сахналау
Оқушылардың орындаушылық шеберлігін шыңдау, мәселені шешу және өз ойын ашық жеткізу дағдыларын дамыту мақсатында сахналау жұмысы ұйымдастырылады. Балалардың өз нұсқаларын ұсынуы — олардың ойлау қабілеті мен шығармашылығын жетілдіреді.
Диалог: «Атамекен… Атажұрт… Туған жер…»
Немересі: Ата, туған жеріңізді неліктен сағына бересіз?
Атасы: Балам, туған жердің суы мен ауасы, тіпті түтіні де қымбат. Өйткені сол жерде дүниеге келіп, өсіп-өндім. Адамның өскен жері жанына да, сана-сезіміне де әсер етіп, мәңгі есінде қалады.
Немересі: Туған жерді, елді соншалық қадірлеуіңіздің себебі неде?
Атасы: Ол — менің ата-бабамның жері. Олар оны адал еңбекпен, маңдай терімен қорғап, көркейтіп, ұрпағына аманат етіп қалдырған. Сондықтан мен олардың үмітін ақтауым керек.
Немересі: Ата, осынша жасқа келсеңіз де, туған жеріңізді соншалық қалай жақсы көресіз?
Атасы: Қарағым, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет бойыма ана сүтімен, бесік жырымен сіңген. Сол сезім өздеріңе де дарып жатса — үмітімнің ақталғаны.
Немересі: Ата, мен сіздің үмітіңізді ақтаймын. Өскенде еліме адал қызмет ететін азамат болып өсемін.
Түйіндеме
Туған жер мен атамекен — әр адамның тағдырын құрайтын құндылық. Одан алғаныңды көңіл сүзгісінен өткізіп, бал жинаған арадай жүрегіңе құя білу маңызды.
Туған жерді сүю — өмір бойы өз жеріңде ғана байланып қалу емес. Әлемге назар аудармай тұйықталсақ, ақпайтын көл секілді даму мен өркениеттен қалыс қалар едік. Дегенмен жер шарының қай түкпірінде жүрсең де, сағынышыңды басар темірқазығың — туған жер атты ұлы ұғым біреу-ақ. Рухани байланыс үзілмесе ғана, айдарыңнан жел еседі: өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтыра алмайды.
Жүректен — жүрекке
Жақсы сөз, жақсы тілек —
Болайық ізгі ниетті.
Жақсылық ойлап кісіге,
Тілейік үлкен-кішіге.
Қорытынды ән
Оқушылар шаттық шеңберіне қайта жиналып, «Қазақ елі» әнін орындайды (сөзі: Ш. Сариев, әні: С. Бәйтереков).
Қазағым, сенсің қазақ-ұлы елім,
Дүрсілдеп сен деп соққан жүрегім.
Мақтанам, қазағым, мақтанышым,
Тәуелсіздік таңы атқан үшін.
Қайырмасы:
Қазақ жері — бұл Қазақстан,
Жаса мәңгі, гүл, Қазақстан.
Келешекке туған елім менің
Қолын беріп тұр, Қазақстан.
Бір мен үшін сенен басқа жер жоқ,
Жер бетінде сенен басқа ел жоқ.
Арманым, тағдырым — қазақ жерім менің,
Әнұраным, туым, қазақ елім.
Назарларыңызға рақмет! Сіздерге жүректің жылулығын, жанның сұлулығын тілеймін!