Бірінші кезең Кім жылдам

«Киелі сандар сөйлейді» интеллектуалдық сайысы (слайдпен)

Бұл сайыс қазақ халқының салт-санасы мен ата-бабадан жалғасқан дәстүрлерін танытуға, оқушының бойындағы табиғи қабілет, талант пен дарындылықты ашуға бағытталған. Қасиетті (киелі) сандар арқылы тәрбие берген салт-дәстүрді сақтап, сонымен бірге сандар теориясына қатысты ең маңызды, қызықты әрі түсінікті нәтижелерді жүйелеу көзделеді. Сондай-ақ шешімі әлі табылмаған мәселелерді атап көрсетіп, әр сан арқылы баланың ой толғанысын оятып, білімге құштарлығын арттыру мақсат етіледі.

Шақыру сөзі

Армысыздар, «Киелі сандар сөйлейді» атты сайысымызға жиналған құрметті қауым! Бүгінгі білім бәйгесіне қош келдіңіздер!

Мінекей, залда тыныштық — естілмейді дыбыс түк.
Мұнда біз де қоштаймыз, кешіккендерді тоспаймыз.
Ғылымдардың ғылымы — математика жайында,
«Киелі сандар сөйлейді» сайысын бастаймыз.

Сандар теориясына қысқаша кіріспе

Егер адам сандар әлемін тереңірек зерттеп, оқып-үйренсе, математиканың мүмкіндігі мен құдіретін айқын сезінеді. Сандардың және оларға қолданылатын амалдардың қасиеттерін зерттейтін математика бөлімі сандар теориясы деп аталады.

Сандар теориясының негізін ежелгі грек ғалымдары — Пифагор, Евклид, Эратосфен және басқа да ойшылдар қалаған. Бұл ғылымдағы кейбір тұжырымдар өте жеңіл баяндалады: оларды 5-сынып оқушысы да түсінеді. Бірақ сол мәселелерді шешу кейде аса күрделі болып, жүздеген жылдарға созылады, ал кейбір сұрақтарға бүгінге дейін нақты жауап жоқ.

Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналығы ол ат берген.
Жаратып барша әлемді жалғыз нұрдан,
Жауһари нұр сәулесін тарат деген.

Осы ойды арқау ете отырып, сайысымызды бастаймыз.

Ұйымдастыру тәртібі

Қатысушылар

  • Қатысушылар таныстырылады.
  • Жеребе арқылы топтар атауын және реттік нөмірін таңдайды.

Әділқазылар

  • Әділқазылар алқасы таныстырылады.
  • Ұпай беру жүйесі мен кезеңдер реті түсіндіріледі.

Сайыс кезеңдері

1-кезең: «Кім жылдам?»

Қарап тұрмай бәйгеге еріңіз, шәкірттерге әділ шешім беріңіз. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығарар білім бәйгесін бастайық.

  • Түстерді таңдау арқылы шыққан санның көбейту кестесі орындалады.
  • Әр дұрыс жауапқа — 1 ұпай.
  • Уақыт шектеулі: жауапқа 1 минут беріледі. Уақыт өткен соң жауап қабылданбайды.

2-кезең: «Мақал-мәтел — сөз мәйегі»

Бұл кезеңде 1-турда жиналған ұпай сақталады.

  • Топтар кезекпен санға байланысты мақал-мәтел айтады: 1-топ → 2-топ → 3-топ → әрі қарай жалғасады.
  • Бір айтылған мақал қайталанбайды.
  • Әр мақалға 10 ұпай қосылады.
  • Жауап ауызша беріледі.

3-кезең: «Полиглот» (жұмбақтар жарысы)

Келді кезек жұмбақты шешуге,
Жауаптарын беруге үш тілде.
Қазақ, орыс, ағылшынды білсеңіз,
Жақсы баға шәкіртке несібе.

  • Жасырылған жұмбақтардың жауабын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару қажет.
  • 2-кезеңде жиналған ұпай есептеледі.
  • Әр дұрыс жауапқа — 10 ұпай.

4-кезең: «Киелі санның құпиясы»

  • Алдыңғы кезеңдердегі ұпайлар сақталады.
  • Тақтада ұпайлар жасырылған сұрақтар ұсынылады: 10 / 20 / 30 / 40 ұпай.
  • Қатысушылар кезекпен сұрақтың бағасын таңдайды. Таңдалатын сұрақ саны — 4.
  • Ойлануға 10 секунд беріледі.
  • Дұрыс жауап берсе — сұрақ құнымен ұпай алады.
  • Қате жауап болса — қарсыластар қол көтеріп жауап беруге мүмкіндік алады: алдымен 2-топ, кейін 3-топ.
  • Қалай болғанда да, сұрақтағы ұпай дұрыс жауап берген ойыншыға беріледі.

5-кезең: «Санның сыры...» (үй тапсырмасы)

  • Әр топ үй тапсырмасын өз қалауы бойынша ұсынады: реферат, ребус, сөзжұмбақ және басқа форматтар.
  • Барлық кезеңдердің ұпайы қосылады.

6-кезең: «Тапқыр болсаң, тауып көр!»

Мәңгі бақи есте қалар
Ғажайып бір сайыс болсын.
Білімдірек шәкірт озар,
Қиынырақ сұрақ болсын.

  • Топтар кезекпен сұрақ қояды: 1-топ → 2-топ → 3-топ → әрі қарай жалғасады.
  • Бір қойылған сұрақ қайталанбайды.
  • Әр дұрыс жауапқа 10 ұпай қосылады.
  • Жауап ауызша беріледі.

Қорытынды ой

Математика ғылымында сан ұғымының орны айрықша. Санның шығу тарихына үңіле отырып, қазақ халқында тоғыз, жеті, үш, бір сандарының ерекше қасиетті мәні бар екенін байқаймыз. Бұл — санамызда киелі сандар туралы түсінікті қалыптастыратын терең мәдени қабат.

Сандардың ерекшелігі мен қасиетінің шығу төркінін зерттей келе, әлі де ашылмаған құпиясы, жұмбақ қыры бар екенін түсінеміз. Бүгінгі сайыс арқылы келешек ұрпаққа қазақ халқы үшін киелі жеті, тоғыз, үш сандарының мәнін жеткізу және сан ұғымының құпиясын ашуға үлес қосқан ұлы ғалымдардың еңбегін насихаттау мақсат етілді.

Осымен «Киелі сандар сөйлейді» интеллектуалдық сайысымыз аяқталды.