Тарихи қайраткерлер

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті

С. Сейфуллин атындағы №165 мектептің тарих пәні мұғалімі — Жәдиева Ләззат Шынтасқызы

Сабақ түрі: сайыс • Сабақ типі: қорытындылау-жинақтау • Сынып: 8

Сабақтың тақырыбы

Тарихи тұлға (сайыс сабағы)

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайы және жоңғар басқыншыларына қарсы күресі туралы білімін қорытындылау, жинақтау.

Тәрбиелік

Батыр бабалардың тәуелсіздік үшін күресін таныту арқылы оқушыларды елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тарихи ойлауын, сөйлеу және дәлелдеу қабілеттерін дамыту.

Сабақтың эпиграфы

«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — ұран».

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі — тарихымыздағы ең күрделі де қастерлі кезеңдердің бірі. Бүгінгі сайыс сабағы сол тақырып бойынша өткен білімді бекітіп, жүйелеуге арналған.

Кіріспе: Сартай батыр туралы аңыз

Сабақты бастамас бұрын Аңырақай шайқасына қатысты бір тарихи аңызға тоқталайық. Аңырақай шайқасында 98 жастағы қарт әкесі Байжан биден бата алып, үлкендерден қалыспай, 12–16 жас аралығындағы ер балаларды жинап, мың баладан жасақ құрған 15 жасар Сартайдың ерлігі ел жадында сақталып, жыр-дастанға айналды.

Жоңғардың отты зеңбіректеріне қарсы найзағайдай жарқылдап жол салған «мың баланың» ерлігі, кеудесін оққа тосқан 12–16 жас аралығындағы 500 жеткіншектің ел мен жер үшін мерт болғаны ұрпақтан-ұрпаққа жетті.

Сартай батырдың ерлігін дастан етіп жазған ақын Нұрмағамбет Қосжанұлы (1897–1937) бұл шығармасы үшін «халық жауы» атанып, қасіретті тағдыр кешті. Дастан арқылы ол қазақ халқының отаншылдығын, батырлығы мен қайсарлығын әсерлі суреттеді.

Бүгінгі сабақ жарыс түрінде өтеді. Сартай батыр туралы аңыз сендерге рух пен жігер берсін!

Ұйымдастыру кезеңі

Сынып үш топқа бөлінеді. Жеңген топ мүшелеріне символдық түрде «Сартай батыр» атағы беріледі.

Кіріспеде сабақтың өту барысы, жарыстың шарттары мен тапсырмалары түсіндіріледі.

Топтар Білімді оқушы Тарихи сипаттама Тарихқа саяхат Алғырлықты байқау Қорытынды ұпайлар
I топ
II топ
III топ

I кезең: «Білімді оқушы» сайысы

Әр топқа 7 сұрақ беріледі. Дайындыққа 3 минут уақыт бөлінеді.

I топ сұрақтары

  1. «Ақтабан шұбырынды» жылдары қай жылы басталды?
  2. 1710 жылы болған ірі оқиға қандай және қай жерде өтті?
  3. Жоңғар хандығы қай жылы құрылды?
  4. Торғауыттар деген кімдер?
  5. 1643 жылы әскер тарихында сирек кездесетін қандай шайқас болды?
  6. Қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы қай ғасырда басталды?
  7. Жоңғар билеушілері бұл соғыста қандай мақсат көздеді?

II топ сұрақтары

  1. Шона Доба деген кім?
  2. Ордабасы тауы маңында жиналған үш жүз өкілдері бас қолбасшы ретінде кімді сайлады?
  3. Мұқағали Мақатаев қай қазақ батырына арналған дастан жазды?
  4. Қазақтар қай жылдары жоңғарлардан басым түсіп, оларды күйрете жеңді?
  5. Қай хан өзін қазақ пен қалмақтың ханы санаған?
  6. Қазақтар жоңғарлармен күресу үшін қандай мемлекетпен одақ құруға ұмтылды?
  7. Аңырақай шайқасынан кейін Қазақстанның қандай өңірлері азат етілді?

III топ сұрақтары

  1. Ойраттар деген кімдер?
  2. 1723 жылы жоңғарлардың қанша әскері қазақ жеріне басып кірді?
  3. 1724–1725 жылдары жоңғарлар қай қалаларды басып алды?
  4. Жоңғар шапқыншылығы кезінде халық арасында қандай ән шықты?
  5. Неліктен қазақ жасақтары Аягөз маңында жоңғарлардан жеңіліп қалды?
  6. 1718 жылы Арыс өзені бойындағы шайқас кімдердің жеңісімен аяқталды?
  7. Алғашқы шайқастарда жоңғарлардың қазақтардан басым болуының себептері қандай деп ойлайсыңдар?

II кезең: «Тарихи сипаттама» сайысы

Әр топқа шығармашылық тапсырма беріледі. Мақсат — тарихи дерек пен пікірге сүйене отырып, ойды дәлелді түрде жеткізу.

I топ тапсырмасы

Аңырақай шайқасының атауына қатысты көзқарастар:

  1. Соңғы зерттеулер бұл қоныс атауын қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте қаза тапқан ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстырады.
  2. Жаудың сағы сынып, қатты жеңілгені сонша, ұрыс даласын «аңырап» басына көтерген деген түсіндіру бар. Сондай-ақ Қапшағай тауын жарып, жазыққа құлаған сарқырама «Аңырақай ағысы» деп аталады; Хан тауы мен Аңырақай тауы арасындағы жазықта күзде-қыс мезгілінде аңыраған өкпек жел соғады.

Екі көзқарастың қайсысын қолдайсыңдар? Неліктен? Ойларыңды нақты мысалдармен дәлелдеңдер.

II топ тапсырмасы

Ш. Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар мен Еділ бойы қалмақтары тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратып, малдарын айдап әкетті. Қазақтарды бүкіл үй-ішімен тұтқындап алды…»

Осы пікірден қандай қорытынды жасауға болады? Ойларыңды нақты мысалдар арқылы дәлелдеңдер.

III топ тапсырмасы

Өздеріңді бір сәт 1729 жылы Балқаш көлінің маңында деп елестетіңдер.

Қандай тарихи оқиғаның куәгері болар едіңдер? Ол оқиғаның атауы қандай, маңызы неде? Жауаптарыңды дәлелмен ұсыныңдар.

III кезең: «Тарихқа саяхат» сайысы

Ойын форматы: қатысушылар «терезеден» 10, 15, 20, 30 ұпайлық сұрақтарды таңдап, жауап береді.

Тарихи қайраткерлер

  • 10 ұпай

    1771–1781 жылдары Қазақ хандығын қай хан биледі?

  • 15 ұпай

    «Дарабоз», «Хан батыры» деп кімді атаған?

  • 20 ұпай

    «Елім — Албан, жерім — Қарқара, жайлауым — Асы» деген сөзді қай батыр қалдырған?

  • 30 ұпай

    «Қарсы алып қалмақ тасырды, ала ат мінген — алапатын асырды» деген сөз кім туралы айтылған?

Шайқастар

  • 10 ұпай

    1718 жылы Қазақ жерінде қандай шайқастар болды?

  • 15 ұпай

    1728 жылы қандай шайқас болды және ол қалай аталды?

  • 20 ұпай

    1728 жылы Бұланты өзені жағасындағы шайқас өткен жер бұрын қалай аталды?

  • 30 ұпай

    1730 жылы қандай шайқас болды? Оның тарихи маңызы неде?

Тарих

  • 10 ұпай

    Жоңғарларға қарсы азаттық күреске қатысты есімдерді таңдаңдар: Үгедей, Наурызбай, Ақсақ Темір, Абылай, Төле би, Жәнібек, Бөгенбай.

  • 15 ұпай

    1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы неге қазақтарға аса ауыр тиді?

  • 20 ұпай

    Қай хан, қай жылы алғаш рет жоңғарларға қарсы күреске Ресейден көмек сұрады?

  • 30 ұпай

    1710 жылы Қарақұмда бүкіл қазақ құрылтайы өтті. Құрылтайға қатысушылардың бір бөлігі жоңғарларға бағынуды ұсынғанда, ерлігімен әйгілі ру басы бұл әрекетке тыйым салды. Ол кім?

IV кезең: «Алғырлықты байқау» (жедел сұрақтар)

  1. Әбілқайыр хан қай жылы Ресейден көмек сұрады?
  2. «Ақтабан шұбырынды» жылдары туралы қазақтың қай ғалымы жазды?
  3. Бөгенбай батыр қолбасшылықтан бөлек қандай іспен айналысты?
  4. Қабанбай батыр, ел аузындағы дерекке қарағанда, неше ұрысқа қатысты?
  5. Шапырашты Наурызбай батыр халық жадында қандай ерліктерімен қалды?
  6. Төле би қай жерде жерленген?
  7. Үш би туралы қай қазақ жазушысы роман жазды?
  8. Тәуке хан қай жылы қайтыс болды?
  9. Үш бидің қайсысы жоңғар қонтайшысына барып, қазақтарды сипаттап берген?
  10. Райымбек батыр туралы роман жазған кім?
  11. 1723 жылы жоңғарлардың қазақ жеріне басып кіруіне қандай саяси оқиға түрткі болды?
  12. Тәуке хан қай жылы Ресейден соғыс көмегін сұрады?
  13. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза болған, Алматыда жерленген батырлардың бірін атаңдар.
  14. 1643 жылы жоңғарлармен шайқаста қазақ әскерін қай хан басқарды?
  15. «Ақтабан шұбырынды» жылдарын атаңдар.
  16. Үш жүздің біріккен әскери күшін басқарған қолбасшы кім?
  17. Жоңғарларға қарсы күресу үшін үш жүздің біріккен әскер жасақтарын құру туралы алғашқы құрылтай қай жылы шақырылды?

Қорытындылау және бағалау

Әр кезең бойынша ұпайлар саналып, жеңімпаз топ анықталады.

Жеңген топқа «Сартай батыр» атағы құрметпен беріледі.

Оқушылардың жұмысы нәтижесіне қарай бағаланады.