Кеңес жауынгерлері

Кіріспе

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО-ға шабуыл жасады. Осылайша Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы басталды. Тарихта бұл соғыс секілді қасіретті кезең сирек: майдан мен тылда 27 миллионнан астам кеңес азаматы қаза тапты, олардың ішінде 410 мыңға жуығы қазақстандықтар еді.

Фашистік басшылық Мәскеуді бірнеше апта ішінде басып алуды жоспарлады. Алайда Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл армия жауды тоқтатып қана қоймай, қарсы шабуылға шықты. Бұл жеңісте қазақстандық жауынгерлердің үлесі айрықша болды.

1941 жылдың қыркүйегінде басқыншылар Ленинградқа жетіп, қаланы толық қоршауға алды. 900 күн мен түн бойы қала әуеден және ауыр артиллериямен атқыланды. Ленинградты қорғау мен азат етуге қазақ сарбаздары да белсенді атсалысты.

Мәскеу түбіндегі сәтсіздіктен кейін жау астық пен мұнайға бай оңтүстік аймақтарды көздеп, таңдаулы күштерін Сталинград бағытына бағыттады. Кеңес жауынгерлері: «Өліспей беріспейміз!» деген ант берді. Сталинградта әр үй, әр көше бекініске айналып, қазақстандық жауынгерлер таңғаларлық ерлік көрсетті.

Қаза болғандар
27M+
Кеңес азаматтары
Қазақстандық шығын
410K
Шамамен
Ленинград блокадасы
900
Күн мен түн

Батырлар статистикасы

Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткені үшін 11 695 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соның 497-сі — қазақстандықтар. Ойыл ауданының жалғыз батыры — Николай Николаевич Оноприенко — осы атаққа ие болғандардың бірі.

Өмірбаяны

Николай Оноприенко 1911 жылы Ақтөбе облысының Ойыл кентінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, әскери қайраткер, дивизия командирінің орынбасары, гвардия полковнигі.

Ол 1930 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына қабылданды. Алдымен Термез қаласындағы (Өзбекстан) полк мектебінде оқып, кейін жаяу әскерлер училищесін және командалық құрамды жетілдірудің Жоғары курсын тәмамдады.

Соғыс жылдарында Брянск, Орталық, 4-Украина және 1-Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысты. 1941 жылы Батыс майданының 16-армиясында атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды.

Білім және әскери жолы

  • 1930: Қызыл Армияға өз еркімен келді.
  • Термездегі полк мектебін бітірді.
  • Жаяу әскерлер училищесі және Жоғары курс.
  • 1941: 16-армияда батальон командирі.

Басты ұстаным

«Өліспей беріспейміз!»

Бұл сөз Сталинградтағы шайқастарда ғана емес, майдан даласындағы жауынгер рухының ортақ бейнесіне айналды.

Ерлігі және марапаттары

Гвардия полковнигі Оноприенко 2-Беларусь майданының 65-армиясы, 37-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында 1945 жылдың 19–21 сәуірінде Одер өзенінен өту кезінде ерекше көзге түсті. Польшаның Щецин қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан Колбасково елді мекені маңында 45 мм зеңбіректердің өзеннен өтуін ұйымдастырды.

Одерден өтіп, батыс жағалаудағы Кальбица бекінісін жаудан тазарту шайқасындағы ерлігі үшін Николай Николаевич Оноприенкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Негізгі марапаттары

  • Ленин ордені
  • «Алтын Жұлдыз» медалі
  • Суворов ордені (III дәрежелі)
  • Кутузов ордені (III дәрежелі)
  • Қызыл Жұлдыз ордені

Халықаралық марапаттар

Көптеген медальдармен қатар Польша мен Англияның әскери наградаларымен марапатталған.

Соғыстың аяқталуы

Соғысты Берлинде аяқтады.

Орел—Курск бағытындағы шайқастар (1943)

1943 жылдың маусымында Орел—Курск бағытында кескілескен ұрыстар жүрді. Оноприенконың батальоны бірнеше күн бойы қорғаныс шебін бермей ұстап тұрды. Жау 80–100 танкіден тұратын топпен майданды бұзып өтпек болып, кеңестік бекіністерге қайта-қайта шабуыл жасады.

Гитлершілер батальонға жеті рет шабуылдады, бірақ әр жолы тойтарыс алып шегінді. Тіпті қатар сиреген батальонды жау жиырма шақты танкімен және екі батальон жаяу әскермен қоршауға алған кезде де кеңес жауынгерлері өз шебінен бір адым да шегінген жоқ.

Оноприенконың бөлімдері плацдармды басып алып, жаудың 12 қарсы шабуылын тойтарды. Қоршауды бұзып шыққан батальон дереу қарсы соққы беріп, екі күнге созылған қиян-кескі шайқаста белгіленген плацдармды көмек жеткенше қолдан шығармады.

Соғыстан кейінгі өмірі

Соғыстан кейін Николай Николаевич туған өлкесі — Ойыл ауданына оралып, аудандық әскери комиссариатты басқарды. 1941 жылғы 28 желтоқсан мен 1942 жылғы 9 қараша аралығында әуе шайқастарында алған жарақаттарының салдары денсаулығына әсер етіп, 1954 жылы қызметтен босатылды. Кейін Орынбор қаласында еңбек етті.

Ол өзінің еңбек жолын қарапайым жауынгерден бастап, батальон мен полкті басқаруға дейін көтерілді, дивизия командирінің орынбасары қызметін атқарды және полковник дәрежесіне жетті.

Николай Оноприенко 1979 жылы дүниеден өтті. Бүгінде Ойыл ауылында батырдың есімімен аталатын көше бар.

Қорытынды

Ұлы Жеңіске ондаған жыл өтсе де, бұл күн — сол дәуірдегі халықтың ержүректілігі мен төзімін айқындайтын, тарихта мәңгі қалатын белес. Бұл мерекені майданның алғы шебінде ерлік көрсеткен ардагерлер де, тылда күні-түні еңбек етіп жеңіске үлес қосқан жұмысшылар мен ауыл адамдары да бірге атап өтеді.

Әсіресе аналар мен жарлардың, қалыңдықтар мен қыздардың төзімі — сол жылдардың ең ауыр, ең қасиетті шындығы. Олар көз жасын тыя жүріп, әкелерін, ерлерін, ұлдарын күтті; шаңырақтың берекесін сақтап, өмірдің үзілмеуіне себеп болды.

Ұлы Отан соғысы халқымыз үшін ең ауыр күндерге айналды: төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы Отан мен жер үшін, келешек ұрпақ үшін жанкешті күрес жүрді. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейінгі майдан жолынан өтті; Сталинград түбінде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батырлықтың сан үлгісін көрсетті.

Қазақ сарбаздары Украина, Кавказ, Беларусь, Қырым, Прибалтика жерлерін азат етуге қатысты; Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария және Германия аумағындағы шайқастарда жеңіс туын көтеріп өтті. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды бауырына басып, эвакуацияланған зауыт-фабрикаларды қабылдап, майданға қажет азық-түлік пен оқ-дәрі жеткізген үлкен арсеналға айналды.

1941–1945 жылдардағы соғысқа 35 миллион адам қатысып, соның ішінде 1,5 миллионға жуық қазақстандық майданға аттанды. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектерінің шамамен 70%-ына тең. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жасақталған 23 бірлестік, 50-ге жуық полк пен батальон шайқасты.

Ондаған мың қазақстандық ерлігі мен ерен еңбегі үшін марапатталды. 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Тілегіміз

Ұрпақ үшін белшесінен қан кешкен, Отан үшін талай ерлер мерт болған сұрапыл жылдар қайталанбасын.

Болмасыншы, болмасыншы қан соғыс. Соғыс десе жүрегіміз селт етеді.