Бестік баға
Қош бол, балабақша!
Бұл мерекелік іс-шараның мақсаты — балалардың білім деңгейін шыңдап, балабақшамен қоштасу сәтінің маңызын сезіндіру. Сонымен қатар, адамгершілікке, сыйластыққа баулу.
Жүргізушінің құттықтау сөзі
Құрметті ата-аналар мен балабақша қызметкерлері! Бүгін — ерекше күн. Өйткені бірнеше жыл бойы тәрбиеленген бүлдіршіндерімізді ұядан ұшырып, мектепке шығарып салғалы отырмыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Өтті қызық көп күндер,
Бес жасқа жеттіңдер.
Барасыңдар мектепке,
Бір белестен өттіңдер.
Өсті ақыл-ойларың,
Өсті міне бойларың.
Қуанышқа ортақпыз,
Құтты болсын тойларың!
Балабақша түлектерін қарсы алайық!
Балалардың тақпақтары
Мерекенің шырайын ашатын жүрекжарды өлең жолдары.
Бала, бала — баламыз,
Бақшамызға барамыз.
Күні бойы қызыққа,
Батамыз да қаламыз.
Балабақша — бесігім,
Тағы бір той жасайық.
Ашып мектеп есігін,
Өзіңмен қоштасайық.
Біз қандаймыз, қандаймыз —
Шұғылалы таңдаймыз.
Күлімдеген күндейміз,
Еш уайымды білмейміз.
Талай қызық той өткіздік,
Бірақ орны бөлекше —
Бақшамызбен қоштасатын
Бүгінгі той ерекше.
Бес жасқа толамыз,
Әдепті бала боламыз.
Қуантып ата-ананы,
Мектепке кетіп барамыз.
Ана тілін ардақтап,
Сурет салып, ән жаттап.
Ана салтын біз көрдік,
Оқып-жазып үйрендік.
Хор
«Анашым»
Көркем сөз
Аудандық «Жауқазын» өнер фестивалі байқауында көркем сөз оқудан жүлделі 3-орын алған Утепберген Альбина мен Тұрлан Абзалдың өнерін тыңдайық.
Білімді тексеру: «5» бағасы
Жүргізуші балаларға сұрақ қояды: «Балалар, 5 деген бағаны білесіңдер ме?» Балалар жауап береді: «Білеміз.»
Жүргізуші: «Бестік баға қандай балаларға қойылады?»
Балалар: «Тәртіпті, сабақты өте жақсы оқитын балаларға қойылады.»
«5» бағаның сөзі
Құрметті де сүйікті балалар! Мені сендерге Білім ханшайымы жіберді. Мақсат — мектепке барар алдындағы білімдеріңді тексеру. Қолымда тапсырмалар жазылған билеттер бар. Сұрақтарға жауап беріңдер, сонда мен сендердің мектепке дайындығыңды бағалаймын.
Тапсырмалар тізімі
Балалар хормен және жекелей жауап береді.
- Біз қандай мемлекетте тұрамыз?
- Қазақстан Республикасының президенті кім?
- Қазақстан Республикасының әнұранын орындаңдар.
- Бір жылда неше жыл мезгілі бар? Қазір қай мезгіл?
- 1-ден 10-ға дейін тура және кері санаңдар.
- Геометриялық фигураларды атаңдар.
- Балабақшаларың қалай аталады?
- Бақшамыздың директоры кім?
- Әдіскердің аты кім?
- Топта неше баласыңдар?
- Топтарың қалай аталады?
«Рахмет, балалар! Енді сендермен қоштасатын кез келді. Білім ханшайымына сендердің мектепке дайындықтарың жақсы екенін айтамын. Ал сендерге Білім ханшайымының табыс еткен Білім кілтін апайларыңа тапсырамын. Сабақты жақсы оқып, тек бестік баға алыңдар. Сау болыңдар!»
Би нөмірі
Ер балалар биі: «Қуыршақ»
Тәрбиешілерге алғыс
Құрметті ата-аналар, апайлар және балғын бүлдіршіндер! Балалар өздерін тәрбиелеп, мәпелеп өсірген тәрбиеші апайларына алғыстарын өлең жолдарымен білдіреді.
Орын берген бақшадан,
Директор апай — жақсы адам.
Сондықтан да біз үшін,
Орны бөлек басқадан.
Витамин беріп қолыңнан,
Өскен сәби баламыз.
Дәрігер апай, сіздерге
Алғыс айтып барамыз.
Іс-шара туралы мәлімет
- Өңір
- Маңғыстау облысы
- Аудан
- Бейнеу ауданы
- Елді мекен
- Боранқұл селосы
- Балабақша
- «Боранқұл бөбекжайы»
- Тәрбиеші
- Қыдырбаева Амангүл Жарылғасыновна