Отбасына қарап
Сәлемдесу және ой-түйін
Қайырлы күн, балалар! Күніміз сәтті болсын! Әдеттегідей сендермен қайта кездескеніме қуаныштымын. Ата-анаң сенің адам болып қалыптасуың үшін бүкіл ғұмырын арнайды.
Негізгі ой
Ана сұлулығы — жүзіндегі мейірімінен көрінеді. (Ғабит Мүсірепов)
Ғабит Мүсіреповтен ой
Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе — бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе — бірін-бірі асырыңқырап тұрады.
Ата-ананың қадірі және отбасы құндылығы
Отбасы — қоғамның негізгі бөлшегі. Отбасындағы әр адам бір-бірінің жеке құқығы мен міндетіне қаншалықты құрметпен қараса, қоғам да соншалықты берік болады.
Ислам діні отбасыны перзент бойына сүйіспеншілік, өзара көмектесу және жанашырлық сезімін қалыптастыратын қасиетті шаңырақ ретінде қарастырады. Ұрпақтың жалғасуы мен олардың баянды өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты.
Жаңа ақпарат
- Адамға ең қымбат — отбасы.
- Сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық бар жерде ғана бірлік нығаяды.
- Ата-ана — отбасының ұйытқысы, ал бала — сол шаңырақты берік ұстайтын алтын діңгек.
- Ата-ананы қадірлеу — Отанды, туған жерді сүюдің бастауы.
Әрбір бала өз ата-анасын қадірлеп, туған жеріне сүйіспеншілікпен қараса, болашақта өзін танып, өміріне нық сеніммен қадам басады.
Сөзжұмбақ: «Анашым»
Төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз.
- 1. А. Құнанбаевтің анасы кім?
- 2. Ең жақын адам.
- 3. 14 наурыз қандай мереке?
- 4. Қысы-жазы бір түсте.
- 5. «… — алды ынтымақ.»
- 6. Ақ шашты ана: «Жастығым — балам» дейді. Ақылды бала: «Ай-күнім — …» дейді.
Жұмбақ
Маған да, саған да
Жақын туыс бес адам.
Үш әріптен тұратын,
Оңға оқы, солға оқы —
Өзгермейді еш одан.
Бәрі де өз жұртың,
Айтшы, кәне, кім атын?
Ойлануға түрткі
Жұмбақтың жауабын тапқанда, неге дәл сол сөз сәйкес келетінін бір сөйлеммен түсіндіріп көріңіз.
Мақалдың жалғасын тап (ойын)
1. Атаға қарап — …; Анаға қарап — …
2. Ананың көңілі балада, …
3. Ата-ананың қадірін …
4. Атаның баласы болма, …
5. Баланың жақсысы — қызық, …
6. Ұядан не көрсе, …
7. Қарағайға қарап …; Отбасына қарап …
Ата-ана туралы дана сөздер
Ұл мен қыз ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелткісі келсе, алдымен әдепті болуы керек. Өз міндетін адал әрі тиянақты атқарған бала — ата-ананың сүйенішіне айналады.
Қамқорлық туралы
- Ата-ана — жеміс ағашы секілді: күтсең, жемісі молаяды.
- Сәби кезіңде сені қалай мәпелесе, қартайғанда оларды да солай аялап күту — парыз.
Құрмет туралы
- Ананың түн ұйқысын төрт бөліп, бала үшін жанын салған мейірімін бағаламау — қиянат.
- Ата-ананың қадірін білмеген — халық қадірін де біле бермейді.
Есте сақтайық
Әке — тірегің, қамқоршың, асқар тауың.
Ана — жарық дүниеге әкелуші, мейірімнің бастауы.
Ата-анасын ұмытқан бала — опасыз; мейірімнен безген — рақымсыздыққа ұрынады.
Кейбір тәрбиесіз балалар ата-анасына қарсы сөйлеп, тыңдамай жатады. Мұндай қылықтан аулақ болайық: анаңды, әкеңді, апаңды, қарындасыңды және барлық туыстарыңды құрметтеп жүр.
Балаларға сұрақтар
Жауаптарыңды ауызша айтыңдар немесе қысқаша жазып көріңдер.
- Анаңның сүйіп жасайтын жұмысы қандай?
- Анаңның туған күні қашан?
- Үйдегі адам саны қанша?
- Бауырың неше жаста?
- Үйде ыдысты кім жуады?
- Үйді кім жинастырады?
- Таңертең сені кім оятады?
- Әкеңнің туған күні қашан?
Қорытынды
Отбасы — мейірім мен жауапкершіліктің мектебі. Ата-анаға құрмет көрсету — үлкен тәрбие, ал сол тәрбиені сақтау — әр баланың абыройы.
Келесі қадам
Енді ана туралы бірнеше бейнеклипке назар аударайық.
Дайындаған: Мирханова Қаламқас • Қатысқан сынып: 6-сынып