Атамекен және Туған жер топтары

Атамекен – мақтанышым!

Бұл сабақ туған жерге деген сүйіспеншілікті күшейтуге, елдің бірлігі мен тыныштығын қадірлеуге, табиғатқа қамқорлық жасауға бағытталған.

Тәрбие сағаты Туған жер Қазақстан Топтық жұмыс

Сабақтың барысы: ұйымдастыру кезеңі

Сыныпта баяу әуен ойнап тұрады. Тәрбиеші оқушылармен амандасып, көңіл күйлерін сұрайды: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Көңіл күйлерің қандай?»

Бүгінгі сабақ ерекше көңіл күймен басталады: интерактив тақтада Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің бейнебаяны көрсетіліп, балалар қосылып орындайды.

Әннен кейінгі әңгіме

Назерке: «Ғазиз, мынау қандай керемет ән!»

Ғазиз: «Иә, бұл — біздің ата-мекеніміз, Қазақстан туралы ән.»

Айжол: «Бұл ән біздің әнұранымыз сияқты ғой!»

Тәрбиеші: «Дұрыс айтасыңдар. Бұл әнде ата-мекеннің тұтастығы, елдің ынтымағы мен бірлігі, қоғамдағы тыныштық ерекше сезіледі. Ән адам рухын көтеріп, жүрекке жігер береді».

«Атамекен» ұғымы туралы

Тәрбиеші оқушыларға ой тастайды: «Атамекен деген сөзді қалай түсінесіңдер?» Балалар өз пікірлерін ортаға салады. Осылайша сабақтың негізгі тақырыбы айқындалады: бүгінгі әңгіме Қазақстан — туған жер, атамекен туралы.

Қазақстан туралы қысқаша мәлімет

Кең байтақ далалы жеріміз — ақ көңіл, қонақжай еліміз. Қазақы рух аңқып тұрар әр өңірден. Қазақстан жер көлемі бойынша дүние жүзінде 9-орында тұр.

Еліміздің жер қойнауы қазынаға толы: табиғи байлықтары мол. Қазақстанда жүздеген ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздің дамуына бағытталған игі бастамалар жүзеге асып келеді. Соның бір көрінісі — 2017 жылы Астана қаласында өткен халықаралық ЭКСПО көрмесі. Көрменің тақырыбы — «Болашақ энергиясы». Бұл шара Қазақстанның экономикалық және технологиялық дамуын әлемге танытқан маңызды оқиға болды.

Негізгі бөлім: топтық жарыс

1) «Атамекен» тобы

Тапсырма

Тақтаға дөңгелек пішін ілінеді. Ортасына сұрақ жазылады: «Туған жер бізге не береді?» Оқушылар түрлі суреттерді таңдап, оны күн сәулесі сияқты жан-жағына орналастырады.

Мысалдар

  • Ас-ауқат, сусын
  • Киім-кешек
  • Ауа, тыныс
  • Білім, болашақ
  • Дәрі-дәрмек
  • Қазба байлық

Жағымсыз құбылыстарды (соғыс, төбелес, алауыздық, ұрыс-керіс) таңдамау арқылы оқушылар туған жердің берері — игілік пен тыныштық екенін ажыратады.

2) «Туған жер» тобы

Тапсырма

Тақтаның ортасына ұзын ағаш пішіні ілінеді. Сұрақ: «Біз туған жер табиғатына не бере аламыз?» Оқушылар табиғатты қорғауға қатысты суреттерді таңдап, гүлдің күлтелерін құрастырады — нәтижесінде гүл бейнесі пайда болады.

Негізгі идея

Табиғатты қорғау, тазалық сақтау, аялы алақанмен қамқор болу — туған жерге берер ең үлкен сый. Артық, мағынасы сәйкес келмейтін суреттер «қоқыс шелегіне» тасталып, дұрыс таңдау жасау дағдысы қалыптасады.

Мақал-мәтелді жалғастыру

«Атамекен» тобы

  • Ел мен жер —егіз
  • Ел іші —алтын бесік
  • Жері байдың —елі бай

«Туған жер» тобы

  • Елің —панаң
  • Жерің —анаң
  • Жері байдың —елі бай

Шығармашылық тапсырма: сурет салу

Оқушыларға өз туған ауылының (не туған жерінің) суретін салу тапсырылады. Жұмыстар көрсетіліп, талқыланады және бағаланады.

Ән орындау

«Ән мен күйді төгілтіп, інжу-маржан шашайық. Қонақтарды таңдантып, өнерден күмбез жасайық!» — осы тілектің жалғасы ретінде балалар бәрі бірге «Менің елім» әнін орындайды.

Қорытынды

Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, еңсесі биік болсын десек, атамекенімізді қастерлейік. Сендер — жас өрендер — халқымыздың бағына тігілген көк туды желбіретіп, нық ұстауға тиіссіңдер.

Ол үшін ата-баба мұрасына адал болып, ата-ана үмітін ақтап, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуға бүгіннен бастап қадамдарыңды нық басыңдар.

Сабақтың аяқталғаны хабарланады.

Жұманазарова Табиға

Қаскелең қаласы, облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиешісі