Бәрінің бастауы - махаббат

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мекеме

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шилібастау бекетіндегі орта мектеп (мектепке дейінгі шағын орталығы бар) коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Пән / сынып

Өзін-өзі тану, 5-сынып.

Мұғалім

Сарсебаева Жанар Алтынбековна.

Тақырып, құндылық және қасиеттер

Тақырып

Сүйіспеншілік — өмір негізі

Құндылық

Өзгелерді және әлемді тануға жетелейтін сүйіспеншілік.

Қасиеттер

  • сүйіспеншілік
  • аялау
  • жақсы көру

Сабақ мақсаты мен міндеттері

Сабақ мақсаты

Оқушыларға қарым-қатынас жасаудың маңызын түсіндіріп, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ұғындыру.

Міндеттері

  • 1 «Жақсы көру», «сүйіспеншілік» ұғымдарының адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • 2 Сүйіспеншілікпен қарым-қатынас жасауға баулу.
  • 3 Оқушыларды туған елін, жерін, ата-анасын сүюге тәрбиелеу.

Ресурстар

Суреттер, дәптер, баяу әуен (тыныштық сәті үшін).

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: «Тыныштық сәті»

Ойша саяхат: «Су асты патшалығы»

Жайлы, баяу музыка қосылады. Көзімізді жұмып, бірнеше рет терең тыныстаймыз да, денемізді бос ұстаймыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне ойша саяхат жасаймыз.

Өзіңізді теңіз жағасымен келе жатырмын деп елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылын, шағалалардың үнін тыңдаңыз. Жалаң аяқ құмның жұмсақтығын сезініңіз.

Шалғайдан қара нүкте көрінеді. Жақындаған сайын оның дельфин екенін аңғарасыз. Ол сізді теңіз түбіне алып баруға келді. Дельфин өте әдепті, сізді сабырмен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз.

Су астында жүзу — керемет әсер. Өзіңізді қауіпсіз сезінесіз. Жан-жағыңызға қараңыз: кемпірқосақ түстес әсем балықтар жарқырап жүзіп жүр. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала өзгере түседі: суда тербелген ғажайып балдырлар көз тартады.

Анау жаққа көз салыңыз: үлкен балықтар, ал беріде — орасан сегізаяқ. Су асты әлемі қандай қызық әрі ғажап! Бір мезетте ерекше тыныштықты байқайсыз: терең, толық тыныштық.

Үнсіздік сәті

Осы тыныштық күйінде бірнеше секунд үнсіз болыңыз.

Енді жоғарыға, өз әлемімізге қайта оралуға дайындалыңыз. Айналаға тағы бір рет мұқият қараңыз: ғажайып түстер мен тыныштықтың әсерін жүрегіңізге сақтаңыз. Дельфин кері қарай жүзіп келеді.

Сіз су бетіне көтеріліп, жағаға жақындайсыз. Дельфиннің арқасынан түсіп, оны сипап, осындай ғажайып саяхат үшін алғыс айтыңыз. Сыныпқа оралып, өз орныңызға келіңіз.

Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз. Тыныштық сезімін бойыңызда сақтауға тырысыңыз. Мұғалім: «Рахмет. Кім өз әсерімен бөліседі?»

2) Үй тапсырмасын тексеру

4-тапсырма (23-бет). Дәптердегі тапсырма бойынша оқушылар өз тілектерін ортаға салып айтып, бір-біріне сыйға тартады.

3) Дәйексөз

«Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді».
В. Белинский

Ананың қолы — ең қасиетті, ең аялы қол; ол қандай істі де атқара алады. Ананың жүрегі — ең сенімді әрі сезімтал жүрек. Оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді, ал көзінен ешнәрсе де тыс қалмайды.

Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан — ана. Оқушылар дәйексөздің мағынасын ашып, өз ойларымен бөліседі.

4) Әңгімелеу және талдау

«Махаббат шуағы» өлеңі оқылып, талданады. Талқылауға ұсынылған сұрақтар:

  • «Бәрінің бастауы — махаббат!» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
  • Махаббат неліктен адамның жанын нұрға, көңілін қуанышқа бөлейді?

Негізгі ой

Оқушылар өз бойындағы ата-анаға, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті анықтап, әлемдегі бар жақсылықтың сүйіспеншілік арқылы келетінін ұғынады.

«Махаббатсыз — өмір бос», — деген Абай сөзі өмірдің өзегінде сүйіспеншілік жатқанын еске салады. Егер Отанға, анаға, отбасыға деген махаббат болмаса, мейірім, кешірім, сыйластық пен кішіпейілділік те әлсірер еді.

5) Шығармашылық жұмыс

З. Воскресенскаяның «Ана» әңгімесі оқылады. Оқушылар әңгімені тыңдай отырып, аналарына деген сүйіспеншілігін білдіріп, эссе жазады.

Жеке жұмыс барысында оқушылар өз шығармашылық қабілеттерін көрсетеді.

6) Топпен ән айту

«Ана туралы жыр»

Сөзі: Ғ. Қайырбеков • Әні: Ш. Қалдаяқов

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың қанатын самғаған,
Балалық құштарым өзіңе арнаған.

Қайырмасы

Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін,
Самал жел, сая бақ құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін.
Көңілді көктемдей көзіңнен танимын.

Өтеуге борышың, анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені,
Сыйлар ем ай, күнін, қолыма түспеді.

Қайырмасы

Ете гөр қанағат, әзірге берерім,
Балалық махаббат, балалық жүрегім.
Бол риза, анажан, қолдағы осы бар,
Өзіңе арнаған әнімді қосып ал.

Оқушылар әнді топ болып орындайды.

7) Үй тапсырмасы

29-бет, 1-тапсырма: өз сүйіспеншіліктерін кімге және не үшін білдіретінін гүл пішіндерінің ішіне бейнелеп көрсету.

8) Соңғы тыныштық сәті

Көзімізді жұмып, осы сабақта айтылған ойлар мен жасалған жұмыстарды ой елегінен өткізейік. Барлық жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне орналастырайық.

Енді көздеріңді ашыңдар. Осымен сабағымыз аяқталды. Бүгінгі күніңіз қуаныш әкелсін.

Мадақтау.