Халқымыздың өнегесін, әдет - ғұрпын насихаттау күн тәртібіндегі мәселе

Астана қаласы №76 мектеп-лицей Технология пәні Сабақтан тыс іс-шара

«Үйретсеңіз балаға, еңбегің кетпес далаға»

Ұйымдастырушы: Технология пәнінің мұғалімі Нургалиева Баян Төлеуовна. Бұл шағын «шеберлер сыры» кеші ұлттық қолөнерді танытып, жас ұрпақтың еңбекке, ұқыптылыққа және әсемдікке деген көзқарасын қалыптастыруды көздейді.

Мақсаты

Қазақтың тұрмыста қолданылатын ұлттық бұйымдарын танып-білу; оларды әшекейлеу тәсілдерін меңгерту; сапалы өнім дайындауда шеберлікке, ұқыптылыққа баулу; қолөнерге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Әдістері

  • Баяндау және түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Практикалық жұмыс

Көрнекілігі

Әртүрлі әдіспен орындалған бұйымдар, интерактивті тақта, шеберлердің жұмыс үлгілері.

Іс-шараның барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Сәлемдесу
  2. 2 Оқушылардың дайындығын тексеру
  3. 3 Түгендеу

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Халқымыздың өнегесін, әдет-ғұрпын насихаттау — күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Оқушыларға халық өнерінің шығу тарихы туралы нақты білім беріп, қолөнер шеберлерінің еңбегін қастерлеуді, олардың әдіс-тәсілдерін бойға сіңіруді мақсат етеміз. Бүгін сіздер «Үйретсеңіз балаға, еңбегің кетпес далаға» атты шағын шеберлер сыры кешін тамашалайсыздар.

Атмосфера

Музыка ойнап тұрады, көріністер кезекпен қойылады.

Жүргізушілердің ой-толғауы

1-жүргізуші

Қош келдіңіздер, құрметті оқушылар, ұстаздар, қонақтар! Қай халықтың мәдениетіне үңілсек те, оның ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып дамыған өнер түрлері бар екенін көреміз.

2-жүргізуші

Тарихи-ғылыми деректерге сүйенсек, қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқандықтан, тұрмыстық қажеттілікте оның шикізатын пайдаланып, қолөнер бұйымдарын жасауды кәсіп еткен әрі жастарға үйреткен.

Бүгінгі кештің атауы да соны меңзейді: қолөнерді үйреніп, меңгерген оқушылар — ұлтымыздың баға жетпес қазынасын жалғаушы, оны жаңғыртушы жас буын.

Сахналық қойылым: «Шеберлер еліне саяхат»

Кіріспе диалог

Келіншек

Жүре ғой, қарағым. Қызың өнерлі болсын десең, шеберге қос. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіпке баулу үшін сені шеберге апарамын. Халқымыздың мәдениетін дамытушы жас ұрпақ болып өссең екен.

Қыз

Есенсіз бе, әжей?

Әжей

Ә, сен бе, қарағым. Келе ғой.

Келіншек

Әжей, сіздің қолөнерді шебер меңгерген шәкірттеріңіз бар деп естідім. Қызым өнер үйренсін деп алдыңызға әкелдім.

Әжей

Жарайды, қарағым. Менің шеберлігімді меңгерген қыздарым бар. Сені олармен таныстырып, ұлттық қолөнердің қыры мен сырын түсіндірейін. Көптеген бұйымды қолмен тоқып, тігіп, тұрмыста қолдануды үйретемін.

Шеберлік бағыттары

Кесте өнері

Әжей: «Істі ине тікпейді, икемді қол тігеді». Бұл — кесте өнерін меңгерген шеберлер. Қазақ тұрмысында кесте тігу, ою-өрнекпен әшекейлеу кең қолданылады.

  • Кесте кергішке керілген матаға ою-өрнек бойынша тігіледі.
  • Айқас кесте XVII ғасырда сауда қатынастары арқылы кең тараған.
  • Маржан, моншақ бастырып тігу — «маржандап кестелеу».

Қыз: «Қандай тамаша! Кесте тігуді де үйрендім».

Жапсырмалау (аппликация)

Жапсырмалау — қолданбалы өнердегі орны ерекше бағыт. «Аппликация» сөзі латын тілінен «жабыстыру, қиыстыру» деген мағына береді. Бұл өнер Батыста да, Орта Азияда да жақсы дамыған.

Материалдарына қарай түрлері

  1. 1 Түрлі түсті қағаз, қатты картон
  2. 2 Мата, киіз, тері, мақта, қауырсын, жіп және т.б.
  3. 3 Табиғи материалдар: сабан, ши, қамыс, дәндер және т.б.

Қыз: «Жапсырмалауды да үйрендім. Қаншама өнер бар екен!»

Ою-өрнек

Қазақтың әшекейлі қолөнері сан алуан, соның ішінде ең кең тарағаны — ою-өрнек. Ою-өрнек түрлері мен атаулары көп, ол қолөнер бұйымдарының көбінде қолданылады.

  • Киіз және текемет басу
  • Түскиіз тігу
  • Сырмақ сыру, құрақ құрау

Әжей: «Ою ойғанның ойы ұшқыр. Ал енді өзің ойып көрші».

Өнер мен әуен үндестігі

Жүргізуші: «Қазақ қыздары тек шебер ғана емес, іс тіге отырып ән де салған». Осы тұста 7А сынып оқушысы Айдана ән орындайды.

Би өнері

«Қандай керемет өнер туындылары! Енді биші қызымыздың шеберлігін тамашалайық». Жанардың орындауында «Толқыма» биі ұсынылады.

Әжейдің батасы: «Міне, қарағым, сен де қолөнер шеберлігін меңгерген жас шебер болдың. Саған және осы отырған баршаңызға еңбектеріңіз жана берсін!»

Ұлттық дәстүр: бұрым және әсемдік

Қос бұрым — сұлулықтың нышаны

Қазақ қыздары шашын өсіріп, алты, төрт, екі өрім етіп өріп, ұшына зергер жасаған шашбау тағып, әсемдікке баулыған. Қос бұрым сұлулықтың белгісі деп танылған.

Бүгінгі жалғастық

Қазіргі кезде де шашын өсіріп, өріп жүретін құрбыларымыз көп. Бұл — ұлттық дәстүрді сақтаудың бір көрінісі. Ұзын шашты күту кейде жеңілірек: өрілген шаш қимыл-әрекетке кедергі келтірмейді.

Музыка ырғағымен ортаға 6А, 6Ә, 6Б, 6В, 6Г сыныптарының бұрымды қыздары бұрым үлгілерін көрсетіп шығады.

Қорытынды

Қазақ қолөнерін оқушылар мектеп жасынан бойына сіңірсе, болашақта ұлттық өнерді дүние жүзіне танытатын үлкен шеберлер өсіп шығарына сенім мол. Осымен «Үйретсеңіз балаға, еңбегің кетпес далаға» атты шағын шеберлер сыры кеші аяқталды.

Ұрпақ сабақтастығы Шеберлік Ұлттық мұра Қолөнер