Құстардың алуан түрлілігі

Кіріспе

Табиғат — жүрекке жылы, көңілге қонымды, мағынасы терең ұғым. Ол — күллі тіршіліктің құтты қонысы, алтын ұя бесігі, береке-бастауы. Адам үшін табиғат ең қасиетті де қастерлі құндылық, өйткені ол адамды дүниеге әкелген аяулы анадай. Сондықтан табиғатты «Ана» деп құрметтеудің мәні ерекше.

Табиғат дегеніміз — құлпырған жер беті, асқақ таулар, жасыл орман, ағып жатқан өзендер мен көлдер, жануарлар мен өсімдіктердің сан алуан дүниесі.

Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі оның көркем келбетін, арайлы ажарын, сұлулық сымбатын сезіне білуден бастау алады. Адам табиғаттың әсемдігінен бойына қуат, жүрегіне шуақ алып, ерекше іңкәрлікке бөленеді; табиғат сұлулығының алдында бас иеді.

Табиғатты құрайтын бөліктердің бірі — құстар. Халық ежелден-ақ құстарға әуес болған. Сүйіспеншілігін білдіру үшін ең жақсы көретін адамын құсқа теңеп, ықыласын көпшілікке жария еткен. Саңлақ ұлдарын сұңқарға, төгілте ән салатын әншісін бұлбұлға, Отан үшін жанын қиятын ерлерін қыранға, елден асқан сұлуын аққуға теңеген.

Құс — қуаныш пен еркіндіктің символы

Құс адамға қуаныш сыйлайды, көңілді сергітеді. Оның қалықтаған ұшуы адамның қиялын оятып, еркіндікті көз алдына әкеледі.

Эстетикалық ләззат пен табиғат сәні

Әуезді үні, сымбатты мүсіні, алуан түрлі сыртқы көрінісі арқылы құстар табиғаттың сәнін келтіріп, адамға көркемдік әсер сыйлайды.

«Көк құрақ — көлдің сәулеті, құс пен аң — елдің дәулеті» деген нақыл бекер айтылмаған. Хайуанаттар дүниесіндегі ең сұлу, ең сымбатты жаратылыстардың бірі — құстар. Табиғатта да, адам өмірінде де олардың орны айрықша.