Көктем деген ғажайып, Көктем деген керемет
Тақырып
Құстар — біздің досымыз.
Мақсаты
- Балаларға құстар туралы түсінік беру.
- Құстарға қамқор болып, аялауға баулу.
- Құстар туралы ой-өрісін дамыту.
Көрнекіліктер
- Құстардың суреттері
- Короналар, шарлар, гүлдер
- Ертегідегі үй, құстың ұясы
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар, бізге апайлар қонаққа келіпті. Ендеше, қонақтармен сәлемдесейік.
Амандасу
Амандасу — үлкенге,
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанеки, бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге!
Сәлеметсіз бе, апайлар!
Жыл мезгілдері туралы әңгіме
Сұрақ-жауап
- — Балалар, бір жылда неше мезгіл бар?
- — Бір жылда 4 мезгіл бар.
- — Қазір қай мезгіл?
- — Көктем мезгілі.
- — Көктем мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?
- — Қар ериді. Ағаштар бүршік жара бастайды. Күн жылынады. Жылы жақтан құстар келеді.
Бүгін біз құстармен танысамыз және оларды қорғау, күту туралы әңгімелесеміз.
«Жылулық шеңбері»
Тәрбиеші құс мүсінін алақанына қойып, балаларға бір-бірлеп ұсынады. Әр бала: «Егер менің қолыма құс келіп қонса…» деп жалғастырып айтады.
-
Тәрбиеші
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны аялап, мәпелер едім.
-
Служан
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны жуындырар едім.
-
Айнат
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оған әдемі ұя жасап берер едім.
-
Дилнара
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оған дәм берер едім.
-
Жанел
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оның қанаттарын тазалар едім.
-
Жангүл
Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны құшағыма қысып алар едім.
Қорытынды: біз құстарды жақсы көреміз, оларды күтіп-баптаймыз, қамқор боламыз. Сондықтан бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Құстар — біздің досымыз».
Көктем мен құстар туралы өлеңдер
Служан
Көлдің беті — көк айна,
Келді құстар тоғанға.
Көктем деген ғажайып,
Көктем деген керемет.
Дилнара
Көктем, көктем дегенің —
Далада өскен көп егін.
Бұлқынуы бұлақтың,
Құлпыруы даланың.
Салтанат
Ұя жасап тақтайдан,
Талға апарып байладым.
Жыл құсының шаттанған
Күттім қалай сайрауын.
Диас
Жыл құстары келді деп,
Балдырғандар мәз болды.
Қос қанаты желпілдеп,
Көлге үйрек пен қаз қонды.
Меруерт
Құстар — біздің досымыз,
Бау-бақшаны қорғайды.
Ұя жасап қарсы алсақ,
Құстар бізді қолдайды.
Ән
«Біз өмірдің гүліміз»
Құстардың түрлері
Құстар екі түрге бөлінеді: үй құстары және дала құстары.
Үй құстары
Сұрақ-жауап
- — Үй құстарына қандай құстар жатады?
- — Тауық, әтеш, қаз, үйрек және т.б.
Әтеш
Жақынды да, алысты да
Оятудан талмайды.
Төбелеске келгенде,
Алдына жан салмайды.
Үйрек
Шығып ауыл шетіне,
Жайылады бетімен.
Қызықтырар ол бізді
Жұмыртқамен, етімен.
Тауық
Балапанын тауық
Қызғанады жаман.
Қанатымен жауып,
Жолатпайды маған.
Қаз
Қауіп-қатер жоқ алда,
Малту керек оған да.
Жұмыртқадан шыға сап,
Жүгіреді тоғанға.
Үй құстарының пайдасы
- Үйде өсіреміз.
- Жұмыртқа береді.
- Етін тағамға пайдаланамыз.
- Мамығынан жастық жасаймыз.
Дала құстары
Мысалдар
Қарлығаш, торғай, қарға, сауысқан, көгершін, көкек.
Қарлығаш
Мен адамның досымын,
Мекенінде тұрамын.
Шыбын келсе — кәсібім,
Ұстап жеймін, қырамын.
Тазалаймын үй ішін
Шыбын деген кеселден.
Ел аузында мақтаулы —
Санитармын төселген.
Торғай
Ұшып келген ең алғаш —
Қара торғай қырағы.
Ұяларға қонақтап,
Дейді: «Менің тұрағым!»
Қарға
Сыртқа шықсам, аулада
Басып қапты маңайды.
Тал басында қарғалар
Тамашалап қарайды.
Сауысқан
Ала қанат сауысқан,
Құртты көрсе — жабысқан.
Бір томардан томарға,
Секең-секең ауысқан.
Көгершін
Қанат қағып шарықтап,
Мұхит асып қалықтап.
Шарлап бүкіл әлемді,
Шаттандырып бар елді.
Бейбіт күнге сән болған,
Мен — көгершін, ән болған.
Көкек
Жаршысымын көктемнің,
«Көкек» дейді мені жұрт.
Өз атын айтар ән қылып,
Көктемді күтсең — мені күт.
Дала құстарының пайдасы
- Ағаш басына ұя салады.
- Ағаштарды құрт-құмырсқадан тазартады.
- Айналаны әсем әуенге бөлейді.
Қорытынды бөлім
Енді «Түлкі мен тырна» ертегісін тамашалайық.