Етістіктің шақтары туралы түсінік. Сабақтың мақсаты

Сабақ тақырыбы

Етістіктің шақтары туралы түсінік.

Сабақтың мақсаттары

  1. Іс-әрекеттің орындалу уақытына қарай үш шаққа бөлінетінін (өткен шақ, осы шақ, келер шақ) ұғындыру.
  2. Шақтық мағынаның белгілі бір мезгілде дара етістікпен де, күрделі етістікпен де берілетінін түсіндіру; олардың өзіндік белгілерін меңгерту үшін дағдыландыру жұмыстары арқылы бекіту.
  3. Сабақ барысында туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Сабақтың түрі

Сұрақ-жауап, топаралық жұмыс.

Көрнекілігі

Тақта, компьютер.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Етістіктің шақтарын терең түсіну оқушылардың етістікті жалпы жақсы меңгеруімен тығыз байланысты. Сол себепті іс-әрекеттің белгілі бір уақыт аралығында өтетінін ұғынудың маңызы зор. Жаңа материалды меңгертудің алдында төмендегідей дайындық тапсырмаларын орындау ұсынылады.

1) «Мен болашақта мұғалім боламын.»

Тапсырма: Бұл іс-әрекет қай мезгілде болып жатыр? Келер шақ

2) «Ақерке кітап оқып отыр.»

Тапсырма: Бұл іс-әрекет қай мезгілде болып жатыр? Осы шақ

3) «Астанаға шетелден қонақтар келіпті.»

Тапсырма: Бұл іс-әрекет қай мезгілде болып жатыр? Өткен шақ

Талқылау бағыты

  • Сөйлем ішінен етістікті табу.
  • Іс-әрекеттің қай мезгілде болғанын анықтау.
  • 1-сөйлемде іс-әрекет әлі жүзеге аспағаны, болашақта болатыны айтылады. 2-сөйлемде іс-әрекеттің дәл қазір болып жатқаны аңғарылады. 3-сөйлемде іс-әрекеттің болып қойғаны білдіріледі.

Осы арқылы іс-әрекеттердің белгілі бір уақыт кеңістігінде, яғни белгілі бір мезгілде орындалатыны қорытындыланады.

II. Негізгі бөлім

1) 1-жаттығу (жазбаша)

Оқулықтағы 1-жаттығу жазбаша орындалады: іс-әрекеттің бұрын болып кеткенін білдіретін сөйлемдерді бір бөлек, алдағы уақытта болатынын білдіретін сөйлемдерді бір бөлек, және қазір болып жатқанын білдіретін сөйлемдерді бір бөлек көшіріп жазады.

Өткен шақ

Бұрын
  1. Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік мәртебелі рәміздері 1992 жылы қабылданды.
  2. Төле би бала кезінен шешендігімен елге танылды.

Келер шақ

Алда
  1. Кешке теледидардан ақпарат хабарын тыңдаймын.
  2. Біз Астанаға қолөнер бұйымдарының көрмесіне барамыз.
  3. Ата-бабалардың өсиеті ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады.

Осы шақ

Қазір
  1. Марат ақын М. Мақатаевтың өлеңдер жинағын оқып отыр.
  2. Сахнада Айгүл би ансамблі өнер көрсетіп жатыр.
  3. Шетелде тұратын қазақтар атамекеніне оралып жатыр.

2) Етістіктерді табу

Сөйлемдерден етістіктерді тауып, астын сызу (дәптерге белгілеу) тапсырмасы орындалады.

3) Оқу және қорытынды

Үш топқа бөліп жазылған сөйлемдер оқытылады. Сөйлеу сәтіне байланысты қимылдың (іс-әрекеттің) өту мезгілін білдіру етістіктің шағы деп аталатыны түсіндіріледі.

Етістіктің үш шағы бар: осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Әр шаққа оқушылар мысал келтіреді.

2–3–4-жаттығулар орындалып, шақ тақырыбы бекітіледі.

III. Сабақты қорытындылау

Бекіту сұрақтары арқылы оқушылардың түсінігі тексеріледі.

  • Етістіктің шағы дегеніміз не?
  • Етістіктің неше шағы бар?
  • Осы шақ іс-әрекеттің қай мезгілде өтіп жатқанын білдіреді?
  • Өткен шақ пен келер шақ туралы не айтуға болады?