Шығармашылық тапсырма. Сабақтың тақырыбы

Сабақ туралы мәлімет

Тақырып
Дара және күрделі сын есім
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, ойын, ауызша және жазбаша жұмыс
Көрнекілігі
Тірек-сызба, оқулық, дәптер

Сабақтың мақсаттары

Білімдік

Оқушылардың сын есім туралы білімдерін пысықтай отырып, сын есімнің құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінетінін меңгерту.

Дамытушылық

Сөйлемді жүйелі құруға, өздігінен қорытынды шығара білуге дағдыландыру; ойлау жүйесін дамыту; сауатты жазуға машықтандыру.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, тапқырлыққа және шығармашылық ізденіске тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

Қазақ тілім, өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым — дара тілім!

Өлең жолдарын негізге ала отырып, мұғалім оқушыларға сұрақ қояды: Біздің туған тіліміз қай тіл? Одан кейін сабақтың бағытын айқындау үшін: Бүгін қай пән, қай тақырып?

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • А) Үйге қандай жаттығу берілді? Не орындау керек?
  • Ә) Өткен сабақта нені қайталадық? Сын есім дегеніміз не? (топтастыру арқылы еске түсіру)
  • Б) Қарсы мәндес сын есім дегеніміз не?
  • В) «Кім жылдам?» ойыны: берілген сөздердің қарсы мәндес сыңарын табу.

III. Мақсат қою

Мұғалім сын есімнің құрамына қарай бөлінетінін хабарлап, жаңа сабақтың мақсатын айқындайды: сын есімнің дара және күрделі түрлерімен танысу.

IV. Жаңа сабақ

Жұмбақтар

Көк костюм киеді,
Күннің көзін сүйеді.

Сырты жасыл, қап-қатты,
Іші қызыл, тәп-тәтті.
Бұл не? Шешуін кім табады?

Тапсырма: жұмбақтардың ішінен сын есімдерді табыңдар. Қандай айырмашылық байқадыңдар? Осыдан сын есімнің дара және күрделі болып бөлінетінін қорытындылау.

Оқулық және дәптермен жұмыс

Мақал:

Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.

Тапсырма: мақал ішіндегі сын есімді табыңдар. Бұл қандай сын есім?

  • 447-жаттығу: мәтінді оқу. Мәтінде не туралы айтылған? «Қаз қандай құс?» тақырыбында шағын әңгіме жазу.
  • 446-жаттығу: берілген сөйлемдерді көшіріп жазу. Дара сын есімнің астын 1, күрделі сын есімнің астын 2 рет сызу.

Сергіту сәті

Оқушылар демалып, сергіту жаттығуын орындайды.

Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.

  • Сұрақ: өлеңнің (әннің) атауы қалай аталады?
  • Сұрақ: авторы кім?
  • Сұрақ: А. Құнанбаев кім?
  • Сұрақ: ақынның тағы қандай өлеңдерін білесіңдер?

V. Шығармашылық тапсырмалар

448-жаттығу

Берілген сөз тіркестерімен 2 сөйлем құрап жазу.

Өлеңмен жұмыс

Алматы қаласы қандай?
Ағашы қандай?
Алмасы қандай?
Тауы қандай?

С. Оспанов

Тапсырма: сұрақтарға жауап беру арқылы сын есімдерді тауып, сөйлем ішінде қолдану.

VI. Сабақты қорытындылау және бағалау

Оқушылардың жаңа тақырып бойынша түсінгенін сұрақ-жауап арқылы тексеру. Белсенді қатысқан оқушыларды бағалау.

VII. Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауымен беріледі (оқулықтағы тиісті жаттығулар).