Қазақ халқының қыз балаға және келінге айтылатын тыйым сөздерін ата

Мектепішілік сайыс сценарийі

“Мен қазақ қыздарына қайран қалам, жарасып жеңгесімен жайраңдаған”

Көктем келді жамылып арай нұрын, шаттықтарға толғандай маңай бүгін. Жауқазынға оранған жұмыр жерге көкжиектен қызықтап қарайды Күн. Көктем таңы қызарып албырады, қыстан қысылып шыққан тіршілік атаулыға нәр бітіріп, көңілге қуаныш ұялатады.

Шуақты көктеммен бірге келетін, барша жұрт асыға күтетін мереке — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күні де жақындап қалды. Олай болса, асыл аналар, аяулы ұстаздар, сұлу жеңгелер, қымбатты қыздар — баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Өмірлеріңізге шапағат, көңілдеріңізге қанағат, жүректеріңізге махаббат тілейміз.

Сайыстың идеясы мен мазмұны

Қазақ халқы қыз баланы оң босағаға отырғызып қадірлеген, ал үйге түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттатқан. “Қызым саған айтам, келінім сен тыңда” деген өнегелі сөз арқылы болашақ келіннің тәрбиесіне мән беріп, қыздың ертеңгі күні бір әулеттің келіні боларын ескерген.

Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы байланыс — нәзік те берік мектеп. Жеңгелер қайынсіңлілеріне ізет, иба, үй шаруасы, қолөнер, салт-дәстүрдің сырын үйретіп, есімдерін тура атамай, “Ботагөз”, “Сұлуқыз”, “Шырайлым”, “Еркем” деп еркелете атаған.

Осы сайыс — бүгінгі қазақ қыздары мен келіндерінің ұлттық дәстүрді қаншалықты білетінін аңғарып, жеңге мен қайынсіңлі арасындағы жарасымның бүгінгі көрінісін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылады.

Қатысушылар

  • Қатысушы 1

    7-сынып оқушысы

  • Қатысушы 2

    8-сынып оқушысы

  • Қатысушы 3

    9 “а” сынып оқушысы

  • Қатысушы 4

    9 “ә” сынып оқушысы

Сайыс құрылымы (6 бөлім)

  1. 1) “Сәлем — сөздің анасы”

    Қатысушылардың өзін таныстыруы.

  2. 2) “Қызға қырық үйден тыйым”

    Қазақы ұғымдарға байланысты шапшаң сұрақтар (әр сұраққа 1 ұпай).

  3. 3) “Ана көрген тон пішер”

    Қолөнер сайысы: қолдан бұйым жасау немесе сурет салу, кейін қорғау.

  4. 4) “Жеңгесі бар қандай-ды”

    Салт-дәстүрге қатысты тапсырмалар (әр толық жауап — 5 ұпай).

  5. 5) “Өнерлі өрісі кең”

    Қатысушылардың өнер көрсетуі.

  6. 6) “Үкілі камшат, бүрмелі көйлек”

    Сән үлгісін көрсету.

Әділқазылар алқасы

Сайыс басталар алдында әділ бағасын беріп, төрелігін айтатын әділқазылар алқасымен таныстырамыз:

  • Әділқазы 1

    Аты-жөні (толтырылады)

  • Әділқазы 2

    Аты-жөні (толтырылады)

  • Әділқазы 3

    Аты-жөні (толтырылады)

Сайыс барысы

Кіріспе сөз (жүргізуші мәтіні)

Көктем келді жамылып арай нұрын. Шаттықтарға толғандай маңай бүгін. Жауқазынға оранған жұмыр жерге көкжиектен қызықтап қарайды Күн.

Менің елім бұл күні сән құрады: жүгіргенде қыз қылық тау бұлағы. Тербеледі тіл қатып тал-құрағы, зулап алға даланың арғымағы, дүбірінен қалалар жаңғырады. Найзағайлы түндердің сәбиіндей, көктем таңы қызарып албырады.

Музыкалық номер

“Асыл ана” әні

Орындаушы: (көрсетілімі бойынша)

Көркем ой

Ф. Оңғарсынова жырлағандай, өнерлі де бауырмал қазақ халқының салт-дәстүрі ұшан-теңіз.

I бөлім — “Сәлем — сөздің анасы”

Қатысушылар өздерін таныстырады.

Мың бұралған арулар билей басып, келеді әне ортаға толқып тасып. Аруларын сыйлаған халқым менің, көңілді қошеметпен қарсы алайық.

Би

“Әке толғауы”

“Балауса” бишілер тобы

II бөлім — “Қызға қырық үйден тыйым”

Қазақы ұғымдарға байланысты шапшаң сұрақтар. Әр сұраққа 1 ұпай беріледі.

Шапшаң сұрақтар (жауаптарымен)

  1. 1) Түндік дегеніміз не?

    Шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз.

  2. 2) Қандай жілік қыз балаға қойылмайды?

    Кәрі жілік.

  3. 3) Үш арсызды ата.

    Ұйқы, күлкі, тамақ.

  4. 4) Мақалды жалғастыр: “Абысын тату болса, ас көп, …”

    “Ағайын тату болса, ат көп”.

  5. 5) Бір рудан тараған туысты қалай атайды?

    Әулет.

  6. 6) Адалбақан дегеніміз не?

    Ертедегі киім ілетін ағаш.

  7. 7) Қонақтың түрлерін ата.

    Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ.

  8. 8) Жол мақсаты не?

    Жол мақсаты — жету.

  9. 9) Төскімге тартылады?

    Күйеу балаға.

  10. 10) Кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұратын киіз қалай аталады?

    Туырлық.

  11. 11) Ерулік дегеніміз не?

    Көршілердің басқа жерден көшіп келген адамды қонаққа шақырып, ас беруі.

  12. 12) Мақалмен түсіндір: Қандай ат қай кезде жанына торсық байлатпайды?

    “Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас”.

  13. 13) “Тасбақа дауылы” қай уақытта болады?

    Сәуір айында.

  14. 14) Таста не жоқ?

    Таста тамыр жоқ.

  15. 15) Жасау дегеніміз не?

    Ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік.

  16. 16) Сонар сөзі қай кәсіпке байланысты қолданылады?

    Аңшылыққа байланысты.

  17. 17) Бәсіре дегеніміз не?

    Қыз ұзатылғанда немесе жиен алғаш келгенде ен салынып, меншіктеп аталатын мал.

  18. 18) Киіз үйдің қанаты қанша болады?

    3 қанаттан бастап 12 қанатқа дейін болады.

  19. 19) Мақалмен түсіндір: Қандай адам өліде жыласпайды?

    “Тіріде сыйласпаған, өліде жыласпайды”.

  20. 20) Бөстек дегеніміз не?

    Малдың не аңның иленген жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалған төсеніш.

III бөлім — “Ана көрген тон пішер” (қолөнер сайысы)

Қатысушылар осы жерде отырып, қолдан кез келген бұйым дайындайды (немесе сурет салады). Дайын болған соң, қазылар алқасына көрсетіп, өз жұмыстарын қорғайды.

Музыкалық номер

“Асыл әжем” әні

Орындаушы: Қайыржанқызы Меруерт

Жыр оқу

Т. Айбергенов — “Ана”

Оқитын: 6-сынып оқушысы Оразалықызы Ләйлә

Ана туралы жыр арнамаған ақын, анаға ән жазбаған композитор, ана тақырыбына қалам тартпаған жазушы кемде-кем. Ана — әр үйдің бақыты, әр жүректің шуағы.

IV бөлім — “Жеңгесі бар қандай-ды” (салт-дәстүр тапсырмалары)

Конвертте екі тапсырма беріледі. Сол тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап беріледі. Әр жауап толық болса — 5 ұпай.

№1

  1. Сыралғы сөзінің мағынасын түсіндір.
    Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан (саятшыдан) жолай кездескенде сұралатын сый. Мәрт аңшылар сыралғы сұрағанның сөзін жерге тастамайды.
  2. Қазақ халқының қыз балаға және келінге айтылатын тыйым сөздерін ата.

№2

  1. Тоқымқағар сөзінің мағынасын түсіндір.
    Жас жігіт алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып, кең дастархан жайылады. Ойын-сауық, өлең-жыр айтылады.
  2. Ұлтымыз қандай сандарды қасиетті деп есептеген және олар туралы қандай ұғымдарды білесің? (3, 4, 7, 9, 13, 40)

№3

  1. Сауын айту сөзінің мағынасын түсіндір.
    Бір елде ас не үлкен той болатын болса, алдын ала жан-жаққа хабар беріп, “сауын айтады”. Бұл жай шақыру емес: әр ел өз батыр-палуанымен, жүйрік атымен, ақын-жыршысымен келсін дегенді білдіреді.
  2. Киіз үйді жіліктеп бер (негізгі үш бөлігі: сүйегі — ағаш бөліктері, киіздері, баулары).

№4

  1. Көгентүр сөзінің мағынасын түсіндір.
    Бір-біріне жақын туыс адамдардың баласына ескерткіш сый ретінде берілетін мал. Бала үшін — қуаныш, ата-ана үшін — құрметтің белгісі.
  2. Мал жіліктерін ата. Олардың қандай табаққа салынатынын және қонаққа ет тарту рәсімін түсіндір (қолжілік: кәрі жілік, күң/ортан жілік, жауырын; санжілік: асықты жілік, тоқпан жілік, жамбас және т.б.).

Қос ішектің бірін тарт та, бірін сәл кем бұра — қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра. Ендеше, кезекті домбыраға берейік.

Күй

“Кеңес”

Орындаушы: (көрсетілімі бойынша)

V бөлім — “Өнерлі өрге жүзер”

Қатысушылар өз өнерлерін көрсетеді.

VI бөлім — “Үкілі камшат, бүрмелі көйлек”

Сән үлгісін көрсету.

Музыкалық номер

“Әкешім — анашым” әні

Орындаушы: Мұратова Қарлығаш

Қорытынды

“Батырды батыр жеңер алысқанда, жүйріктен жүйрік озар жарысқанда”, — демекші, сайыс болған жерде озық та, кейін қалған да болады. Бүгінгі сайыста сынға түскен аруларымыз бен жеңгелеріміздің бәрі көрікті те ақылды, білімді де өнерлі екенін көрсетті.

Енді қорытынды сөзді айтып, әділ бағасын беретін әділқазылар алқасына кезек береміз.

Осымен “Мен қазақ қыздарына қайран қалам, жарасып жеңгесімен жайраңдаған” атты мектепішілік сайысымыз өз мәресіне жетті. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін көп рахмет. Жақсы күндерде жолыққанша!

Өткізген: Досмағанбетова Ж.