Алтын күз бізге қонаққа келші
«Алтын күз» ертеңгілігі
Күз мерекесіне арналған бұл ертеңгілік балалардың табиғаттағы маусымдық өзгерістер туралы білімін кеңейтуге, күздің берекелі кезең екенін түсіндіруге және ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеп, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны және Отанын сүюге, әсемдікті көріп-сезіне білуге баулиды.
Мақсаты
- Күз мезгіліндегі табиғат өзгерістерін түсіндіру, балалардың білімін кеңейту.
- Күздің берекелі маусым екенін ұғындыру, ойлау қабілетін дамыту.
- Еңбекқорлыққа тәрбиелеу, жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін байқату.
- Табиғатты аялауға, қоршаған ортаны және Отанды сүюге баулу.
- Әсемдікті көре білуге, сезінуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Мерекелік ертеңгілікке сай безендірілген сахна.
- Видео сюжет: «Алтын күз».
- Слайд: «Күзгі жұмбақтар».
- Жемістер атрибуттары, сандықша.
- Көкөністер мен жемістердің муляждары, жеміс-жидектер.
- Ойыншық машиналар, жапырақтар және т.б.
Жүру барысы
Зал іші мерекеге сай безендіріліп, әдемі, көңілді әуен ойнап тұрады. Бүлдіршіндер тәрбиешімен бірге кіріп, орындықтарға жайғасады.
Жүргізуші балаларға бүгінгі мерекенің ерекшелігін түсіндіреді: күз — әдемі әрі жомарт, тиянақты, бірақ сәл мұңлы мезгіл. Ол бізге алтын түстер сыйлайды, жеміс-жидек піседі, егін мен көкөністі уақытында жинауды талап етеді. Ал мұңдылығы — жаздың шуақты күндерімен қоштасудың қиындығынан.
Жүргізушінің тақпағы
Төңірек толы сары алтын,
Күз келді туған жеріме.
Шуағы нұрлы жайнаған,
Алтын күз — әсем айналам.
Мерекесі халықтың,
Алтын күзді бастайық!
Алтын күзге арналған
Ертеңгілігімізді бастайық!
Одан кейін балалар тақпақтарын айтып, ән орындайды.
Сиқырлы сандықша
Жүргізуші балаларға әдемі сандықшаны көрсетеді. Тәрбиеші сандықты ашпақ болады, бірақ ол ашылмай қояды.
Жүргізуші:
Не істесем екен мен енді? Сандықты ашқым келеді.
Таптым, таптым қазір біз — тақпақ айтып береміз!
Балалар тақпақтарын айтады, алайда сандықша әлі де ашылмайды.
Жүргізуші:
Таптым, таптым онда мен — жұмбақ айтып беремін!
Күзгі жұмбақтар
Жұмбақ 1
Жазда інге тығылып, жатқан қызыл түлкіні, құйрығынан суырып, әкелді әжем бір күні.
Жауабы: Сәбіз
Жұмбақ 2
Жайлы, жұмсақ төсегім, домаланып өсемін. Қабат-қабат тоным бар, қалай оны шешемін?
Жауабы: Орамжапырақ
Жұмбақ 3
Қалың киім ұнатады, шешіндірсең жылатады.
Жауабы: Пияз
Жұмбақ 4
Аспай піскен, қайнамай түскен.
Жауабы: Жеміс
Жүргізуші сандықты қайта ашып көреді — бәрібір ашылмайды.
Ділназ Жомарт:
Мен білемін, сандықты ашуға кім көмектесетінін. Бұл — сиқыршы Күз. Қане, оны шақырайық!
Балалар: «Алтын күз! Алтын күз, бізге қонаққа келші!»
Алтын күздің келуі
Күзгі әуенмен билеп, Алтын күз ортаға шығады.
Алтын күз:
Уа, халайық, дархан далам, армысың,
Табиғатым — жаны жайсаң, тал мүсін.
Ханшайымы күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқымның алғысын.
Сәлеметсіздер ме, балалар! Мені мейрамға шақырғандарыңа рахмет!
Жүргізуші Күзден сандықшаны ашуға көмектесуін сұрайды. Күз келіседі, бірақ ол үшін балалар ән айтып, би билеуі керек екенін айтады. Балалар өлең айтып, «Жапырақтар биін» орындайды.
Ән аяқталған соң сандықша ашылып, ішінен түрлі тосын сыйлар көрінеді.
Сандық ішіндегі сыйлар
Жүргізуші сандықтан мухоморды (улы саңырауқұлақ бейнесі) алып шығады.
Жүргізуші:
Бұл не екен?
Балалар: Саңырауқұлақтар!
Жүргізуші: Қане, саңырауқұлақтар, шығыңдаршы, өз өнерлеріңді көрсетіңдерші!
Би: «Саңырауқұлақтар».
Күз балаларға сандықшадан күзге қатысты көп нәрсе табуға болатынын және мерекені көңілді өткізуге көмектесетінін айтады.
Көкөністер мен жемістер шеруі
Жүргізуші сандықтан көкөністер мен жемістердің атрибуттарын шығарады. Балалар бастарына атрибуттарды киіп, көкөністер мен жемістер туралы тақпақтарын айтады.
Пияз
Асханадан шықпаймын,
Атым пияз — бұқпаймын.
Көзден жасты шығарам,
Тұмаудан бірақ сақтаймын.
Қызанақ
Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып,
Тұрған мен — қызанақ,
Күнге қарап ұялып.
Картоп
Картоп біздің атымыз,
Жер астында жатырмыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
Сәбіз
Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянға да азықпыз,
Сәбіздерміз жазықсыз.
Алма
Пісіп тұрған алмамын,
Тамсандырар бал дәмім.
Жерге сілкіп түсірме,
Ісіп кетер маңдайым.
Құлпынай
Жапырақты тасалап,
Өсетін жері — бақша-бақ.
Күрең қызыл шіркін-ай,
Менің атым — құлпынай.
Алмұрт
Тіл үйірген алмұртпын,
Таңсығымын бар жұрттың.
Жақсы өсіре алмайды,
Қараса егер салғырт кім.
Шие
Мен моншақты шиемін,
Құмарсыңдар — білемін.
Кетіп қалып жүрмесін,
Тамағыңа сүйегім.
Өрік
Дөп-дөңгелек, сап-сары,
Ішінде бар дәні.
Қызығасын көріп менің,
Атым менің — өрік.
Ұйымдастыру туралы мәлімет
Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №8 «Ақбота шипа-жай» типті бөбекжай-балабақшасы
Ересек топ тәрбиешісі: Уразалина Гүлбану Насырқызы