Көктем гүлі
«Аяулы әже, ардақты ана, ару қыз» тақырыбындағы ертеңгілік ересектер және мектепке даярлық тобында өткізіледі. Көңілді әуен ырғағымен балалар мерекеге сай безендірілген залға кіріп, өз орындарына жайғасады.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Ана деген – тіршіліктің шұғылалы шуағы. Ана деген – өмірімнің мөлдір кәусар бұлағы. Ана деген – тіл жетпейтін керемет, көз алдымда бейнең биік тұрады.
Балалар, 8-наурыз – біздің сүйікті аналарымыз бен аяулы әжелеріміздің мерекесі. Олай болса, әжелеріміз бен аналарымызға арналған ертеңгілігімізді бастайық. Жарқыраған әсем көктем де келіп қалды!
Көктемнің келуі
Көктем
Армысыңдар, балалар! Аяулы, асыл аналар!
Бар жылылық, шапағат мен арқылы таралар.
Өттім талай белдерді, сағынып жеттім сендерді.
Ала келдім өзіммен қызыл, жасыл гүлдерді.
Армысыздар, мерекелі де берекелі елім! Көктем мерекесі, аналар мерекесі құтты болсын!
Жүргізуші
Қош келіпсіз, ару көктем! Төрге шығып, бүгінгі мерекеге арнаған өнерімізді тамашалаңыз.
Көктем гүлі
Көктемнің нәзік гүлімін,
Қызғалдақ атты түрімін.
Қуанышпен өтер менің
Кешегі күнім, бүгінім.
Жұмбақтар
Көктем балаларға жұмбақ жасырады. Балалар жауаптарын табады.
-
Қанаты жоқ ұшады, аяғы жоқ қашады.
Жауабы: Жел
-
Жерге тырс-тырс тамады, сайға қарай ағады.
Жауабы: Жаңбыр
-
Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды.
Жауабы: Күн
-
Бұлтты айдап желдеткен, нөсерлетіп селдеткен. Жаңбырлатып ойнайтын — қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Көктем
Жүргізуші
Жұмбақтарыңыз тамаша екен! Енді сізге арнап әдемі ән шырқайық.
Ән: «Келді көктем»
Тақпақтар
Айсана
Көктем күні қуатты,
Шашты әлемге шуақты.
Наурыз өзі өмірді
Нұрландырған сияқты.
Алимир
Достықты да ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесін тойлаймыз.
Алибек
Гүл-гүл жайнап бәріміз,
Кірді біздің сәніміз.
Аналарды тойымен
Құттықтаймыз бәріміз.
Жанерке
Келді көктем құстары,
Бау-бақшада ән салды.
Оларды жас достары
Ұя жасап қарсы алды.
Би
«Ақ гүлдер»
Қорытынды ой
Ана есімін ауызға алмайтын адам баласы кемде-кем. Бұл есім жер шарындағы күллі адамзатқа ортақ. Жердің өзін де «Жер-ана» деп теңейміз. Сондықтан да дана тұлғалар ана туралы жүректерінен жарып шыққан асыл сөздерін қалдырған: ананың мейірімі – өмірдің ең биік құндылығы.