Төмендегі сөздерді септе

Сабақтың тақырыбы

Тіл ұстарту

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Оқушыларға тіл ұстарту туралы лингвистикалық білім беру және оны жаттығу жұмыстары арқылы бекіту.

2) Тәрбиелік

Оқушыларды әдептілікке, ізгілікке тәрбиелеу.

3) Дамытушылық

Оқушылардың көркем сөйлеу дағдысын дамыту, ойды әсерлі жеткізуге үйрету.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың типі
Аралас сабақ
Сабақтың түрі
Дәстүрлі сабақ
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, жаттығу
Көрнекілігі
Ақындардың өлеңдер жинағы
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

57-жаттығу. 19–33-беттерді қайталау.

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Тіліміздегі мыңдаған сөздің ішінен ойға дәл келетінін таңдап, оны басқа сөздермен дұрыс тіркестіріп, сауатты сөйлем құрау — оңай іс емес. Ол үшін ұқыптылық, сауаттылық және үздіксіз жаттығу қажет.

Негізгі ой

Ғылыми, көркем, тарихи, педагогикалық әдебиеттерді көп оқыған адам ойын дәл әрі әсерлі жеткізуге икемді болады. Тартымды сөйлеуге және жазуға үйренудің ең тиімді жолдарының бірі — көркем әдебиетті көп оқу.

Көркем әдебиеттің өзге әдебиеттерден айырмашылығы — көркем стилінде. Көркем тілдің бір ерекшелігі: жансызға жан бітіріп айту; қарапайым нәрсені әсірелеп, ұлғайтып көрсету; құбылысты айқындай түсу үшін көрікті, сұлу сөздерді орнымен қолдану.

Мысал (А. Тоқмағамбетов)

Төнгенде қатерлі күн, қара тұман,

Аяққа шырмалғанда шұбар жылан.

Ту ұстап, тұлпар мініп ел қорғауға,

Азамат азамат па аттанбаған?!

Бұл шумақтағы қатерлі күн, қара тұман, шұбар жылан, ту ұстап, тұлпар мініп тәрізді тіркестер — көркем сөз қолданысының үлгісі.

Мысал (Абай аудармасы)

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Терек — өзеннің аты, ол Кавказдағы тау өзені. Әдетте «асау» сөзі үйретілмеген, жүген тимеген малға қатысты айтылады. Бұл жерде ақын осы мағынаны тау өзеніне теліп, оның тегеурінін күшейте суреттейді.

«Долданып, буырқанып», «тауды бұзып», «тасты жарып» сияқты тіркестер өзеннің ешбір тосқауылға тоқтамайтын дүлей күшін айқын көрсетеді. Көз алдыңа тау қиясынан құлаған өзеннің толқыны айдаһардай ирелеңдеп, арыстанның жалындай бұйраланған әсерлі көрініс елестейді.

IV. Жаңа сабақты бекіту

Оқулықпен жұмыс

  • 58-жаттығу (ауызша): Төмендегі аңыз әңгімені оқып, шешендердің сөз қолданысына назар аударыңыздар.
  • 59-жаттығу (жазбаша): Мәтінді дауыстап оқыңыздар. Құрамындағы сын есімдерді тауып, олардың жасалу жолы мен мағыналық ерекшелігін түсіндіріңіздер. Сын есімдердің қандай мақсатпен қолданылғанын дәлелдеңіздер.
  • 61-жаттығу (ауызша): Деңгейлік тапсырмалар.

Деңгейлік тапсырмалар — I нұсқа

I деңгей

  1. Зат есім туралы не білесің? Мысал келтір.
  2. Төмендегі сөздерді септе: Отан, ел, төре, батыр.
  3. Сөйлемдердегі көп нүктенің орнына тиісті жалғауларды қойып, қай жалғау екенін анықта:
    Сандыбай қарға... тұзын екі қолы... ұстап, айна... қарағандай жымиып отыр. Бойында әдет пен әдепке сыя бермейтін мінез... болғандықтан, жынды Бижан атанған адам. (Ғ. Мүсірепов)

II деңгей

  1. Қазақ тілінде неше жалғау бар? Жалғау түрлеріне мысалдар жаз.
  2. Жіктік жалғауының тәуелдік жалғауынан айырмашылығын түсіндір. Оқушы, инженер сөздерін жікте.
  3. Төмендегі сөйлемнен зат есімдерді тауып, сөйлем мүшелеріне қарай талда:
    Өткен жазда болған болыс сайлауында сол ауылдың біреуі болыстыққа таласқан Тоқсанбайдың Сыздығы деген байға қарсы шыққан. (С. Мұқанов)

III деңгей

  1. Сөйлемдерден жалпы есімдерді бөлек, жалқы есімдерді бөлек теріп жаз:
    Жандос, Ермекбайлар бір жақ, Ерасыл, Аман, Күлпаштар бір жақ болып, армансыз сайысқан көрінеді. (Ғ. Мұстафин)
    Сондай бейбітшіліктің бірінде мүлік артқан, керуен тартқан саудагерлер найман еліне келіп, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, өздерінің Сарыөзектен кедергісіз өткенін айтады. (Ш. Айтматов)
  2. Төмендегі сөздерге көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын жалғап жаз және алдымен қай жалғау жалғанатынын түсіндір: алма, шие, қазақ, орман.
  3. «Жазғы кеш» тақырыбына шағын шығарма жазып, зат есімдерді тап.

Деңгейлік тапсырмалар — II нұсқа

I деңгей

  1. Тілімізде қанша сөз табы бар?
  2. Мәтіндегі зат есімдердің астын сыз:
    Жығылғанға жұдырық дегендей, кедейлікке кәрілік қосылады. Кәрілік тұсау, кедейлік бұғау болыпты. Қарт шешен қанатсыз қыранша отырып қалыпты. Алайда ағайындарының емен-жарқын көмегіне сүйенген ол аштан өліп, көштен қалмапты. («Шешендік сөздер» кітабынан)
  3. Төмендегі сөздерге көптік және жіктік жалғауларын жалғап, қайсысы бұрын жалғанатынын көрсет: ұшқыш, жүргізуші, талапкер, оқушы.

II деңгей

  1. Мәтіннен жалғауларды тауып, астын сыз және түрін түсіндір:
    Шеткі үйлерден қымызға жүгіретін Тезекбай, Терлікбайлар үйлерінің қасында солбырайып тұр. Сабаның дауысы шықпайды. Көрінгенмен құрдас болып, арсалаңдап жүретін Дүрмағанбеттің де иығы түсіп кетіпті. Қолында жүгені, жылқы жаққа бара жатыр. (Ж. Аймауытов)
  2. Тәуелдік жалғауы дегеніміз не? Төмендегі сөздерді ортақ және оңаша тәуелдеп, айырмашылығын түсіндір: кілем, тарақ, көйлек, көзілдірік.
  3. Су, теңіз, көл, мұхит туралы тұрақты теңеулерді жазып, зат есімдердің астын сыз.
    Үлгі: судай шайқап, су сепкендей басылды, теңіздей терең, көлдей тасып, мұхиттай толқып.

III деңгей

  1. Сөйлемдерге морфологиялық талдау жаса:
    Шығыс іргесінде Тарбағатай төсінен құлап түсетін мол сулы Қараүңгір өзені ағып жатыр. Оның сыртында қаланы бірнеше жерден беріден, қалың шилі, саздауыт даладан алатын, терең арналы, көк иірім қарасулар жарып өтеді. (Қ. Жұмаділов)
  2. Зат есімнің сөйлемде атқаратын қызмет түрлерін мысалдармен түсіндір.
  3. Қазақстанның өзен-көлдеріне шағын суреттеме жазып, жалқы есімдердің астын сыз.

V. Үй тапсырмасы

60-жаттығу. Сынақ тапсырмаларын орындау.

VI. Оқушыларды бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының дәлдігі және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағалау жүргізіледі.