Ғарыш әлемі

Сабақтың тақырыбы: Ғарыш әлемі

Бұл сабақта оқушылар өлең мазмұны арқылы қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің өмірі мен еңбегімен танысады, сондай-ақ ғарыш айлағы мен космос туралы түсініктерін кеңейтеді.

Білімділік мақсат

Өлеңнің мазмұнын түсіндіру арқылы Тоқтар Әубәкіровтің шығармашылығы мен халқына сіңірген еңбегін таныстыру; ғарыш, ғарыш айлағы, космос туралы ұғымдарды кеңейту.

Дамытушылық мақсат

Оқушылардың сөздік қорын, дүниетанымын, тіл байлығын, шығармашылық қабілетін және ой қорыту дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік мақсат

Ғалам құпияларын тануға ынталандыру; өз елін, жерін сүюге, қадірлеуге және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және сабақ форматы

Құрал-жабдықтар

  • Көрнекі құралдар
  • Тақтамен жұмыс
  • Суреттер, слайдтар

Сабақ сипаты

  • Типі: білім, білік, дағдыны қалыптастыру
  • Түрі: дәстүрлі емес
  • Технология: дамыта оқыту элементтері

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, ой қозғау, өз бетінше жұмыс, әңгімелеу, баяндау, топтастыру, жеке шығармашылық жұмыстар, ауызша және жазбаша тапсырмалар, талдау, жинақтау, көрнекілік.

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі Математика Еңбекке баулу Дүниетану

Сабақтың құрылымы

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі

    • Оқушыларды сабаққа даярлау
    • Назарларын сабаққа аудару
    • Мақсат-міндетпен таныстыру
  2. II. Кіріспе – қызықтырушылық кезең

    Оқушылар орындарынан тұрып, қолдарын жүрек тұсына қойып, ана тілі туралы өлеңді дауыстап оқиды.

    Ақыл-ойын дананың,
    Ана тілден аламын.

    Ана тілім ардақты,
    Ақ сүтіндей анамның.

    Өсірген ой-білімді,
    Сүйем туған тілімді.

    Мақсат етем әр сөздің,
    Мәнін терең білуді.

  3. III–IV. Мотивация және мақсат қою

    Сабақта қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмірі, шығармашылығы және халқына сіңірген еңбегімен танысамыз. Сонымен бірге ғалам құпияларын зерттеп білуге ынталанамыз.

  4. V. Өткенге шолу

    Бұрынғы тақырыптар еске түсіріліп, туған жер мен туған өлке туралы мақал-мәтелдер айтылады:

    Алтын бесік Қазақстан Туған өлкем Астана Алматы қаласы

Жаңа сабақ: Тоқтар Әубәкіров және ғарыш әлемі

Тоқтар Әубәкіров туралы мәлімет

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында (1 Май ұжымшарында) дүниеге келген. Ұлты — қазақ.

Білімі жоғары. Техника ғылымдарының докторы, академик, авиация генерал-майоры, ұшқыш-инженер.

1965–1969 жылдары Армавир қаласындағы әуе қорғанысы ұшқыштарының жоғары әскери оқу орнында оқыған.

Сабақ барысында бұл бөлім слайдтар мен суреттер арқылы толықтырылады.

Ғарыш туралы негізгі түсініктер

Біздің ортақ мекеніміз — Жер планетасы. Орман, тау, өзен, көл — барлығы да осы ортақ әлемнің бір бөлігі.

Ғарыш әлемін көру үшін зымыранмен ұшу қажет. Зымыран — жер мен аспан арасындағы ең жедел көлік түрлерінің бірі.

Ғарышкерлер ғарыш кеңістігіндегі құбылыстарды бақылап, суретке түсіреді, ауа мен топыраққа қатысты зерттеулер жүргізеді және нәтижесін Жерге хабарлап отырады.

Скафандр

Ғарышқа ұшатын ғарышкерлер арнайы қорғаныш киімін киеді. Бұл киім скафандр деп аталады және ғарыш жағдайына бейімделіп жасалған.

Кітап және дәптермен жұмыс

Өлеңді тізбектей оқып, мазмұнын талдау арқылы жаңа мағынаны танимыз.

Арман қуып жасынан,
Көктен көзін алмаған.

Ұшқыш болды жас ұлан,
Аспанда еркін самғаған.

Бабасындай асауға
Салған құрық — бұғалық.

Ұшақтарды сынауға
Артқан еді құмарлық.

Самғап ұшу аспанда
Қауіпті еді, қатал-ды.

Ерлігі елден асқанда,
Ол ғарышкер атанды.

Талай істе ғажап, тың —
Туған ұлы қазақтың,

Тұңғыш ұшты ғарышқа.

Сөздікпен жұмыс

Құрық
Асау жылқыны ұстауға арналған, ұшында ілмегі бар ұзын сырық.
Бұғалық
Асау атты ұстауға арналған мықты қыл арқан.
Құлаш ұрды
Талпынды, ұмтылды, талаптанды.