Құрметті жыр сүйер қауым

Тақырыбы

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?»

Мақсаты

  • Ақынның өрісті ойы мен өшпес көркем мұрасын насихаттау, ақынды еске алу.
  • Оқушыларға ұлттық және адамгершілік тәрбие беру.
  • Оқушының мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау.
  • Қазақстан Республикасындағы «Тілдер туралы» Заңды жүзеге асыруға ықпал ету.

Формат

Өзге ұлт балалары арасында Мұқағали Мақатаев өлеңдері бойынша мәнерлеп оқу сайысы.

Барысы

1-жүргізуші

Сырым да — осы, Жырым да — осы, Алдыңда. Байқашы бір — Бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты — Мұқағали Мақатаев бар мұнда.

Бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында М. Мақатаев ұрпақтарға ұланғайыр мұра қалдырғаны баршамызға мәлім.

2-жүргізуші

Бүгін біз сіздермен халқының қара өлеңін құдіретке айналдырған айтулы, дара ақын Мұқағали Мақатаев өлеңдері бойынша өтетін мәнерлеп оқу сайысында бас қосып отырмыз.

Ендеше, көкірек көзі ашық, көңілі ояу жыр сүйер қауым, «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» атты өзге ұлт балалары арасындағы жыр сайысына қош келдіңіздер!

Әділқазылар

Сайыс болған соң оның ақ-қарасын ажыратар әділқазылар алқасы болатыны белгілі. Әділқазылар алқасымен таныстыруға рұқсат етіңіздер.

Өмірбаян деректері

Аламан бәйгеде оза шауып, шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағалидың өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ендеше, бір сәт ақынның өмір деректеріне жүгінейік (слайд арқылы).

Ән

«Арулар»

1-жүргізуші

Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Саф алмастай поэзиясын ел мұрасындай етіп қалдыра білген ақынның өлеңдері өзі айтқандай талай болашаққа көшеді. Ендеше, сол бір мәңгілік көштің сырлы әуеніне құлақ түріп, сайысымызды бастайық.

Сайыс кезеңі

  • Ортаға 8-сынып оқушылары шақырылады.
  • Ән: «Арман-ай».
  • 9-сынып оқушылары өлең оқиды.
  • Ән: «Сенің көзің».
  • 10-сынып оқушылары өлең оқиды.

2-жүргізуші

Қырансың, аға, топтан сен бөлек дарасың, Хантәңірі сынды заңғар боп мәңгі қаласың. Жырларың сенің таулардай биік тұлғалы, Шарлап жүр бүгін көк пенен жердің арасын.

Құрметті жыр сүйер қауым! Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетіп қалды. Осы уақыт ішінде сіздер ақын жырларын оқып, тыңдап қана қоймай, өмірі мен шығармашылығы туралы да аз-кем мәлімет алдыңыздар деп сенеміз.

Көрермендермен сұрақ-жауап

Әділқазылар алқасы қорытынды шығарғанша бірнеше сұраққа жауап берейік. Толық жауап берген көрерменге арнайы дайындаған сыйлықтарымыз бар.

  1. 1. Мұқағали қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
  2. 2. Бүгінгі сайыс барысында ақын өлеңдеріне жазылған қандай үш ән орындалды?
  3. 3. Ақынның қай жинағына 1999 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді?
  4. 4. Мұқағали қазақтың қай ақын қызына арнап өлең-хат жазды?

Әнмен тағзым

Ән сал, жаным! Әніңмен тербет мені, Бір сәтке тынсын тіршілік жер-көктегі.

Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Оның сөзіне жазылған әндер көптің жүрегінен берік орын алып, қуаныш пен қайғыны бөлісер жан серігіне айналды.

Ортақ орындау

Қолға таратылған мәтін бойынша ақынға тағзым ретінде «Есіңе мені алғайсың» әнін бәріміз бірге шырқайық.

Қорытынды

Қорытынды сөз

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?» атты мәнерлеп оқу сайысының қорытындысын жариялау үшін әділқазылар алқасына сөз беріледі.

2-жүргізуші

Аузын ашса, жүрегі көрінетін, Көмейінен отты жыр төгілетін. Қайран Мұқа, аруақты ақынсың ғой, Қас тұлпардай жер тартып тебінетін. Бейнет кешіп жастығыңның жастығында, Көрдің талай пақырдың қастығында. Іші күйіп, мазақ қылған біреулердің, Сәттеріңді айналдырған тас тұғырға. Қазақ талай қазақпен кектеседі, Керек емес біреудің от көсеуі. Тілден безіп жүргендер бір сөзіңнің Дәмін алса, ешқайда кетпес еді.

Ақиық ақынның ұрпаққа ұран болған жырларын елі де, ой мен сезім астасқан өлеңдерін жаттаған жас қауым да ешқашан ұмытпайды деп сенеміз.

Бірге

Келесі кездескенше сау болыңыздар!