Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінің ерекшеліктерімен таныстыру, Наурыз мерекесі туралы түсінік беру

Мақсаты

Таным

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесінің ерекшеліктерімен таныстыру, мереке туралы түсінік қалыптастыру.

Даму

Балалардың ойлау қабілетін дамыту, мерекелік көңіл күй қалыптастыру, ұлттық ойындар арқылы тілін жетілдіру.

Тәрбие

Туған елге сүйіспеншілікке баулу, салт-дәстүрді құрметтеу, үлкенді және бір-бірін сыйлауға тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар

  • Ұлттық қолөнер көрмесі
  • Наурыз мерекесіне арналған ұлттық дастарқан

Барысы

Ашық тәрбие сағатының сценариі. Кейіпкерлер: Әже, Тәрбиеші, Балалар, Ана, Қыдыр ата, Жылқы жылы.

Наурыз Тұсаукесер Ұлттық ойындар

Кіріспе (музыкамен)

Әже

Уа, халайық, армысыздар! Бүгін біздің ауылда үлкен той. Қазағымыздың жаңа жыл мерекесі — Наурыз құтты болсын! Сонымен бірге, кішкентай бүлдіршіннің тұсаукесер тойы өтпек. Бұл — үлкен қуаныш, мереке. Сіздер осы тойдың қадірлі қонағысыздар. Көңіл көтеріп, демалып отырыңыздар.

(Басқа ауылдардан қонақтар келуі тиіс еді. Кешігіп жатыр-ау, көрінбей ме?)

Сахналық әрекет

(Музыка ырғағымен балалар кіріп, сәлем беріп, малдас құрып отырады.)

Әже

Қош келдіңдер, құлындарым, жоғары шығыңдар!

Наурыз туралы өлең және сұрақ-жауап

Тәрбиеші

Наурыз тойы — ақ батаның бастауы,

Береке мен бірліктің жалғауы.

Жеті түрлі қасиетті дәмменен,

Байтақ елдің бір толады астауы.

Наурыз келіп, көктем сазы білінер,

Ойнап-күлген жас балалар жүгірер.

Жаңа жылы қазақ деген ұлы елдің,

Наурыз айы шаттықпенен гүлденер.

Сұрақ-жауап

Тәрбиеші:

Балалар, айтыңдаршы: Наурыз мейрамы жылдың қай мезгілінде келеді?

Балалар:

Көктем мезгілінде.

Тәрбиеші:

Көктемді қалай сипаттауға болады?

Балалар:

Жер көгереді, ағаштар бүршік атады.

Тәрбиеші:

Иә, табиғат құлпырып, бізді әдемі әлемге жетелейді. Наурыз мерекесінде қандай көже әзірленеді?

Балалар:

Наурыз көже.

Әже:

Наурыз көжеге неше түрлі дәм қосылады?

Балалар:

Жеті дәм.

Тәрбиеші: Өте тамаша. Әжеміз де бізге арнап көже дайындап жатқан болар. Ал енді, балалардың сіздерге деген жылы лебіздері бар. (Айзере, Әлімхан, Аяулым, Сабина, Дана)

Өнер бөлімі

Әже

Тойымызға көрші ауылдың сұлу қыздары да келіп қалыпты ғой. Қане, оларды өнерімен қарсы алайық.

Тәрбиеші

Халқымыз «Тойдың көркі — ән» дейді. Ендеше, Наурыз тойында жырдан шашу шашайық.

Ән: «Дастархан»

Сахналық белгі

(Ән орындалады.)

Тұсаукесер тойы

Әже

Балалар, бүгін бізде тағы бір қуаныш бар: немеремнің тұсаукесер тойы. Сендердей үлкен азамат болып өссін деген ниетпен тұсауын кесеміз. Анасы дайындап жатқан болар, қазір келіп қалар.

(Әуенмен анасы мен баласы келеді.)

Келе ғой, қызым, қуанышым менің. Міне, менің немерем де келді.

Тәрбиеші

Тұсау кесу — кішкентай балаға ырымдап, тез жүріп кетсін деп, аяғына ала жіп байлап, бата-тілек айтып кесетін дәстүр. Тұсауды кейде көк шөппен немесе тоқ ішекпен де кеседі. Мұндағы мәні — «көгерсін, өссін-өнсін» және «бай-дәулетті, бақуатты болсын» деген тілек.

Бүгін біз тұсауды ала жіппен кесеміз. Мақсатымыз — баламыз ешкімнің ала жібін аттамасын.

Әже

Өзім кескенім ұят болар. Анасы рұқсат берсе, жоғары жақта отырған қадірлі қонақтарымыздың біріне тұсау кестіруге рұқсат етейік. Рақмет, қонақтар! Сіздер де осындай немере сүйіңіздер.

Тәй-тәй өлеңі

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Балтырыңды түре ғой,

Тай-құлын боп шаба ғой.

Озып бәйге ала ғой.

Би, жыр, ұлттық ойын

Әже

Екінші ауылдың жігіттері де тойға келіп қалыпты. Қане, өнерін тамашалайық.

Тәрбиеші

Шалқып мерекеде ән салайық, би билеп, өнерге тамсанайық. Аңызбен, ертегімен бізге жеткен Наурызды қонақтармен бірге қарсы алайық!

Би: «Серілер»

Жыр шумақтары

Тойымызды жыр шумақтарымен жалғастырайық. (Қарақат, А. Жанел, Қасиет, Адиля, М. Нұрислам)

Ұлттық ойын

«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма» демекші, төл мерекемізде ұлттық ойын ойнамасақ, жараспас.

Ойын: «Қыз қуу»

Қыдыр ата және Жыл басы

Сахналық әрекет

(Әуенмен Қыдыр ата келеді.)

Қыдыр ата

Амансыңдар ма, қарақтарым! Наурыз тойы құтты болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң — жол болсын!

Қыдыр ата:

Балалар, айтыңдаршы, биыл бізде қандай жыл басы?

Балалар:

Жылқы жылы.

Қыдыр ата:

Дұрыс айтасыңдар. Олай болса, ортамызға Жылқы жылын ала келдім.

Жылқы жылы

Армысыздар, халайық,

Бармысыздар, халайық!

Наурыз тойды жұп жазбай,

Бірге қарсы алайық.

Тәрбиеші

Қыдыр ата, төрге шығып, балалардың өнерін тамашалап, жайғасып отырыңыз. Ал біз Жылқы жылының құрметіне «Қара жорға» биін билеп берейік!

Сергіту сәті: «Қара жорға»

Шашу, бата, дастарқан

Әже

Жарайсыңдар, құлындарым! Ортамызға келген Жаңа жыл құтты болсын, қазағым! Наурыз шашуы жұғысты болсын!

Шашу! Шашу! Шашу!

Наурыз көжеден дәм татыңыздар!

Бата

«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей, Қыдыр атадан бата сұрайық.

(Қыдыр ата бата беріп, сахнадан шығады. Той дастарқаны жалғасады, қонақтар Наурыз көжеден дәм ауыз тиеді.)

Қорытынды

Мерекелік дастарқан басында ақ тілек айтылып, Наурыздың береке-бірлігі дәріптеледі.