Сабақтың үшінші кезеңі

5-сынып Мектеп компоненті Функционалдық математика Практикалық сабақ Қайталау және жүйелеу

Сабақтың тақырыбы: Әртүрлі қозғалысқа берілген есептер

Бұл сабақта қозғалысқа берілген есептерді жүйелі түрде талдап, жылдамдық, уақыт, қашықтық арасындағы байланысты бекітеміз және белгісіз шаманы табу дағдыларын жетілдіреміз.

Білімділік мақсаты

  • Қозғалыс есептеріндегі шамалар арасындағы байланысты білу.
  • Белгісіз шаманы табу дағдысы мен іскерлігін дамыту.
  • Есеп шығару арқылы логикалық ойлауды іске асыру.

Дамытушылық мақсаты

  • Ойлау қабілетін дамыту.
  • Өз бетімен еңбектену дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік мақсаты

  • Ұйымшылдық пен ұқыптылыққа тәрбиелеу.
  • Өз біліміне жауапкершілікпен қарауға дағдыландыру.

1-кезең: Материалды қайталау

«Математика — ғылымдардың патшасы», — деген екен озық ойлы даналар. Сондықтан ережені жатқа айтып қана қоймай, шапшаң ойлауды да үйренейік.

Қайталау сұрақтары

  1. 1 Қозғалысқа берілген есептерде қандай шамалар кездеседі?
  2. 2 Жолдың формуласын айтыңдар.
  3. 3 Жол формуласындағы әріптер қандай шаманы білдіреді?
  4. 4 Шамалардың өлшем бірліктері қандай?

Оқыту құралы

Презентация және мультимедиялық проектор көмегімен қозғалысқа байланысты қарапайым есептерді талдау.

Талдау есебі №1

Қарама-қарсы қозғалыс

Арақашықтығы 210 км болатын екі қаладан бір-біріне қарама-қарсы бағытта бір уақытта екі жеңіл автокөлік шықты. Бірінші машинаның жылдамдығы 45 км/сағ, ал екіншісінікі одан 15 км/сағ артық. Машиналар неше сағаттан кейін кездеседі?

Негізгі ой: жақындасу жылдамдығы = v₁ + v₂.

Талдау есебі №2

Екі нысан

Орманда екі құс қарама-қарсы бағытта ұшты. Біреуінің жылдамдығы 16 м/с, екіншісінікі 20 м/с. 2 секундта құстардың арақашықтығы қандай болады, егер ұяларының арасындағы қашықтық 10 м болса?

Негізгі ой: арақашықтық бастапқы қашықтық пен алыстау жылдамдығына тәуелді.

2-кезең: Жеке практикалық шығармашылық жұмыс

Есеп шығару — жүзу, шаңғы тебу немесе фортепианода ойнау сияқты практикалық өнер. Оны тек үздіксіз жаттығу арқылы меңгеруге болады.

Тапсырма

Суретте берілген мәліметтерді қолданып, қозғалысқа байланысты есеп құрастырыңдар және оның шешімін қорғаңдар.

Күтілетін нәтиже

Есептің шарты толық әрі түсінікті беріледі.

Шешім

Формула дұрыс таңдалып, есептеу реті сақталады.

Қорғау

Жауап негізделіп, өлшем бірліктері көрсетіледі.

3-кезең: Қызықты есептер (топтық жұмыс)

Бұл бөлімде жылдамдықтардың айырмасы, қуып жету және үлгеру/үлгермеу жағдайлары арқылы логикалық ойлау мен дәлелдеуді күшейтеміз.

Қызықты есеп №1

Қуып жету

Балапан өзінен 40 м қашықтықтағы өрмекшіні байқап, оны қуа жөнелді. Егер балапанның жылдамдығы 370 м/мин, ал өрмекшінің жылдамдығы 360 м/мин болса, балапан өрмекшіні қанша минуттан кейін қуып жетеді?

Негізгі ой: салыстырмалы жылдамдық = 370 − 360.

Қызықты есеп №2

Үлгеру/үлгермеу

Тышқан ірімшікті ұрлап қаша жөнелді. Оны 8 м қашықтықта тұрған адам байқап, қуа жөнелді. Егер тышқанның жылдамдығы 2 м/с, адамның жылдамдығы 3 м/с болса, ал тышқаннан інге дейінгі қашықтық 10 м болса — тышқан қашып үлгере ме?

Негізгі ой: інге жету уақыты мен адамның қуып жету уақытын салыстыру.

Сабақты қорытындылау

Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан, математикаға орын берсең басыңнан, барлық ғылым саған үйір болады — досың да солар болады қасыңнан.

Қорытынды тапсырма: бір сөзден көп сөз құрастыр

A тобы

Жылдамдық
  • жыл
  • адым
  • мал
  • жылы
  • дымқыл
  • дамыл
  • қыл
  • алдым
  • алды
  • қыжыл

Ә тобы

Қашықтық
  • қашық
  • ашық
  • ақы
  • ақтық
  • тық
  • қаш
  • шақ

Б тобы

Уақыт
  • ақ
  • уақ
  • ақы
  • тақ
  • тауық
  • уық
  • тау
  • ату
  • ат