Нәресте өмірінің нәрі - Ана сүті
Тәрбие сағатының жоспары
Тақырыбы: «Ана — ұлт тәрбиешісі»
Мақсаты
- Дүниедегі жақсылық атаулының барлығы күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру.
- Ананы қадірлеуге, сыйлай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.
- Аналар мерекесіне орай ұстаз-аналарға құрмет көрсету.
Көрнекілігі
Қанатты сөздер, слайдтар.
Жүргізушілердің құттықтау сөзі
1-жүргізуші
Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Осы мерекеге орай 69-топ оқушыларының ұйымдастыруымен өтетін «Ана — ұлт тәрбиешісі» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
«Ана» — үш-ақ әріптен құралған сөз. Бірақ осы сөздің астарында қаншама мән бар! Анадан қасиетті, анадан киелі ештеңе жоқ. Ана — әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы. Балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ананың нәзік үні, жұмсақ алақаны, жан жылуы бізді әлдилеп, жұбатады.
Ана болу — бүкіл өмірге жететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Ананың алақанының қызуы мен ата-ана мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.
1-жүргізуші
Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Перзентін «асылым», «алтыным», «жасыл желек жарқыным», «жұлдызым», «маңдайдағы құндызым» деп, күні-түні тілек қылып отырады. Неткен құдіретті мейірім!
Өлеңдер мен әндер
Әділбек (өлең)
О, анам, Алатаудай асқарымсың,
Жазылмаған өлеңім, дастанымсың.
Кеудеме сыймай жүрген жұмбақ сырым
Әрдайым өзің үшін ақтарылсын.
Мен үшін орның бөлек бұл өмірде,
Анашым, нұр шашасың жүрегімде.
Сен болмасаң осылай бақытты боп,
Жарқылдап, шалқып, тасып жүрер ме едім?
Осы өлеңнен кейін «Анаға сәлем» әнімен Шадияр шақырылады.
Шадияр (құттықтау)
Бәрімізге анасың,
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мейрамың,
Құтты болсын, ұстазым!
Келесі бөлім
Оқушылардың ана туралы жаттаған өлеңдері тыңдалады.
Әділбек
Сіздерден өсер балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мерекемен,
Құрметті ұстаз-аналар!
Ақберген
Дүниедегі ең ардақты асыл жан,
Анам менің мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам — қуанады ол бірге,
Мен қиналсам — табылады қасымнан.
Маған қымбат жан жоқ сірә анадан,
Бар жақсылық аналардан тараған.
Жер бетіне өмір нәрін себуші —
Ана алдында борышты ғой бар адам.
Руслан
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Мен өзіңмен қайда болсам — біргемін,
Махаббатың жүрегімде жүр менің.
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің —
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!
Қуаныш
Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың.
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым.
Ана туралы ой-толғау
Ана — отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ананың қадірі ерекше аталған. Тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы — Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық жоқ.
Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкеліп қана қоймайды. «Бала, бала, бала» деп түнде шошып оянып, түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да — ана.
Халықтың халықтығының басты нышаны — туған елінің тілін үйретіп, жүрекке сіңіретін де ана. Сол себепті ұлттың рухани өзегі саналатын тіл «Ана тілі» деп аталады. Нәресте өмірінің нәрі — ана сүті. Халқымыздың ұғымында перзенттің парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп айтылады.
Көрініс: «Соқыр ана»
Жалғыз көзді соқыр ана баласының сабағына келеді. Мұғалімнен баласының тәртібі мен оқуын сұрайды. Сыныптастардың бірі: «Мақсат, сенің анаң соқыр екен ғой, неге айтпадың?» — дегенде, бала қабағын түйіп, анасын ауыр сөзбен қайырады.
Анасы баласының қамын ойлап, үйде бәйек болады. Ал бала: «Мен сенен ұялам… Неге көзің соқыр?» — деп жүрегін жаралайды. Ана жыласа да сырын айтпай, бәрін ішіне жұтады.
Жігіт оқуын бітіріп, қалаға, кейін шетелге кетеді. Жұмыс табады, үйленеді, бала сүйеді. Анасын ұмытады. Жылдар өтеді. Достары шақырып, ауылға келеді. Туған үйінің есігін қаққанда, көрші әйел анасының бақилық болғанын айтып, соңғы хатты табыстайды.
Ананың хаты (үзінді)
Балам, ботам, айым, асылым… Айтылмаған бір сырым бар еді.
Әкең екеуміз қалаға шыққанда жол апаты болып, әкеңнен айырылдық. Сол кезде сенің оң көзің қатты зақымданды. Дәрігер «сау көз тауып салу керек» дегенде, мен бір шешімге келдім.
Балам үшін өзімді құрбан еттім: саған сап-сау тұрған көзімді бердім. Міне, содан бері мен соқырмын.
Егер осы көзіммен сені ұялтсам — кешір, қалқам…
Бала өкініштен өзегі өртеніп жылайды, бірақ бәрі кеш еді…
Жыр жолдары
1-жүргізуші
Төгілген маған мейірімің — бейне шуағың,
Сарқылмас мәңгі ән салған бастау бұлағың.
Жасашы, ана, жасашы — менің тілегім,
Қанатын қомдап ұшса да биік ұланың.
2-жүргізуші
Анашым, сенсің мәңгілік менің тірегім,
Мен үшін пана нұрлы әлем сыйған жүрегің.
Еңбегіңді ақтап, аялап өтсем тек сені —
Болмас-ты басқа перзенттік менің тілегім.
Осыдан кейін «Ана туралы жыр» әнімен Сәбит шақырылады.
Тәрбиелік жағдаят: «Арманның хаты»
Арман (9 жаста) жазған хат
Арман анасының тапсырған үй жұмыстарын жасағысы келмей, бір күні «есеп-қисап» жасап хат жазады:
- Нанға бардым
- 100 теңге
- Бөлмемді жинадым
- 50 теңге
- «5» алдым
- 50 теңге
- Қоқыс төктім
- 100 теңге
- Компьютер ойнамадым
- 50 теңге
- Құлайын деп тұрған ыдысты ұстап қалдым
- 50 теңге
- Киімдерімді реттедім
- 100 теңге
- Кір киімді кір жуғыш машинаға салдым
- 50 теңге
- Барлығы
- 550 теңге
«Уақтылы төлемесеңіз, үстеме қосатынымды ескерте кетейін!» — деп аяқтайды.
Ананың жауабы
Анасы ұлына «бағасы жоқ еңбектің» тізімін жазады:
- Саған ана сүтін бердім — 0 теңге
- Түнде оянып кетсең, қасыңда болдым — 0 теңге
- Ауырып қалсаң, қасыңнан кетпедім — 0 теңге
- Түсінбеген сабағыңды түсіндірдім — 0 теңге
- Сен қуансаң, бірге қуандым — 0 теңге
- Сені жамандықтан қорғауға тырыстым — 0 теңге
- Сені еркелеттім — 0 теңге
- Ұнататын нәрселеріңді алып бердім — 0 теңге
Арман өз хаты үшін қатты ұялады. Бұдан былай анасын ренжітпеуге, айтқанын орындауға бекінеді.
Талқылау сұрағы
Құрметті көрермендер, сіздердің де ата-анаңызды ренжіткен сәттеріңіз болып, кейін сол үшін ұялған кездеріңіз болды ма? Сөз кезегі қонақтарға беріледі.
Көңілді бөлім және мақал-мәтелдер
Қойылым
Әзілі мен әні жарасқан топ жігіттерінің көңілді қойылымы ұсынылады.
Оқушылар мен көрермендерден ана туралы мақал-мәтелдер сұралып, олардың мәні ашылады.
«Ананы неге теңеуге болады?»
Оқушылардың жауаптары негізінде слайд арқылы қорытынды жасалады:
- Ана — ұстаз
- Ана — қызметкер
- Ана — ғалым
- Ана — ұлттың ұйытқысы
Қорытынды және алғыс
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың қонағы болып отырған Гүлхан апайға сөз беріледі. Қонақтарға сыйлықтар табысталады.
Аяқтау сөзі
Бір өзің бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде,
Ақ сүтіңді ақтап өту — арманым.
Ана — біздің баға жетпес асыл байлығымыз. Осы асылымызды қадірлеп, көңіліне кірбің түсірмей, аялай білейік.