Жасыл көзі

Тәрбие сағатының мақсаты

Оқушылардың көшеде жүру ережелерін меңгеру дағдысын қалыптастыру, оны іс жүзінде қолдана білуін жетілдіру және сақтыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік
  • Түсіндіру

Негізгі ой

Бағдаршам — жолдағы қауіпсіздіктің басты белгісі. Оның әр түсі нақты әрекетті білдіреді: тоқта, дайындал, жүр.

Кіріспе: жұмбақ арқылы ой қозғау

Жұмбақ 1

Жоқ өзінде бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та. Жауабы: Бағдаршам

Жұмбақ 2

Өзі сөйлей білмейді,
Бірақ: «Тоқта, жүр!» дейді. Жауабы: Бағдаршам

Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Бағдаршам». Сабақты бастамас бұрын жолда жүру ережелерін қысқаша еске түсіріп алайық.

Ойын: «Бағдаршам»

Мұғалім бағдаршам көздерінің қызметін айтады, ал оқушылар сәйкес түсті көрсетеді. Бұл жаттығу жылдам ойлау мен ережені нақты қолдануды дамытады.

Қызыл

Қауіп! Қозғалысты тоқтат.

Сары

Дайындал! Асықпа, сақ бол.

Жасыл

Жол ашық! Ережені сақтай отырып өт.

Көрініс 1: «Қызылда тоқта, жасылда жүр»

Жағдай

Бағдаршамның қызыл түсі жанады. Ақсәуле (анасы) Олжасты (баласын) ертіп жолға келеді. Бала жолдан өтпек болады, анасы тоқтатады.

Диалог

Анасы: Балам, қызыл түсте өтуге болмайды. Жасыл жанғанша күту керек. Есіңде болсын!

Бала: Енді есімде сақтаймын. Жасыл жанғанша күтемін.

Жағдай: Бағдаршамның жасыл түсі жанады.

Бала: Енді өтуге бола ма?

Анасы: Әрине. Жасыл жанса, өтуге болады.

Қорытынды сұрақ

Осы көріністен қандай қорытынды шығаруға болады? Негізгі ой: қызылда — тоқта, жасылда — өт.

Бағдаршам көздері туралы өлеңдер

Өлең жолдарын мұқият тыңдап, қай түс туралы айтылғанын анықтаңдар. Тапсырма: айтылған түстің қасына барып тұру.

Қызыл көзі

Өзгертпейтін тұрағын, Бір орында тұратын. Қызыл шамы жанғанда, Қадам баспа бір адым. Бұл тоқтаудың белгісі, Білу керек бар кісі. Бас иеді тәртіпке, Келмесе де көнгісі.

Сары көзі

Сары көзін жаққанда, Өтемін деп мақтанба. Бұл дайындық белгісі, Кідіре тұр, аттанба.

Жасыл көзі

Төксе жасыл шырағын, Қауіптенбе, шырағым. Жолың ашық, өте бер, Жаса алға мың адым.

Қимыл-үзіліс: қысқа сергіту

Ортаға шығып, мұғалімнің соңынан қайталау:

Бір көзім кідір дейді, Бір көзім жүгір дейді. Бір көзім абайла дейді, Қарап ал маңайға дейді.

Суретпен жұмыс

Әр оқушының алдында бағдаршам суреті беріледі. Тапсырма қатарларға бөлініп орындалады:

1-қатар

«Дайындал!» белгісін бояйды.

2-қатар

«Жүр!» белгісін бояйды.

3-қатар

«Тоқта!» белгісін бояйды.

Дайын болған оқушылар суреттерін көтеріп көрсетеді.

Көрініс 2: «Неге бағдаршам керек?»

Диалог

Сіңлісі: Аға, аға, неге жолдарда бағдаршамдар тұрады?

Ағасы: Егер бағдаршам болмаса, көлік апаты жиілеп, адамдардың өміріне қауіп төнер еді.

Сіңлісі: Түсінікті. Ал егер бағдаршам жоқ болса, онда біз қалай жолдан өтеміз?

Ағасы: Жақсы сұрақ. Бағдаршам жоқ жерде жаяу жүргінші өткелінен өту керек.

Сіңлісі: Түсіндім. Енді осы ережелерді әрқашан есте сақтап жүремін.

Есте сақтайтын ережелер

  • Бағдаршамның белгілерін бұлжытпай орындау.
  • Бағдаршам жоқ жерде жаяу жүргінші өткелін пайдалану.
  • Асықпай, айналаға қарап, қауіпсіздікті бірінші орынға қою.

«Бағдаршам» әні

Көреген, дәу, қырағы, Көшемізде тұрады. Оның аты – бағдаршам, Жол сілтейді әрқашан. Ол бергенде команда, Бағынамыз әманда. Қайырмасы: Ашса кезек үш көзін, Айтты деп ұқ үш сөзін. Тоқта! Сақтан! Жол ашық! Жүрме жолға таласып. Қызыл көзін ашқанда, Сынық сүйем баспа алға! Сары көзін ашқанда, Қарап қалма аспанға! Жасыл көзін ашқанда, Өте бергін жасқанба!

Кері байланыс: көңіл күй

Сабақ соңында оқушылар өз көңіл күйін смайлик арқылы көрсетеді:

Көңілді

Үстелден қызыл смайлик алынады.

Жай ғана жақсы

Үстелден жасыл смайлик алынады.

Көңіл күй жоқ

Үстелден сары смайлик алынады.

Кім өз көңіл күйін қонақтарға сыйлағысы келсе, қолындағы смайлигін қонақтарға табыстайды.

Қорытынды

Бүгін біз бағдаршам туралы көп мәлімет алдық және жолдағы қауіпсіздік ережелерін қайталадық. Өз өмірімізді қауіпті жағдайлардан сақтау үшін жол ережелерін әрқашан есте сақтап, бәріміз бірдей орындайық.

Қысқа ереже

Қызыл — тоқта. Сары — дайындал. Жасыл — жол ашық.