Ұялшақтықтың алдын - алу жолдарыҰялшақтық - өте жасырын ұғым және өз алдына жеке мәселе
Ұялшақтықтың алдын алу жолдары
Ұялшақтық — өте нәзік әрі жасырын құбылыс, өз алдына жеке мәселе. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, зерттеушілердің пікірінше, бұл жағдайдан жастардың шамамен тең жартысы белгілі бір деңгейде қиналады. Ұялшақ болу — ішкі жан дүниеңді аша алмау, қорқу, қоршаған ортамен еркін байланысқа түсе алмау, соның салдарынан қобалжу, ойыңды анық әрі сенімді жеткізе алмау.
Дегенмен ұялшақтық әр адамда бірдей болады деп кесіп айту қиын. Себебі әр тұлғаның психологиясы да, табиғаты да әртүрлі. Мінезі жұмсақ, момын, тым ойға берілгіш адамдар көбіне өмірде өз жолын табуда қиналады: достары аз, әлеуметтік ортасы тар, көңіл күйі де тұйықтау, мұңға бейім келеді. Бұдан шығатын қорытынды — айналадағы құбылыстардың бәрі адам болмысымен тығыз байланысты.
Негізгі мақсат
Басты мақсат — қоғамда белсенділік таныту. Адамды танып-білу мен қарым-қатынас орнату әрдайым оңай емес, өйткені адамдар бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан қандай жағдайды бастан өткерсеңіз де (кикілжің, күйзеліс, түсінбестік, шатасу), ымыраға келуге ұмтылыңыз.
Біреу сіздің ойыңызды дұрыс түсінбей, пікіріңізге қарсы сөйлеуі мүмкін. Ондайда еңсеңізді түсірмеңіз: «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Өз ойыңызды ортада айтуға, ашық болуға дағдыланыңыз. Ең бастысы — бұл сіздің пікіріңіз екенін ұмытпаңыз.
Ұялшақтықтың пайда болу себептері: зерттеушілер көзқарасы
Ұялшақтықты психологтар, әлеуметтанушылар және басқа да мамандар кеңінен зерттеген. Әртүрлі мектептердің түсіндіруі мынадай:
Тұлғалық-генетикалық көзқарас
Кейбір зерттеушілер ұялшақтықтың белгілі бір дәрежеде ата-тектен тарайтын, тұқымқуалаушылыққа байланысты қасиет болуы мүмкін екенін айтады.
Бихевиористік көзқарас
Ұялшақтық қоғаммен тіл табыса алмаудан, өмірге бейімделудің қиындығынан немесе қашқақтаудан қалыптасуы мүмкін.
Психоаналитикалық көзқарас
Ұялшақтық өзіне сенімсіздіктен, ойын сыртқы ортаға шығара алмаудан туындайды.
Әлеуметтік-психологиялық көзқарас
Әлеуметтік орта мен тәрбие ықпалы ұялшақтықтың қалыптасуында маңызды орын алады. Балалар психологтары бұл құбылыстың орта әсерімен күшейетінін атап көрсетеді.
Қ. Б. Жарықбаевтың айтуынша, ұялу басқа адамның, көбіне жақындардың әрекеті немесе тұлғалық мінездерінің көрініс беруімен байланысты болуы мүмкін.
Ұялшақтықты өзін-өзі дамыту, білім мен біліктілікті арттыру, қабілетті күшейтуге бағытталған мінез-құлық арқылы әлсіретуге, тіпті жеңуге болады. Ұялудың бастапқы шегі әркімнің құндылық бағдарымен, жеке қасиетімен, айналасындағы адамдардың өзі туралы пікіріне сезімталдығымен байланысты.
Ұялшақтықтың белгілері
Ұялшақтықты бірден тану әрдайым оңай емес, өйткені оның көрінісі әртүрлі болады. Жиі кездесетін белгілер:
- Адаммен байланысқа түскенде ыңғайсыздану, көңіл толмаушылық.
- Көзді төмен салу, дауыстың бәсең шығуы, өз ойын қысқа қайыру.
- Қоғамдық ортадан қашқақтау, таныс емес ортада тұйықталу.
- Енжарлық немесе шорқақтық; қателік жіберсе, қатты ұялу.
- Өзін дәрменсіз, қажетсіз сезіну; өзгенің пікіріне тәуелді болу.
Мұндай күйдің түп негізінде көбіне өз-өзіне сенімнің әлсіздігі жатады. Қорқыныш пен қобалжу адамға ниетін ашық білдіруге кедергі жасап, мақсат қою мен оған ұмтылуды тежейді.
Педагогикалық тәжірибеден: технология сабағының мүмкіндігі
Өз іс-тәжірибемнен байқағаным: технология сабағы оқушыны жеке тұлға етіп қалыптастыруда маңызы зор пәндердің бірі. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, сәндік-қолданбалы өнер, тағам әзірлеу технологиясы сияқты тақырыптар арқылы оқушылар белгілі бір кәсіпке қызығып, өз қабілетін танып, өмірлік таңдауға бейімделеді.
Сабақтарымда «еңбек ету — әр адамның міндеті» екенін үнемі атап өтемін. 9-сыныпта «Тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандықтар», «Сауда саласындағы мамандықтар» тақырыптарында ашық сабақ өткіздім. Малтабар Алмат ауылдық жерде көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, осы салаға қатысты мамандық таңдауға қызығатынын, ауру малдарды емдеп үлес қосқысы келетінін айтты. Басқа оқушылар да өздері таңдаған мамандықтарын және оны не үшін таңдағанын ашық жеткізді. Бұл — оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуының нақты көрінісі.
Ұлттық мұра арқылы қызығушылық пен сенімді дамыту
Сабақта және сыныптан тыс шараларда қазақтың ұлттық тағамдары, киімдері, бұйымдары жайлы сұрақтар қоямын; ұлттық бұйымдарды жасауға, тігуге тапсырма беремін. Мысалы: құрақ құрау, киіз үй макетін жасау, текеметке ою ойып түсіру. Сонымен бірге ұршық иіру, жүн түту, сабау сияқты ата-бабадан келе жатқан ұлттық қолөнер түрлерін де кіріктіремін.
«Ас — адамның арқауы» демекші, салат дайындау, тәтті тағамдар жасау кезінде де оқушылар шеберлігін көрсетеді. Атап айтқанда: Пернебай Сәния, Есболат Аружан, Сайынбай Үміт, Жұман Нұрлан, Майлыбай Рүстем және басқа да оқушылар.
Сондай-ақ ұлттық бұйымдар мен тағамдар тақырыптарында реферат жазуға беремін. Мұндай жұмыстар оқушыларды ізденімпаздыққа, материалды жан-жақты зерттеп, талдауға, қорытынды жасауға үйретеді және ұлттық құндылықтарды есте сақтауға ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- 1) «Мектептегі технология», №7, 2010 жыл.
- 2) «Мектептегі технология», №11, 2011 жыл.
- 3) «Еңбекке баулу пәнін оқыту әдістемесі (1–4 сынып)». Күнпейіс Жұмахан. Алматы: «Дарын», 2005 ж.
- 4) Интернет материалдары.