Достық ережесін шығару

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пәні

Дүниетану (2-сынып)

Сабақтың тақырыбы

Сен және сенің достарың

Мақсаты

Балалардың достық туралы түсінігін кеңейту және нақтылау; достарға деген дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыру; достықты қадірлеуге, бір-біріне көмектесуге және қамқор болуға үйрету.

Міндеттері

  1. Оқушылардың топтық жұмысын ұйымдастыру.
  2. Өз пікірін еркін айта алатын орта құру.
  3. Тақырып бойынша білім беру.

Күтілетін нәтижелер

  • Оқушылар достық ұғымымен кеңірек танысады.
  • Тапсырмаларды талдау, түсіндіру және пікір алмасу жүзеге асады.
  • Жеке, жұппен және топта жұмыс істеу; бірін-бірі тыңдау, құрметтеу дағдылары дамиды.

Көрнекі құралдар

жүрекшелер интерактивті тақта мультфильм

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Мұғалімнің сөзі: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін сабағымызға қонақтар келді. Күніміз сәтті өтуі үшін, ашық сабағымызды “Шаттық шеңберінен” бастайық».

Өлең жолдары (қимыл-қозғалыспен)

Армысың, досым, кел, маған қосыл.

Алақанға салып алақан, шеңберге бірге тұрайық.

Жер шарындай айналып, әлемге жарық ұқсайық.

Қолымызды көтеріп, күннің нұрын алайық.

Ортамызда күн нұры, құшақтайық бәріміз.

Бүгін біз «Достар қаласына» мейірімділік жолымен аттанамыз. Ол қалаға тапсырмаларды орындағандар ғана кіре алады.

IІ. Үй тапсырмасын тексеру: «Ой қозғау»

Оқушылар топпен жұмыс істеп, ортақ пікірлерін сынып алдында қорғайды.

1-топ

Мектепте не бар?

2-топ

Мектеп қызметкерлерінің міндеттері қандай?

3-топ

Оқушының міндеттері қандай?

4-топ

Біздің мектебіміз (слайд арқылы таныстыру).

Қорытынды ой: Мектептен біз дос табамыз.

IІІ. Жаңа сабақ: мағынаны ашу

Мұғалім мақалдың мәнін талдатады:

«Доссыз адам — тұзсыз тағам».

Оқушылар «ДОС» сөзін күннің ортасына жазып, айналасына «шуақ» ретінде досқа тән қасиеттерді толтырады.

жолдас сенімді көмекші қамқор сыр бөлісетін түсінетін қиындықта бірге болатын

Дәптермен жұмыс

  • Тақырыпты жазу.
  • Сабақтың мақсат-міндеттерімен танысу.

Мәтінмен жұмыс

  • Жеке оқу.
  • Жұпта талдау.
  • Топта талқылау.

Оқушылар мәтінді оқи отырып, бұрыннан білетіндеріне белгісін, жаңа ақпаратқа + таңбасын қояды. Интерактивті тақтадан слайдтар көрсетіледі.

Ортақ ұран

Дос болайық бәріміз,

Жарассын достық әніміз.

Иықтасып жүрейік,

Қиындықта бәріміз.

Топтық сұрақтар

  1. Атасы Маратқа нені үйретті?
  2. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасаудың ережелерін ата.
  3. Достармен ізгі қарым-қатынас жасаудың қандай ережелерін білесің?
  4. Қазақ халқының қандай дәстүрлерін білесің?

Жаңа сабақты бекіту: «Ойтолғаныс»

«Айнымас дос» дегеніміз — адал дос. Ол уәдесіне берік болады, қандай жағдайда да жанынан табылады, көмегін аямайды, көңілі түссе демеу береді.

Достықтың екі түрі

  • Адал достық — сенім мен құрметке негізделеді.
  • Айнымалы (алдамшы) достық — тұрақсыз, сенімсіз.

Талқылау: Біз қайсысын таңдаймыз? Адал дос болуды мақсат етеміз.

Мақал-мәтелдер

Оқушылар топпен достық туралы мақал-мәтелдер айтып, мағынасын түсіндіреді.

Ескерту: Бұл бөлімде сынып өз қоржынындағы мақал-мәтелдерді қолданады.

Жағдаяттарды талдау

  1. Досыңмен ренжісіп қалдыңдар. Бұл жағдайды жанжалсыз қалай шешер едіңдер?
  2. Сыныптасың ауырып, ауруханаға түссе, оған қалай көмектесер едің?
  3. Егер жақын досың сені сатып кетсе, не істер едің?

«Автор орындығы» стратегиясы

«Мен адал доспын» тақырыбына шағын эссе жазып, өз ойын сынып алдында оқып береді.

Достық ережелері

  • Қиын кезде бір-біріңе көмектес.
  • Досыңды алдама, адал бол.
  • Досыңды қорлама.
  • Қызықты сәттерді бірге бөліс.
  • Досыңның кемшілігін кешіре біл.

Кеңейту: Достықтың ауқымы

Достық тек адамдар арасында ғана емес, ұлттар мен мемлекеттер арасында да болады. Қазақстан әлем елдерімен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Бірлік пен татулықтың арқасында еліміз ынтымағы жарасқан мемлекетке айналды.

Сабақты қорытындылау

Тыныштық сәті

Оқушылар көздерін жұмып, әуен тыңдайды. Содан кейін достарына қандай жақсылық тілейтінін ойлап, жапырақшаға жазып, «гүлді көркейтеді».

Шығармашылық бөлім

  • Достық әнін айту.
  • «Достар қаласы» мультфильмінен үзінді көру.

IV. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, топтық және жұптық жұмыстағы белсенділігі, жауаптарының мазмұндылығы бағаланады.

V. Үй тапсырмасы

Мұғалімнің нұсқауы бойынша (дәптерде немесе күнделікте көрсетіледі).