Қазақ әдебиеті пәнінен ашық сабақ жоспары (5 сынып)I
Сабақ тақырыбы
Пән
Қазақ әдебиеті (5-сынып)
Автор
Мағжан Жұмабаев (1893–1938)
Шығарма
«Қысқы жолда» өлеңі
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Мағжан Жұмабаевтың жыр әлемімен танысу; өлеңнің мазмұны мен идеясын ашу; мәнерлеп оқуға бағыттау. Өлеңнің көркемдік қуатын оқушылар санасына жеткізу.
Дамытушылық
Оқушылардың қабылдауын, танымын, белсенділігін арттыру; өздігінен оқуға дағдыландыру; сөйлеу тілін дамыту.
Тәрбиелік
Табиғат суреті арқылы эстетикалық тәрбие беру; туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті нығайту.
Сабақтың сипаттамасы
Типі
Жаңа сабақ
Түрі
Дәстүрлі сабақ
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, талдау, әңгімелеу, сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлауды дамыту стратегиялары.
Көрнекіліктер
Тірек-кесте, ақынның суреті, иллюстрациялық материалдар, интерактивті тақта.
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, сурет.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа қатысын тексеру.
- Зейіндерін сабаққа аудару.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Үйге берілген тапсырма: Мағжан Жұмабаевтың «Сағындым» өлеңін жатқа айту.
- 1 Ақын нені, кімдерді сағынған?
- 2 Ақын абақтыға кімдер үшін түскен?
3) Қызығушылықты ояту
Ой қозғау: «Кім тапқыр?»
Күншығыстан таң келеді, мен келем,
Көк күңіренеді, мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Сұрақ: Бұл өлең жолдарының авторы кім?
Қайталау сұрақтары
- 1 Мағжан Жұмабаев кім?
- 2 Ақын қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
- 3 Мағжан неше жасында сауатын ашқан?
- 4 Қандай тілдерді жақсы меңгерген?
- 5 Қандай өлеңдерін білесіңдер?
4) Жаңа сабақ
Тақырып пен мақсат
Бүгін Мағжан Жұмабаевтың «Қысқы жолда» өлеңін оқимыз. Сабақта өлең мазмұнын, идеясын ашып, көркемдік қуатын талдаймыз және мәнерлеп оқу дағдымызды жетілдіреміз.
Топтастыру (ақын тұлғасы)
Миға шабуыл
«Қыс» деген сөзді естігенде көз алдарыңа не елестейді? Ойларыңды парақшаға бір сөзбен жазыңдар.
Жұмыс форматы
- Жеке жұмыс
- Жауаптарды бөлісу және топта талқылау
Өлеңмен алғашқы жұмыс
- 1 Өлеңді мұғалім мәнерлеп оқиды.
- 2 Оқушылар кезекпен мәнерлеп оқиды.
Талқылау сұрақтары
- Өлең ұнады ма? Несімен ұнады?
- Қандай әсер алдыңдар?
- Өлеңде қай жыл мезгілі суреттелген? Қазір жылдың қай мезгілі?
Өлеңде қазақ ауылындағы қыс мезгілі суреттеледі: табиғаттағы өзгерістер, қысқы боранның үні, сар даладағы қатал қыс пен оның адамға да, жолға да төндіретін қаупі бейнеленген. Оқығанда боранның дауысын естігендей болып, тоңып қалған жалғыз жолаушыны жылы үйге кіргізгіміз келеді.
Талдау және бекіту
Сөздік жұмысы
- Сорап
- Ескі жолдың сүрлеуі, сілемі.
- Құлағын қайшыландырып
- Ерсілі-қарсылы қозғалу.
- Борт-борт желеді
- Аттың жайсыз желуі.
- Құр
- Бекер, бос, жай, әншейін.
- Аңдай
- Аң сияқты, аңға ұқсап.
- Қаракөк
- Аттың түсі (ат атауы).
Эвристикалық тапсырмалар
- 1 Қыста табиғат қалай өзгереді?
- 2 Адамдар мен жан-жануарлардың тіршілігі қалай болады?
- 3 Қыста адамдар қалай киінеді?
- 4 Өлеңдегі қыстың кейпінен нені аңғарамыз?
Мәтінмен жұмыс
1-тапсырма: тақырып пен идея
Тақырып
Ақынның айтар ойының қазығы.
Идея
Ақынның айтар ойы мен мақсаты.
Өлеңнің тақырыбы: қыс мезгілінің ерекшелігі, долы боранның адамға және жан-жануарға әсері.
Өлеңнің идеясы: қыстың қатал сипатын күшейте суреттеу арқылы адамды табиғаттың долы күшіне қарсы тұра білуге үндеу.
2-тапсырма: құрылымы
Өлең 5 шумақтан, 21 тармақтан тұрады.
Сұрақ: Қыстың ерекше сипаты қай шумақтардан айқын байқалады?
3-тапсырма: әдебиет теориясы
Кейіптеу
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,
Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ жүреді.
Теңеу
«Аңдай ұлып»
Эпитеттер
қараңғы түн, сар дала, ызғарлы жел, суық кебін
4-тапсырма: салыстыру стратегиясы
А. Құнанбаевтың «Қыс» өлеңімен салыстырыңдар.
| Ақын шығармасы | Ұқсастығы | Ерекшелігі | Менің ойым |
|---|---|---|---|
| А. Құнанбаев — «Қыс» | |||
| М. Жұмабаев — «Қысқы жолда» |
Сергіту сәті: жұмбақтар
-
Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ, тістеп алады.Жауабы: Аяз
-
Қанаты жоқ, ұшады,
Аяғы жоқ, жетеді,
Аузы жоқ, ұлиды.Жауабы: Боран
5-тапсырма: «Тез тап!» тренингі
«Қыс» сөзіндегі әр әріптен қысқа байланысты сын есімдер құрастырыңдар.
Қ
қарлы, қатты, қаһарлы
Ы
ызғарлы, ызғырық
С
суық, салқын
Бекіту
Оқушылардың жауаптары тыңдалып, қыс бейнесін ашатын сөздер мен тіркестер тақтаға жинақталады.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
- 1 «Қысқы жолда» өлеңін жаттау.
- 2 Қыс туралы шағын әңгіме жазу және сурет салу.
Бағалау
Мәнерлеп оқу, талдау тапсырмаларына қатысу, сұрақтарға жауап беру және шығармашылық жұмыс нәтижесі бойынша бағаланады.
Назар аударатын өлшемдер
- Дәлелді жауап және мәтінмен жұмыс
- Топтық талқылауға қатысу
- Көркем оқу мәдениеті